АЛМА ӘЛЕМІ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқи отырып, мен үшін ыстық мекен, киелі топырақ – туған жерім Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы еріксіз ойға оралды. Көркі көз тойдыратын Іле Алатауының етегіндегі Есік қорғанынан «Алтын адамның» табылғаны кеудені мақтаныш сезіміне бөлейтіні ақиқат. Бұл темір дәуірінен бері сақталған сақ жауынгерінің көркем дүниелермен көмкерілгені Ұлы далада ғасырлар қойнауынан жоғалмай келген ұлтымызға тән зергерлік өнердің ежелден дамығанын анық байқатады.
Мақала ежелгі грек мифологиясындағы мына бір оқиғаны еске түсірді. Ерте заманда, қаһарман Парис алтын алманы беру арқылы үш құдай әйелдiң ең сұлуын таңдауы керек болады. Парис алманы Афродитаға ұсынады. Нәтижесінде үшеуінің арасында кикілжің басталып, соңы Троян соғысына ұласады. Сол заманнан бері Рим тарихшысы Юлиан жазбаларынан алма жемісі «азғыру амалдарымен» байланыстырылатын болған.
Сонымен қатар Библияда алманы тістегеннен кейін Адам ата мен Хауаның жұмақтан қуылды деп айтылатыны тағы бар. Мүмкін қазақ халқы алманы «алма» деп атауының себебі де осыдан шығар. Ал, Адам деген атау – дәстүрлі діндерде адамзат атаулының атасы болып есептеледі. Бұл қазақ тілінде де «адам» деген мағынаны білдіреді.
Сондай-ақ, Іле Алатауы қазіргі замандағы алма түрлерінің түп тамыры, жалпы алма атаулының арғы атасы – Сиверстің жабайы алмасының отаны саналатынын ескерсек, адам Африкада пайда болды деген тұжырымға да күмәнмен қарауға болатын секілді.
Дегенмен, менің бұлайша ой жүгіртуім, пікірімді ортаға салуым, мүмкін біржақты көрінер. Сондықтан да, бұл постты Елбасы мақаласын әлі оқымаған кісілер үшін жазып отырмын. Мүмкін олар ендігі жерде оқуға уақыт тауып, ойланар. Ал сіздер осы жайлы қандай қызықты ойлармен, пікірлермен және аңыздармен бөлісе аласыздар. Әрине ортақ тақырып – алманың әлемінде!