Ақылды әке

Бір әкенің қос ұлы бопты. Екі ұлдың мінез-құлқы бір-біріне кереғар екен. Буыны бекіп, екеуі де есейген кезде қандай мамандық таңдасақ екен деп әкесімен ақылдасуға кепті.
— Әке, мен бай болғым келеді. Бірақ мұғалім маған «тым сараңсың» дей береді. Сірә, менен бай адам шықпас.
— Керісінше, сен өте үнемшілсің, бай боласың.
— Мен де бай болғым келеді, — дейді кішісі, — бірақ мен ақшаны көп шашамын, үнемдегенді білмеймін. Мен енді ешқашан бай бола алмаймын ба?
— Жоқ. Ақшаға тәуелді емессің, қолың ашық, яғни, сен бизнеске ақшаны көп салатын адам боласың. Сен де бай боласың, ұлым.
— Мен тым озбырмын ғой, — дейді үлкені.
— Жоқ, сен өте өжет жігітсің. Сондықтан бай боласың.
— Мен шешім қабылдағанды ұнатпаймын, — дейді кіші баласы.
— Сен жеті рет өлшеп, бір рет кесетін адамсың. Сондықтан сен де бай боласың.
— Мен бір түрлі күйгелекпін.
— Керісінше. Сен өте қайратты жансың. Қайратың тасып тұрған шағың. Қайратыңды пайдалы арнаға бұрсаң, бай боласың.
— Ал, мен жалқаумын.
— Жоқ. Тек сен еркін демалғанды жақсы көресің. Күш-қуатыңды есептеп, бір бағытқа бұра аласың. Сондықтан бай боласың.
— Мені жұрттың бәрі есінен адасқан дейді екен.
— Жоқ. Сен әсершілсің. Сезіміңді жасыра алмайсың. Жұртқа соның ұнайды. Бұл жақсы қылық.
— Ал, мен тым тұйықпын.
— Тамаша ғой! Ойыңда не бар екенін бәсекелесің ешқашан ұға алмайтын болады. Бизнес үшін өте маңызды қасиет.
— Мен ашуланшақпын, — деді үлкені.
— Ашуланшақ емессің. Сен талапшылсың.
— Мен тым мейірімдімін.
— Онда айналаңдағы адамдар саған шын ниетімен көмектесуге құлықты боп тұрады.
— Мен өте қырсықпын.
— Керемет! Сен мақсатыңа жетпей тынбайсың.
— Мен зейінсізбін…
— Жоға… Сен шығармашыл жансың.
Осылай деп ақылды әке қос ұлына қанат бітіріп, бай болуына көмектесіпті.
Өте пайдалы ақыл екен, солай ма?

Андрей Нефедов
Аударған Шынар Әбілдә