АЛЛА АТЫМЕН БАСТАДЫМ!.

1.Жүсіп Баласағұни
(шамамен 1020 жылдары өмірге келген, қайтыс болған жылы беймәлім)

 

     1. Алла атымен бастадым сөз әлібін,
    Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!
    2. Шексіз құрмет, шүкірлік мың да бір,
    Ол мәңгілік, Хаққа лайық кіл қадір.
    3. Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,
    Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді….

 

2.Ахмет Иүгінеки
(12-ғасыраяғында 13-ғасыр басында өмір сүрген)

  

 Иә, Алла, көп мінәжат етем Саған,
    Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам,
    Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,
    Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.
    …Бірлігіңді білуге ұмтылғандар,
    Жалғыз заттан мың түрлі дәлел табар…..

 

3.Бұқар жырау
/1668-1781/

 

    Бірінші тілек тілеңіз,
    Бір Аллаға жазбасқа,
    Екінші тілек тілеңіз,
    Әзәзіл, пасық, залымның,
    Тіліне еріп азбасқа.
    ….Бесінші тілек тілеңіз,
    Бес уақыт бес намаз,
    Біреуі қаза қалмасқа….

 

4.Шал ақын /Тілеуке Құлекеұлы/
/1748-1819/

 

    Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
    Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
    Алладан шыныменен жарлық келсе,
    Жұлдыз да жерге түсер аспандағы
    Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
    Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң….

 

5.Махамбет Өтемісұлы
/1803-1846/
    Ханның ісі қатайды,
    Азамат ерден мал тайды.
    Қанды көбе киініп,
    Бір Аллаға сиынып,
    Ұрандап жауға тигенде,
    Кім жеңері талай-ды,
    Жолдастарым, мұңайма!

 

6.Ыбырай /Ибраһим/ Алтынсары
/1841-1889/
    Бір Аллаға сиынып, Кел балалар, оқылық,
    Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық!
    Істің болар қайыры, Бастасаңыз Аллалап,
    Оқымаған жүреді Қараңғыны қармалап….
    …Оқу білген таниды
    Бір жаратқан Құдайды….

 

7.Мұрат Мөңкеұлы
/1843-1906/

 

  …Аллалап азан шақырса,
    Аузына харам салмаса,
    Шүбһәлі жерге бармаса,
    Ақ Кәләмді (Құран) оқыса,
    Аллаһтың берген санасын
    Кеудесіне тоқыса;…
 
8.Абай /Ибраһим/ Құнанбайұлы
/1845-1904/
 
  ….Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
    Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
    Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
    Не қызық бар өмірде онан басқа?!
    …Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
    Рас сөз еш уақытта жалған болмас….
 
9.Шәкәрім Құдайбердіұлы
/1858-1931/
 
 Өлімнің хақ екенін көрсең де,
    Өлместей омыраулап, шатасың.
    Дозақтың барын біліп жүрсең де,
    Күнәға, әлің келсе, батасың.
    …Алланың ақ өлімі келгенде,
    Амалсыз қара тастай қатасың…..
 
10.Міржақып Дулатұлы
/1885-1935/
 
    …Әуелі үйренетін бір ғылымың,
    Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
    Шарттарын Исламның кәміл білсең,
    Ақыреттік азық берер шын ғылымың….
    …Я, Алла! Талапкердің бақытын аш,
    Ақ жүрек пайдалы іспен атағын шаш….
 
11.Мұқағали /Мұхаметқали/ Сүлейменұлы Мақатаев
/1931-1976/
 
    Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
    Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
    Құбылаға бет алып қол қусырып,
    Сәждеге бас қоятын қайда күнім?
    Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
    Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
    Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
    Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін….
    Я, Аллам!
    Жаратушы жалғыз Ием!
    Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!
    Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ,
    Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем….
    Алла – ақиқат.
    Аллаға сеніп өтем,
    …Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!