Алматыда жасанды интеллект көмегімен биіктігі 9 метрлік арт-нысан бой көтеруде
Сәтбаев университетінің профессоры, кәсіпкер Серғазы Нарынов бастаған ғалымдар мен студенттер тобы сәулет өнері, инженерлік технологиялар және жасанды интеллектіні біріктірген бірегей жобаны жүзеге асыруда.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған жоба заманауи құрылыс технологияларының мүмкіндігін көрсететін жаңа буын арт-нысаны.
Жобаның басты ерекшеліктері:
Арт-нысанның сәулеттік пішіні мен конструкциясы жасанды интеллект көмегімен әзірленді.
Конструкция Алматының жел және сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, бірнеше рет есептелді.
Нысанды салуда тот баспайтын болаттан жасалған қаңқа, жаңа құрамды бетон және инновациялық құрылыс технологиялары қолданылады.
VR және толықтырылған шындық технологиялары құрылыс барысын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы жобаны жүзеге асыруға Сәтбаев университетінің студенттері мен ғалымдары тікелей қатысуда. Жастар теориялық білімдерін нақты құрылыс алаңында қолданып, заманауи инженерлік технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруде.
«Студенттер теорияны жай ғана оқып қоймай, оны тәжірибеде қалай қолдану керектігін түсінуі біз үшін өте маңызды. Мұндай тәжірибені аудиторияда отырып жинақтау мүмкін емес», – дейді жоба жетекшісі Серғазы Нарынов.
Биіктігі 9 метрлік арт-нысанды бір жарым ай ішінде тұрғызу жоспарланып отыр.
Бұл ғылым мен өндірістің, білім мен инновацияның тоғысқан нақты үлгісі. Жоба жас ғалымдар мен болашақ инженерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады!

