АҚТӨБЕДЕ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Ақтөбеде зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру орталығы ашылды.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, мұндай жоба елімізде тек Алматы қаласында ғана бар екен. Орталықтың ашылу салтанатына келген облыс әкімінің орынбасары зейнеткерлерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тіледі.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, бұл — қаламызда ашылып отырған осындай екінші орталық. Орталықта барлық қызмет түрлері тегін, оның жұмысын мемлекет қаржыландырады. Бұл бағытта қазынадан екі орталыққа бір жылға 53 миллион теңге бөлінген.

— Ата-әжелеріміз ауылдағыдай емес, қалада әдетте үйде қамалып отырады, сондықтан, мұндай орталықтың сұранысқа ие болатыны белгілі. Бұл — ата-әжелеріміздің бос уақытын тиімді өткізуге, әсіресе, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін орталық. Мұнда ата-әжелеріміз компьютер үйреніп, ағылшын тілін меңгере алады, тегін құқықтық-психологиялық кеңес беріліп, салауатты өмір салтын ұстану шаралары өткізіледі, сауықтыру жөнінде шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады, — дейді белсенді өмір сүру орталығы жобасының ұйымдастырушысы — «Қайырымды жүрек» орталығының директоры Райхан Ермұханова.

 

Қ.Құдайберген,

Ақтөбе облысы