Алтын дегеніміз мыс екен

Патша металы – алтынның төңірегіндегі тетігі табылмай отырған түйінді түйткілдерді осыдан біраз уақыт бұрын санамалап тізіп шыққанбыз, яғни қыруар байлығымыздың қоқыста жатқанынан бастап, негізгі қорымыздың шетелде өңделетініне дейін турасына. Алтынға қатысты мәселелер тек бұлар ғана емес, Қазақстанда зергерлік бизнес те ақсап тұр. Соның салдарынан ел экономикасы қомақты қаржыдан айырылып отыр. 

48 миллиард долларға тең алтын қорымыз бар. Бірақ…

Еліміздегі зергерлік бизнестің 95 пайызы «көлеңкелі». Бұл — еліміз жыл сайын 200 миллион (!) доллардан қағылып отыр деген сөз. Мұндай есеп-қисапты «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ел қалаулылары жария еткен болатын. Айта кетейік, сөз болып отырған «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң жыл басында қабылданды.
Парадокс. Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті таратқан статистикалық деректерді алға тартсақ, еліміздегі ең үлкен алтын қоры, нақтырақ айтсақ, 537,5 мың келі алтын Шығыс Қазақстан облысы аумағында. Есептесек, 22 миллиард долларға бағаланады екен. Екінші орында — Ақмола облысы. Мұндағы алтын қоры — 259,9 мың келі, 11 миллиард долларға тең. Ал Қарағанды облысында 5 миллиард доллар болатын 114,8 мың келі байлық жатыр. Жалпы, Қазақстан бойынша жалпы құны 48 миллиард доллардың, яғни салмағы 1 159 687,4 келіге жетіп артылатын қоры бар екен.

Зергерлік бизнес тұралап тұр

Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау: «Қазақстандық зергерлер негізінен «қара» нарықтан, ломбардтардан сатып алынған шикізаттарды пайдаланады», — дейді ренжіп. Оның айтуынша, «отандық зергерлер үшін шикізаттарды Ұлттық банктен «Лондон» биржасындағы бағалармен сатып алуға мүмкіндік жасалынбақ. Былайша айтқанда, жаңа заң зергерлік бұйымдар өндірісін ынталандыра түседі». Ал қолданысқа енген заң бірқатар кедергілерді жойғанымен, негізгі тосқауылдар қалып қойған. Олай болса құзырлы сала басшылығының зергерлерге кінә таға анандай уәж айтқаны орынсыз ба дейміз.
Тимур Назханов, Кәсiпкерлердiң тәуелсiз қауымдастығының вице-президентi:
– Зергерлiк бизнеске Үкiмет тарапынан дұрыс қолдау көрсетiліп отырған жоқ. Бұл салаға мемлекеттің айрықша көңiл бөлгендері абзал. Зергерлік бизнестің кенжелеп тұрғаны да шындық. Үкімет осы мәселеге лайықты көңіл бөлсе екен дейміз. Қазір котрабандалық жолмен келіп жатқан бұйымдар нарықты жаулап алды. Ал мұндай жағдай ел экономикасына кері әсер етуде.
Kazakhstan Jewellery Factory зергерлік шеберхананың директоры Баймұханбет Тойманбетов:
-Жыл басында қабылданған «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» жаңа заң біраз жеңілдіктер жасады, оны мойындау керек. Алайда отандық бизнестің етегінен тартып тұрған бірқатар проблемалар әлі баяғы қалпы. Ең басты қолбайлау – «Ұлттық банктің» сатып отырған алтынының салмағы. Өзімізге тиесілі көлемнен едәуір артық. Оның өзінде монета түрінде ғана сатады. Бұл да тиімсіз. Өйткені біріншіден — инвестмонета қымбат, екіншіден — оны балқыту қажет болады. Тағы бір айта кетерлігі, сатылып жатқан алтын бұйымдардың барлығы бірдей таза алтын емес. Алайда бағасы арзанырақ. Тұтынушылар жасанды бұйымды алып тұрғандарын біле бермейді. Тек кейін, мәселен ломбард арқылы ғана көздері жетеді алданып қалғандарына.
Мамандардың айтқандарына қосарымыз, ақша берсең, қара бақырға 585 сынаманың белгісін соғып беретіндер де бар. Қарасаң, көздің жауын алып, үлбіреп тұрғанымен, олар — алтын жалатылған мыс. Әнебір күні естідік, келін алған отбасы құдағиына алтынды базардан сатып алған екен, сөйтсе, ол алтын болмай шығып, ақыр соңында екі құдағи бірін-бірі жұлып тастапты. Елдегі әрбір әйелді таза алтын сырға-сақинамен ажарландырып қоюға мол мүмкіндігіміз бар-ау, әттең!..
Сарапшылардың есебіне сенсек, «барахолкада» айына 700 келі алтын бұйым сатылатынға ұқсайды. Олардың басым бөлігі елге қарақшылық жолмен келгендер және оның таза алтын екендігі екіталай. Ал «Қазақстанда жасалғандары» 5-ақ пайыз. Соған қарамастан, үкімет мұндай заңсыз айналымға тыйым салуға еш асығар емес.
Елімізде нақты қанша зергерлік шеберхана бар екені тіпті құзырлы салаларға да беймәлім. Ал бейресми дерек рас болса, ірілі-ұсақты 6000-нан астам шеберхана бар көрінеді. Олар негізінен жөндеу жұмыстарымен айналысады. Ірі көлемде бұйым шығаратын мекемелер мүлде жоқ. Балқаштағы зергерлік кәсіпорынның ғұмыры 7-8 жылға ғана созылды. Қазір көш бастап тұрғандар — «Қазақзергер» АҚ мен «Алматы зергер зауыты». «Отандық зергерлер 2002 жылы 1,3 млн. жуық теңге пайда тапса, бүгінгі күні ол бар-жоғы 220-250 млн. теңгені құрайды» дейді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі. Зергерлік бизнестің күннен-күнге қалай кері кетіп бара жатқанын осы цифрлардан-ақ аңғаруға болады.
Өзінде табиғи байлығы жоқ Үндістан мен Түркия жылына әлемдік нарыққа 100-120 тонна өнім шығарады екен, ал біздің Сынама палатамыз осындай мерзімде бар-жоғы 150 мыңға жуық алтын бұйымға сараптама жасаса керек.
Егер:
біріншіден, Ұлттық банк зергерлерге алтынды тиімді жолмен сатса;
екіншіден, сырттан келіп жатқан бұйымдарды сүзгіден өткізіп, жасанды болса, кері қайтарса;
үшіншіден, алтын бұйымдар шығарумен айналысатын зауыттар санын көбейтсе;
төртіншіден, зергер мамандар дайындауды мықтап қолға алса, бүгінде аяғына тас батқан тағасыз аттай кібіртіктеп тұрған бұл сала ел экономикасына қомақты үлес қосар-ақ еді.
Қысқасы, сөз болып отырған бизнес түрінің жарық түсуі тиіс көлеңкелі тұстары жетіп артылады.

Қазаққа зергерлік өнер жат емес

Біле білсек, «алтының болса, азбайсың, сандалып бекер саспайсың» дейтін қазақ ежелден-ақ зергерлік бұйым жасаудан шебер халық. Біздің зергерлік өнеріміз ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп-төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, елімізде мыс, қалайы, алтын, тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алынғандығын тарихшыларымыз дәлелдеп берген. Тереңге үңілсек, қазақ зергерлері көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан ұрпаққа табыстап отырған. Олай болса зергерлік бизнесті дамыту бізге қиындық туғызбайды, тек мемлекет тарапынан қолдау керек.
Тағы бір ақиқаты, есімі төрткүл дүниеге тараған зергер шеберлер хан сарайын оюмен өрнектеп, көз тартарлықтай әрлендір-генде алдарына жан салмаған. Оған бір ғана дәлел — «Алтын адам». «Алтын адам» киімі төрт мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Олар барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат және түрлі құс бейнелерімен, яғни «хайуанат нақышымен» жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Бұлардың барлығын неге айтып отырмыз? Бағалы тастарды өңдеп, қажетіне жаратқан бай дәстүріміздің ертеде болғаны анық, бірақ бүгінде үзіліп қалды. Өкінішті. Хас шеберлер мектебі де келмеске кетті.

Алтынға қатысты тағы екі мәселе

№1
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Қазақстанның алтын қорының картасын жасап шыққанын жария еткен болатын. Еліміздің қай өңірінде қанша байлық жатқанын жалпақ жұртқа осылай жария ету салу қаншалықты қисынды? Жалпы, оның керегі не? Негізі қазба байлықтардың геологиялық картасы мен оның қай аймақта қанша қоры бар екені туралы мәлімет мемлекеттің стратегиялық құпиясы болуы тиіс еді. Үкіметтің мұнысын қалай түсінуге болады? Бәлкім, бұл елге инвестиция тартудың оңай жолы шығар? Десек те, жерімізге көз тігіп отырғандардың біреулері оңтайлы сәтті күтіп, сырттан үнсіз бақылап, енді біреулері ашықтан-ашық «Қазақстанның пәлен жерін тартып алу керек» деп сандырақтап жүрген мына аласапыран заманда ойы арамдарды одан бетер қызықтырып қойған жоқпыз ба? Үйіңде қомақты ақша жатқанын кез келгенге айта берсең, ертең үйіңді тонап кететіні айдан анық. Сондықтан да Үкімет қазба байлықтарының нақты қорына келгенде сақ болғандары абзал еді.

№2
Біреу білер, біреу білмес, өткен жылы еліміздің бірқатар кен орындары аукционға шығарылған. Нақтырақ айтсақ, 49 нысан, яғни 18-і — пайдалы қазба игеруге, 31-і — барлауға аты-жөндері беймәлім жандарға ұзақ мерзімге «меншікке» өтті. Бұл туралы Әсет Исекешев мырза тізгінін ұстап отырған Инвестициялар және даму министрлігінің өзі хабарлады. Түскен пайда — 1,5 млрд. теңге. Көп деп айта алмаймыз. Енді 6 маусым күні аукционға тағы 101 нысан шығарылмақ. Қанша табыс түседі, уақыт көрсетеді.
Айта кетейік, халықтың, елдің ғана меншігі болуы тиіс ірі-ірі кен орындары қазір шетелдік алпауыттардың меншігі. Олар бізді жарылқап отырған жоқ, өздері миллиардтап пайда тауып отыр. Ал сол жерлерді сатқан өзіміздің олигархтар. Біздің бай-манаптарға ол жерлер әкесінен қалған жоқ. Байға майлы жілік тиіп, қараға қабырға қалдырған алғашқы жекешелендіру саясатының арқасында асты байлыққа толып жатқан жерлерді тиын-тебенге атына жаздырып алып, енді оны қыруар көк қағазға саудалап жүр. Бір ғана мысал, қазақстандық «Алтын Алмас Gold» компаниясы «Бақыршық» пен «Большевик» алтын кеніштерінің жүз пайыз акциясын ресейлік «Полиметалға» 618 млн. долларға сатқан. Ал олардың алтын қоры 500 тоннадан астам. Дәл солай кезінде қаншама кен орындарымыз шетелдік инвесторлардың иелігінде кетті. Қолдан-қолға өтсе де, дұрыс игерілмей жатқан жерлер жетерлік. Көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған кең байтақ даламыздың кез келген жерінен кен іздесең, кеніш табасың. Алайда геологтеріміз жіпсіз байланды да қалды. Өйткені жерлер сатылып кеткен. Ал меншік иелері жер астындағы қазба байлықтың ырыздығын өздері де көрмейді, ешкімге де бермейді. Отандық шикізат қоры шиырланып тұрған шақта бұл проблема да өз шешімін таба алмай дал. Алтын өндірісіне қатысты мамандардың пайымдауынша, алпауыт мемлекеттердің өз елінде кеніш бола тұра, өзге елге ауыз салуларының астарында еншісіндегі алтын қорын сақтап қалу ойлары жатыр. Олай болса Үкіметтің саясаты керісінше елдегі алтын кеніштеріне бақылауды күшейтіп, мемлекеттік реттеуді қолға алуға бағытталғаны жөн еді.
Қазір жерімізді сатып, жалға алуға рұқсат беретін Кодекске қатысты мәселе елде ушығып тұр. Сөйтсек, жерді ұзақ мерзімге жалға берудің көкесі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде болып жатыр екен. Жер болғанда қандай, қазба байлыққа тұнып тұрған жерлер! Отқа май құйғалы отырғаным жоқ. «Дағдарыс келді екен» деп сасқаннан жерді саудаға салғанымыз еш ақылға сыймайды деп санаймыз. Ал тығырықтан шығудың басқа жолын іздеген жөн сияқты.

Ләззат Билан