Алыстан келіп ағайын болғандар
1937 жыл. Бұл жыл каралы қасіретті жыл болып тарихта таңбаланған. Ұстау, соттау, ату, жер аудару сияқты қайғысы мен мұңы мол, қаралы хабарлар ел үрейін кетірген. Жаланың жалынына өртеніп, бейкүнә аталарым аяқ-қолы кісенделіп, түрмелерге айдалған. Демек, «Ұлы көсем Сталин» жалпы халыққа сенімсіздікпен карап, аяусыз жазалаған. Туған Қазақстанның байтақ даласын лагерьлер мен түрмелер тұрағына айналдырып Кенес Одағының түкпір-түкпірінен қылмысты адамдарды лек-легімен әкеліп отырған. Олардың көбісі елін, жерін сүйген, халқының қамын ойлаған ел азаматтары және отбасылары болатын. Кавказдан, Қиыр Шығыстан, Поволжье бойларынан еріксіз жер аударылған шешен, ингуштар, месхет түріктері, кәрістер, немістер, Қазақстанға келіп орын тепті. Қуғын-сүргінмен облысымызға, соның ішінде Әйтеке би ауданының Ор бойындағы Бөгетсай ауылына келіп орналасқан кәріс ағайындардың тұрмыс жайларынан аз-кем сыр білдіргенді жөн көрдік.
Сезікті секіреді дегендей Сталин айналасынан бастап жалпақ жұртты шетел барлауының агенті деп айыптап Приморье өлкесіндегі кәрістерді де сенімсіз халықтар қатарына жатқызған. Олардың түрлері де, түстері де жапон азаматтарына ұқсағандықтан және шекаралас болғандықтан Сталинді қатты шошытқан болса керек. Ақыры Қазақстанға жер аударумен тынады. Көшіп келушілердің айтуы бойынша 1937 жылы жаз айында Приморье өлкесінің Шкатовский ауданынан 270 шаңырақ, яғни 1500 жан осы Ор бойындағы Бөгетсай ауылына келіп қоныс тебеді. Қашанда есіктен кірген қонағына төрін ұсынатын қазақ кәрістерді кұрмет пен құшақ жая карсы алады. Алыстан келген жат жұрт болсада да, тез тіл табысып сыйластық пен татулықта ыстық көңілдерін ашық ұстайды. Алды қыс көшіп келгендер үй-жайынан қысымдық көреді. Жергілікті адамдар, өздерінің балшықтан соққан жатаған үйлерінің бір бөлмесін босатып бергенмен, көбісі баспана болмай мал қораларын паналаған. Сол жылғы салынған ауыл мектебіне балаларын оқуға береді. Жаңа қоныстанушылар да өз жерлерінен мектебін ұстаздарымен көшіріп келген екен. Сондықтан балаларды окыту көп қиындыққа түспеген. Құрылысы жаңа аяқталған, кең де жарық бөлмелер кәріс ағайынның балаларына есiгін айқара ашады. Жергілікті жердің әкімшілік басшылары да келгендерге мүмкіншілігінше жәрдемдерін аямайды. Наманов Ермен, Нью Григорьевич деген азаматтар 1940 жылға дейін мектеп директоры болып істейді. Екібаз, Шіліктісай, Тұщыайрық, Қарлау сияқты колхоздарга бөліп-бөліп орналастырады. Жанағы Екібаз, Шіліксай, Талдыбұлақ, Қарлау, Тұщыайрық сияқты ежелгі елді мекенді атаулар енді «ІІІ-Интернационал», «Красный Октябрь», «Сталин» болып өзгертіліп шыға келеді. Бұл атауларды жаңалық деп қабылдап, егеменді ел болғанымызша атап келдік. Сол жылы «халық жауы» деген науқан басталып, күдікті деген азаматтар күн кұрғатпай ұсталып жатты. Құрбандықтың құдығы орналасып үлгермеген кәрістердің де зиялы азаматтарын құтқармады. Сол кездегі Қарабутақ ауданы Октябрьдің 20 жылдығы атындағы колхозының басқармасы Ли-Мин-Дин, Бөгетсай МТС-нің директорының орынбасары Пак Михаил Сергеевич, «Красный Октябрь» колхозының басқармасы Тен-Гим-Нен деген азаматтарды ұстап, Актөбе түрмесіне алып кетеді. Сол кеткеннен олар аңырап балашағасы қалды. Жергілікті қазақ жұрты бар мейірімдері мен бұйырған дәм-тұздарын аямай бауырына тартты. Оларды шеттетпеді. Келген жылы қыс ауыр болған, тамақ тапшы, баспана суық, «халық жауы» деп топ-тобымен ұсталған кәрістер, мұн мен қайғы бұлты бастарынан сейілмей үйіріліп тұрды. Бұл науқан ауыл қазақтарының да катарын сиретті. Оның үстіне кәрістерге сеніп құпиясыр айтуға болмайды деп партия қызметкерлері үгіт жүргізіп, аңдушыларын аңдытты. Сол сенбестіктің әсері 1970 жылдың басына дейін келді. Тек қана 1970 жылдан бастап кәріс жігіттерін әскер қатарына алды. Арғы жағында азаматтық құқы болмады. 1937 жылдың қысынан ауырлық тұрмысты басынан өткерген кәріс ағайындар жаз шыға күнкөріс пен тіршілік қамы үшін алаңсыз күрделі жұмыстарға қызу кірісіп кетті. Арналы суы мол Ор бойынан бау-бакша салды, балшық айдап, кірпіш басып баспана тұрғызды. Көлік соқаларымен жер жыртып, жердің құнарлық сапасына көп көңіл аударып, мол егіннің шығымы жолын да аянбай еңбек етті. Агрономдар Шин Сергей Иванович, Ши Ден бұл өңірдегі егістік жердің сапасы үшін жаңалық әдістерін енгізді. Ауылдың ауыр еңбектерін жеңілдететін, көптеген жаңалықтар ашты. Красный Октябрь, ІІІ-Интернационал, Сталин атындағы колхоздарда жел диірмендер орнатып, тары түйетін жер келілер жасады. Үйлерінің іштеріне сәкі пештер салды. Тал, қараған, шағыр, көкпек шауып, қысқы отындарын қамдастырды. Жаңалыққа жаны кұмар, іскер басшылар қалыптасты. Ш-Интернационал колхозының баскармасы Когай Дю-Бин, Красный Октябрь колхозының басқармасы Ким Николай елқамы үшін, аянбай еңбек етті. Олар колхоз шаруашылығын сол тұстың, қатты кысыл таяң талаптарына сәйкес барынша мінсіз атқарғандар. Ұзақ жылдар бойы Ким Эн-Хо деген ағамыз сауда ісін басқарып, ел алғысына бөленіп, бірнеше рет Үкімет наградасына иегер болды. Көптеген кәріс азаматтары партия, кеңес қызметінде абыройлы жұмыс аткарды. Тян-Юр-Майсеевич, Шин-Сергей Иванович, Ан-Татьяна Васильевна, Югай-Дик-Мэн, Югай-Николай, Ким-Валентин ауыл адамдарының ардақты азаматтары болды. Білім беру ағарту саласында Ню-Григорьевич, Кли-Мен-Ти жастар тәрбиесін де қалтқысыз еңбек етті. Техниканы менгеруде де кәріс ағайындар іскерлігімен, тапқырлығымен, ұқыптылығымен көптің көңілінен шықты. Пак-Усек, Пак Володя, Огай Венка, Шин Василий, Петро Хен-Деньвич, трактор бригадаларын басқарды. Бөгетсай МТС-інде отыз жылдан астам уакыт Югай Дик-Ман бас инженер болып қызмет атқарды. Қазақ республикасының таңдаулы экономист атағын алған Ким-Илияны мактанышпен атауға болады. Көп жыл қатарынан жасырылып келген халықтардың салт-дәстүрлері, тілі, діні 1985 жылдан бастап еркіндік жолына түсе бастады. Осы бір ел игілігіне айналған, көпшілік қуанышпен қарсы алған салт-дәстүрлерін, дінін, тілін кәрістер де жалғастырып игере бастады. Көп жылдар бойы кәрістер балаларын орыс тілінде оқытып, орыс тілінде сөйледі. Өз әкелерінің аттарына дейін орысша атағанды еріксіз жөн көрді. Ат есімдеріне Сергей, Иван. Петр араласпаса өмір көшінен кейіндеп қалып коятындай сезінді. Әрине, бұл күйге түсу олар үшін мақтаныш немесе үлгі қуушылық емес, сол кездегі қоғамның қытымыр қысымшылығы. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласында шығып тұрған корей тіліндегі «Ленин кичии» газетінің тұрақты оқушысы болды. Жылына ондаған данасын Бөгетсай кәрістері жаздырып алып, окып тұрды. Ал руға айыру кәріс ағайындарда да бар. Бөгетсайда тұратын кәрістер «Тендю, Кендю, Тима» деген рулардан құралған. Бұларда кыз алысу 11 (он бір) атадан кейін басталады. Ким аттастар бір ру. Цой аттастар бір ру. Ню аттастар бір ру деген сөз бекершілік.
Келін түсіретін үй үлкен дайындыққа кіріседі. Той жабдығы келін түсіретін үйдің өзінен, келін және оның қасына ерген құда-құдағайлар үйден алыстау жерге келіп, көліктерін тоқтатып, жігіт жағының қарсы алу рәсімін күтеді. Келін, құда- кұдағайлар түскен жерден үйге дейін аяқ астына кілем төсеуі керек. Бұл келін үшін үлкен сын. Екі жағы да сыйлықтар алысып, беріседі.
Кәріс ағайындар міндетті түрде жыл сайын 5-6-7 сәуірде бейіт басына барады. Онда өлген туыстарына тәжім жасап, құлпытастарының бұзылмауларына, бояуларының өшірілмеуіне көңіл аударады. Апарған-тағамдарын барғандарға үлестіреді. Үш жыл қатарынан еске алу қонағасын жасайды. Ал ұлттық тағамдарының көбісі ашылау болғанын денсаулықтарына пайдалы санайды. Барлық тағамдарын бұрыш, сарымсақ, жуа, сірке суынсыз жемейді. Ашы болғанды дәмді тағам деп есептейді. «Қызды қоныс алады» деген нақыл бар. Кәрістермен қыз алысып, кыз беріскеніміз татулық пен бірліктің тінін ширатып жекжатшылыққа жетелей кеткені ме қалай? Төртқара ішінде кәрісіміз деп әзілдейді олар. Болса болсын. Аталарымыз өзім дегенді өзекке теппеген. Уақыт өте қазақ ішіндегі кәрісімізбіз деуге олардың қақысы бар болар. Қазақ халқы бауырымыз. Қазакстан Отанымыз. Бөгетсай туған ауылымыз, деген ақсақал Петро-Хен-День. Бұл сөз қазақ елінің егемендігінің еңсесін биіктетіп, іргесін бекітетін, көп ұлттың жүрегінен жарып шығар шырайлы сөз айшығы.
Ел Егемендікке қол жеткізген соң қоғамда көптеген өзгерістер болды. Бұл жағдай Кеңес заманында депортацияға ұшыраған өзге ұлт өкілдерінеде оңтайлы әсер етті. Соның ішінде еркін жүріп тұруға, өз еркімен тарихи Отанына немесе басқа елге қоныстануға, жоғары білім алуға, кәсіпкерлікпен айналысуға, өз тілін үйренуге, әскерге баруға, дінге еркін сыйынуға, сайлауға қатысуға т.б құқықтарға ие болды.
Мәселен, кәріс ағайындардың жаңа буыны тәуелсіз елімізде ұрпақтары өсіп, қоғамда біздің арамызда еңбек етіп өмір сүріп келеді. Солардың ішіндегі ерекше жан, Югай Геннадий Николаевич Қазақстан Республикасының азаматы, өзін қарапайым санайды. Геннадий 1980 жылы Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Бөгетсай совхозы №4 фермасында Югай Николай мен Надежданың отбасында дүниеге келген. Қазірде Геннадий анасының қамқоршысы, әкесі Николай дүниеден озған. Ата-анасы совхозда көп жылдар бойы еңбек еткен қарапайым жандар. Геннадий Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетінің экономика факультетінің халықаралық экономикалық қатынастар мамандығын тәмамдаған, әскерге барып ел алдында борышын орындаған тұлға. Үйленген, Ким Светлана Дмитриевнамен төрт баланы тәрбиелеп, мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Бірнеше тілдерді меңгерген. Ислам дінін қабылдап, Меккеге қажылыққа анасымен бірнеше рет сапарға Меккеде барған. Қазақтың ортасында тұрғанға мақтанады, Қазақстанды өз Отаным деп санайды, осында рухани байлыққа бөлендік деп санайды, аты-жөніміз Майесей деп жазылғанмен есімдерін Мұса ғой деп пайғамбармен байланыстырады. Геннадий қазақ тілінде еркін сөйлеп, қоғамның дамуы туралы тұрақты пікірі қалыптасқан тұлға. Әр түрлі тақырыпқа өз ойын еркін білдіре алады. Патриоттық сезімі, Қазақстанға деген сүйіспеншілігі жоғары, елдің қамын ойлаған, Отаны үшін еңбек етіп жүрген қарапайым азамат. Осындай азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарға мың алғыс айта отырып, Егемен еліміздің гүлденіп, оның зор болашағымен ынтымағымыздың жарасуына сенемін!
Қызмет Нұралин Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
(«Жаңа өмір» газетінен 28.05.1997ж мақаласын өңдеп толықтырған Сырым Байдрахманов)
