Әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген Нұрбек ақсақал
Осыдан бірер күн бұрын ұзақ жылдар бойы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде абыроймен еңбек еткен Қабаев Нұрбек ақсақалдың шаңырағында болдық. Нұрбек қария кеше, яғни қарашаның 27-сі күні 88 жасқа толды. Қанша кейіпкермен тілдесіп, жазып жүрміз. Осынша жасқа келсе де, әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген қарияларды сирек көреміз, шыны керек. Үйіне барған сәттен бастап, Нұрбек ақсақал бізді жылы шыраймен қарсы алып, өзінің өмірбаянын айтып берді. Жастарға әркез аталық батасын беріп отыратын осындай қарияларды тыңдай бергіміз келеді. Әңгімелестік. Нұрбек ақсақалдың сөз саптауы, өзін аса бір мақтамай, барлық сұрағымызға нақты әрі көп сөйлемей, ыждағаттылықпен жауап берген ұнады.
«Айналайын Маратжан, мен 1937 жылдың 27 қарашасында Луговой станциясында дүниеге келгенмін. Мектепте жақсы оқыдым. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы зооветеринариялық институтына оқуға түсіп, осы жоғары оқу орнын 1963 жылы ветеринария мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды «Путь к коммунизму» колхозында мал дәрігері маманы болып бастадым. Кейіннен Луговой асыл тұқымды станциясында да бас ветеринар маман болып еңбек еттім. 1965 жылдан 1997 жылға дейін Құлан агротехникалық жоғары колледжінде мұғалім, сырттай оқу бөлімінің бастығы, директордың өндірістік ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еттім. 1997 жылы 60 жасымда зейнетке шықтым. Зейнетке шықсақ та, еңбектен қол үзгенім жоқ. Құр жатқаннан ешкім жақсы болмайды. Біз бала күнімізден еңбекқор болып жетілдік. Осы ұғым әбден санаға сіңіп қалған ғой. Құр отыра алмаймыз. Қазір көрсеңіз болады, күркетауық асырап жатырмыз. Ол бір жағынан шағын кәсіп десек те болады, бір жағынан өзіме ермек» дейді Нұрбек ақсақал. Расында да солай. Өз көзімізбен көрдік. Бұның бәрі қып-қызыл еңбек әрине. Нұрбек ақсақалдың әсерлі әңгімесін тыңдап, оның адамгершілігі мен еңбекқорлығына осылайша тәнті болғанымыз бар.
Нұрбек ақсалдың жары Гүлсара Тукусбаева да осы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде орыс тілі пәнінен дәріс берген екен. 2020 жылы Гүлсара апамыз өмірден өтіпті. Нұрбек ақсақал жары екеуі 3 қыз, 1 ұлды болып, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, ғажайып ғұмыр кешіпті. Ол қазыналы қарияның әрбір сөзінен аңғарылып тұрды. Нұрбек ақсақалдың өзі «Құлан агротехникалық жоғары колледжіне – 100 жыл» медалімен, аудан әкімінің, аудандық ардагерлер Кеңесінің алғыс хатымен марапатталған. Ақсақал тіпті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатын да иеленіпті. Ал жары Гүлсара апамыз ҚР «Білім беру ісінің үздігі» болған екен.
– Ұл-қыздардан немере-шөбере сүйіп отырмыз. Қыздарды да, ұлды да оқыттық. Барлығы да өсіп-өніп, әрқайсының отбасылары бар. Құдайға шүкір деймін. 88 жасқа келсек те, адамгершілік пен сыйластықты алдыңғы орынға қоятын адаммын. Кейінгі толқын жастарымызға осы сөзім сабақ болса, нұр үстіне нұр. Олар да әділетті, еңбекқор, адамгершілігі мол азамат болып жетілсе екен деймін, – дейді Нұрбек қария.
МАРАТ АЯТБЕРГЕН.

