АРЫСТА АСЫЛ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Арыста 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік шара өтті. Мейірімділік пен сұлулық, даналық пен рухани қуаттылық салтанат құрған күні арыстық алтын құрсақ аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.
Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс ауданы прокуроры Алмас Арыстанбеков, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, ардақты аналар мен аяулы әпке-қарындастар қатысты.
Концерттік бағдарлама алдымен жезтаңдай әншілер ана туралы әндерді нақышына келтіре шырқап, алтын құрсақты аналардың ыстық ықыласына бөленді.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жер-дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтап, нәзік жандылардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
Салтанатты шараға келген барлық батыр аналарға ықылас гүлдер мен шағын мерекелік сыйлықтар үлестірілді.
Ал қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әуезді әндерімен, мың бұралған бишілері сахналық көріністермен аналарға тамаша көңіл күй сыйлады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі