Ана – өмірдің тірегі, қоғамның жүрегі
Жуырда Талғар қаласындағы №49 жалпы білім беретін орта мектепте «Ана – өмірдің тірегі, қоғамның жүрегі» атты аналар форумы өтті. Аналардың қоғамдағы және отбасы тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны байқалып тұрды.
Форумға 1–11 сынып жетекшілері, аналар, ұстаздар және мектеп әкімшілігі қатысты. Іс-шараға арналған акт залы тақырыптық баннерлермен, гүлдермен, шарлармен безендіріліп, экраннан ана туралы нақыл сөздер көрсетілді. Оқушылар аналарды гүлмен қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді. Форумның негізгі мақсаты – ананың отбасы мен қоғамдағы маңызын дәріптеу, ана еңбегінің қадір-қасиетін арттыру, бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің бірлескен жауапкершілігін күшейту, оқушылардың анаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау болды. Сонымен қатар аналар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау көзделді. Іс-шара барысында жүргізушілер анаға деген құрмет пен алғысқа толы жүрекжарды сөздер айтып, форумның маңыздылығына тоқталды. Оқушылардың орындауында анаға арналған әндер шырқалып, өнер көрсетілді. Форум аясында аналардың қоғамдағы әртүрлі салалардағы жетістіктерін көрсету мақсатында арнайы тақырыптық стендтер ұйымдастырылды. Онда көпбалалы аналар, ұстаз аналар, дәрігер аналар, өнерлі және спортшы аналар, қоғам белсенділері, ғалым аналар, әскери қызметкер аналар, IT саласындағы аналар және ұлағатты әжелер туралы мәліметтер ұсынылды. Форум үш бөлімнен тұрды: пікір алмасу, шығармашылық және қорытынды бөлім. Пікір алмасу бөлімінде арнайы шақырылған спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Аналар форумының ерекшелігі форум спикерлері – мектептің белсенді, үлгілі, тәжірибелі ата-аналары болды. Алғашқы спикер – денсаулық сақтау саласында 35 жыл еңбек еткен тәжірибелі мейірбике Маукешова Злиха Берденовна. Ол «Отбасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбында сөз сөйлеп, бала тәрбиесінде салт-дәстүрдің маңыздылығына тоқталды. Екінші спикер – халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының әйелдер боксы бойынша спорт шебері, қазіргі таңда жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқаратын Қадырбаева Меруерт Тоқташқызы. Ол «Жан-жақты ана – өмірдің тірегі» тақырыбында ой бөлісіп, спорт пен отбасы тәрбиесін қатар алып жүру тәжірибесі туралы айтты. Үшінші спикер – кәсіпкер әрі ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана Қалидоллина Ақерке Ғалымжанқызы. Ол «Өзіңді жоғалтпай ана болу» тақырыбында өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ананың сабырлылығы мен табандылығы туралы әсерлі ойларын жеткізді.
Форумның шығармашылық бөлімінде оқушылар аналарға арнап ән айтып, би билеп, тәрбиелік мәні бар көріністер қойды. Атап айтқанда, 1 сынып оқушылары «Тоқтаңыз, сұлу қыз» атты көрініс көрсетсе, 3 және 10 сынып оқушылары «Жетімдер үні» атты әсерлі қойылым ұсынды. Сонымен қатар оқушылар «Танго» биін, «Үнді биін» билеп, анаға арналған әндерді орындады. Мектеп ұстаздары мен оқушылар бірлесіп аналарға арналған ән тарту етті. 2 сынып оқушысы Танирберген Жібек барша аналарға арнап «Мама» әнін орындады. Анаға деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы бұл ән әрбір жүрекке жылулық сыйлады. 5 сынып оқушылары «Дарите женщинам цветы» әнін орындаса, 3 сыныптың қыздары өздерінің әсем билерімен кештің ажарын аша түсті.
Іс-шара соңында мектеп директоры Абженбаева Айгүл Әбіловна құттықтау сөз сөйлеп, форумға белсенді қатысқан аналарға алғыс білдіріп, марапаттау рәсімін өткізді. Форумның қорытындысында 6 сынып оқушысы Нариманов Дархан және хор ансамблі «Ана» әнін орындап, барлық қатысушылар сахнаға шығып мерекелік көңіл-күймен іс-шараны аяқтады. Осы орайда тағылымды шараны ұйымдастырған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Узбекова Гулнур Бақытқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
«Ана – өмірдің тірегі, қоғамның жүрегі» атты аналар форумы аналардың қоғамдағы орны мен бала тәрбиесіндегі рөлін насихаттап, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға үлкен ықпал етті. Мағыналы кездесу қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, аналарға деген құрметтің арта түсуіне себеп болды.
Г.Тұрлыбекова

