Алматы облысының жол сапасы: Президент тапсырмасы және Үкімет бақылауы
Еліміздегі жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың түпкі мақсаты — экономиканың күретамыры саналатын жолдарды жолаушылар үшін де, жүк тасымалы үшін де қауіпсіз әрі жайлы ету.
Бұл ретте құрылыстың барлық сатысындағы талаптарды қатаң сақтау маңызды.
Жуырда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының жол сапасына қатысты айтқан сыны, сапаны бағалаудың жаңа жүйесін енгізу туралы тапсырмасы бұл саладағы жұмыс бағытын жетілдіруді күн тәртібіне шығаруда.
Үкімет басшысының тапсырмасымен
Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанымда Президентіміз жүктеген міндеттердің орындалуы басты назарымда болды.
Сапар кезінде Кеген және Райымбек аудандарының жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарымен және Қонаев қаласындағы әкімшілік нысандардың құрылысымен таныстым.
Кеген ауданындағы «Кеген» өткізу пунктін көріп шыққан соң, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Қазіргі уақытта Кеген мен Райымбек аудандарын жалғайтын автомобиль жолы жөнделуде. Бұл жерде мердігерлерге құрылыс талаптарын қатаң сақтау, жол жабынының сапасын бақылау және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Президентіміздің құрылыстың барлық кезеңінде бақылауды күшейту туралы тапсырмасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді. Енді жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығы қатаң қадағалауда болады.
Бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, жолдардың барлық сапа стандарттарына сәйкес келуін Үкімет қатаң бақылауда ұстайды. Құрылыс кестесін сақтау, инженерлік желілердің дайындығын қамтамасыз етіп, техникалық қадағалауды күшейту жұмыс тиімділігін арттырады. Сондықтан жауапты мекемелер ең алдымен, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылап, нысандардың құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарына сай болуына басымдық беруі керек.
Нұрлыбек Нәлібаев facebook парақшасынан https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=pfbid02oW9ANF73e2BC4L4PWgQVVtpa6Lwt8Qb6jCEGTWQGmsYPvMvjBf7bU7JCxFYaFwYxl&id=100080294677470







