Алатау-Адам биіктей береді

Әр халықтың әлемге танымал дара тұлғалары болады. Қазақ халқы үшін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сондай биік тұлға. Осынау биіктігіне өлшем жетпейтін, асыл қасиетіне ешқандай баға жетпейтін дара бейне барша халықтың құрметіне ие. Бұл – танымал адамдар үшін зор бақыт болса керек. Қонаев деген есімді біз естігелі қырық жылға жуықтады. Естіген кезімде сондай мақтаулы еді, жұрт осынау кемеңгер туралы әлі де жаман пікір айтып көрген емес. Ертеректе Арғынбай Бекбосын «Алатау – Адам» атты кітабында Дінмұхамед Ахметұлы туралы біраз толғанды. Осынау қайталанбас қайраткердің неге Алатау адам аталып кеткеніне талдау жасады. Қасиетіне бас иді. Менің алдымда екі кітап жатыр. Екеуі де Дінмұхамед Ахметұлына арналған. Екеуін де елімізге кеңінен танымал жазушылар жазған. Екеуі де жерлесіміз. Бүгін осы екі шығармаға тоқталғанды жөн санадым.

Рафаэль Ниязбек не дейді?

Әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстанның халық батыры, Шешенстан М емлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби, халықаралық «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының иегері Рафаэль Ниязбектің «Көсем» атты роман кітабы жөнінде ой толғағанды мақұл көрдім. Ақын осыған дейін де Қонаев туралы жиі қалам тербеген. Поэма арнаған. Ал бұл жолы көлемді роман арнап отыр. Бұл көлемді еңбекте Дінмұхамед Ахметұлының 1955 жылы республикалық деңгейде жауапты қызметке, Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне келгенінен бастап, 1993 жылы өмірден озған сәтіне дейін кеңінен баяндалады. Қырық жылға жуық уақыт аралығын қамтыған кітаптың айтары өте көп. Кітаптың алғысөзін филология ғылымдарының кандидаты, тараздық ғалым Темірбай Мұқашев жазған. Қонаевтың даналығын ә дегеннен байқауға болады. Өзі еліміздің Үкіметін басқаруға кетіп, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметіне қазақтың белгілі ғалымы Қаныш Сәтбаевты ұсынуы. Бірінші хатшы қолдамай жатқанда тәуекелге барып, Қаныш Сәтбаевтың сол орынға лайықты екенін дәлелдеп шыққан да Қонаев екен.

Бұл кітапта сол Коммунистік партия кезіндегі саясаттың көптеген қырлары көрініс табады. Кітаптың тағы бір тұсында автор еліміз үшін ең маңызды жағдайды қозғай отырып: «1962 жылдың желтоқсан айының орта тұсы еді. Қазақстан өнер шеберлері Кремль съездер сарайында концерт бергелі жатқан. Дінмұхамед Хрущевке телефон соғып, концертке шақырған еді, ол екі сөзге келмей:

– Міндетті түрде барамын. Мүмкін Кремльге, маған келіп, жолығып кетерсіз, – деді жаймашуақтанып.

– Бүгін менің қабылдауымда кімнің болғанын білесіз бе?

– Жоқ.

– Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті. Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше бұл өте орынды ұсыныс, – деді.

Дінмұхамед өзін сабырға шақырып, ақкөз ашу үстінде шектен шығып, арандап қалмауға тырысты. Әйтсе де көкірегін өртеп күйдірген ащы қыжылын іркіп ұстап тұра алмады.

«Мен Юсуповтың ақымақ ойдан туған ұсынысын, кім қалай десе де, қабылдай алмаймын. Себебі оның бұл ұсынысы екі елдің арасына от салғаннан басқа еш нәтиже бермейді. Ал тың және тыңайған жерді тез игеріп, өте бай тәжірибе жинап, оған қоса шөл даланы түлетіп, ел игілігіне айналдыра білген біздің республика мақта өсіре алмайды дегенге кім сенеді. Тұтас жатқан жерді кесіп, бөлшектегеннен гөрі техника мен қаражат берсеңіз, мақта өндірісін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Оған күмәніңіз болмасын. Ең бастысы, Оңтүстік Қазақстан жергілікті тұрғындар тығыз орналасқан байтақ әрі құнарлы өлке. Ай-күннің аманында отпен ойнайтынымыз қалай біздің? Қайталап айтам, екі елдің арасын қолдан ушықтырып, бір-біріне қырғи-қабақ жаулықтырғанда шығар тауымыз қайсы?!».

«Хрущев Дінмұхамедтің уәжіне бәрібір құлақ аспады. Өйткені ол бұған дейін өз шешімін жасап қойған-ды. Сөйтіп, ауқымды үш аудан ала тақиялы ағайынның қанжығасына бөктеріліп кете барған еді», деп жазады.

Автор Рафаэль Ниязбек бұл романда Дінмұхамед Қонаевтың ізгілікке толы образын аша отырып, көп мәселені кең ауқымда қамтиды. СОКП Орталық комитетінің соңғы бас хатшысы Михаил Горбачевтің екіжүзділігін, өресінің де, ішінің де тар адам екенін керемет шеберлікпен аша білген. Ол туралы: «1986 жылдың көктемінде Михаил Горбачев қазақ елінің басшысын Мәскеуге шақыртып қабылдап:

– Теңіз мұнай-газ кеніші мен Түменді біріктіріп, біртұтас кешенді өндірістік аймақ құрсақ деген бастама көтергелі отырмын. Бұған қалай қарайсыз? – деді жүзіне сұраулы кейіппен қадала қарап.

Қонаевтың елден ерек бір ерекшелігі – Мәскеу өзін қандай жағдайда шақыртса да оның түпкі арам пиғылын алдын ала сезіп, соған орай қам жасап, іштей дайындалып, тастүйін болып баратын қасиетінде еді. Бас хатшының әлгі ақымақ ұсынысы құлағына түрпідей тиіп, жанын жаралап, ауыр естілсе де өзін сабырлы ұстауға тырысты.

– Ол сіз екеуміз шешетін оңай мәселе емес. Оны тек жер дауы мен жесір дауына көлденең келген көк аттыны өмірі араластырып көрмеген қазақ халқы шешеді. Солардан барып сұраңыз, – деді Дінмұхамед жүзі қуқыл тартып.

Горбачев ашуға булығып, бойын билей алмады. Тұла бойы жын соққандай дір-дір етіп, қалшылдап, үстел үстіне шаңын бұрқ еткізіп қойып қалып:

– Ендеше, сіз бен біз бұдан былай тізе қосып, жұмыс істей алмайтын шығармыз, – деді дауыс көтеріп.

– Михайл Сергеевич, айтқаныңыз болсын, – деді де, Дінмұхамед орнынан дүр сілкініп көтерілген бойы ың-шыңсыз қабылдау бөлмесіне беттеді. Аз-кем уақыттан кейін кабинетке қайта кіріп: – Мынау менің хатшылық қызметімнен босатыңыз деген өтінішім, Михайл Сергеевич, – деді нық сөйлеп.

Қонаевтың мысы аса құзырлы қызметтің буынан масайрап, кеудесіне нан пісіп, өзін Құдайдай сезінген кім-кімді де басып тұратын еді. Горбачев қанша бас хатшы болса да кәдімгідей абдырап қалды.

– Сіздей партияның алтын қорын бағаламай қызметтен босату, сайып келгенде, мұның өзі, бүкіл әлем жұртшылығы алдында ұят, күнә екенін ұмытпаңыз. Өтінішіңізді қайтып алыңыз!

– Жоқ, тартпаңызда жата берсін. Рұқсат болса мен кетейін, – деді сыпайы тіл қатып.

Горбачев басын изеп, қолын ұсынып, ажарлы пейіл танытып, кабинетінде қала берді» деп жазады.

Рафаэль Ниязбек қаламын осылай сілтеп, Дінмұхамед Ахметұлының болмысын аша түседі. Бәріміз білетіндей, Горбачев солай сөйлегенімен, Қонаевты тыныш қалдырған жоқ. 1986 жылдың желтоқсанында қызметтен алып, дегеніне жетті. Бұл жағдайға бүкіл қазақ жастары қарсы болып, көтеріліске шықты. Міне, осыдан-ақ, Қонаевтың қандай қадірлі, қасиетті адам екенін аңғаруымызға болады.

Жазушы бұл шығармасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков жөнінде де толғанып жазыпты. Ол: «Қайрат болат шынжырды шайнап өскен жас жолбарыс еді. Алматыға суыт жетіп, өзін көліктен түсіріп, түрмеге қарай сүйрей жөнелген қызыл жағалыларға сұстана қарап:

– Қолыма кісен салып, мені қапасқа әкеліп тықсаңдар да, азат ойымды, арман- мұратымды бұғаулап, қамай алмайсыңдар сендер! Қашан айтты демеңдер. Менің жүрек үнім түрменің тас қабырғасын да сетінетіп, тесіп шығып, бүкіл жер-жаһанға саңқылдап естіліп жатады әлі. Көреміз сонда кімнің қолына кісен салынып тұтқындаларын, – деді қыжылданып», деп Қайраттың батырлық болмысын керемет ашады.

Ерғали Сағаттың айтары

Дінмұхамед Қонаев туралы қолымызға түскен екінші кітаптың авторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың және мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері Ерғали Сағат. «Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бас басылымы «Лениншіл жаста» (бүгінде «Жас Алаш» газеті) бас редактордың бірінші орынбасары болып жүрген кезім еді. Ойламаған жерден Бақытжан аға Момышұлы телефон шалды.

– Ерғали, тез үйге жете ғой, Димаш атаң келе жатыр. Атаңның батыр атағына құтты болсын айтып кіріп шығамын депті. Тездетіп келе ғой, – деген шақыруын алысымен құстай ұштым…

Димаш ағаның бұл да бір есті оқиғаны естен шығармайтын ғажайып құнттылығы ғой. Телефон шалса да болар еді. Бірақ ұлы батырдың рухы алдында кішірейіп, батырдың баласының шаңырағына таудай басын иіп кіріп шықпақ. Әне, ұлық болсаң, кішік бол деген сол. Ол бір ұмытылмас күн еді. Осы күні осы шаңырақта жазылған сюжет әлі де Димекеңнің туған күні қарсаңында «Хабар» телеарнасынан ара-тұра көрсетіліп қояды», деп бастайды жазушы бұл кітабын.

Одан әрі қарай Ерғали Сағат: «Есік алдында Димаш ағаны күтіп алған сәтті еске түсіремін. Ол бір аяулы Алматының жайдары да жаймашуақ, жанға жайлы мамыражай жазғы күні болатын. Қалдаяқовтың қиылысындағы Гоголь көшесіндегі 15-үйдің алдында Димаш ағаны тағатсыздана күтіп тұрдық. Бақытжан мен Зейнеп осы үйдің екінші қабатында тұратын. Бәріміз сырттамыз. Бақытжан ағаның ұлы Ержан және Зейнептің бауырмал бауырлары бар. Күткен көлік те жетті. Димаш аға ұмытпасам, Елдардың аспан түстес көк «Жигулиімен» келді. Артқы орындықта екен. Бақытжан ағамен жармасып барып есігін аштық. Әрине, көлік кішкентай, төбесі де тым аласа. Димаш аға қиналыңқырап басын еңкейтіп шығып жатқанда, ол кісі емес біз де қатты қиналдық.

Партия тарап, Іс басқармасының ісі тоқтап, Димекеңе бөлінген көліктің «қызметін де» тоқтатқан кез еді. Димекең алайда түк те білдірмей, жадырап түсті. Күлімсіреп келіп, ыстық ықыласымен Бақытжан мен Зейнептің қолын алды. Содан соң бәрімізбен де аса мейіріммен жылы амандасты. Аға мен жеңгеде ес жоқ. Қуаныштан төбелері көкке екі елі жетпей тұр. Бәріміздің де күйіміз сондай еді. «Біз келіп қалдық, келіп қалдық» деді Димаш ағаның алғашқы айтқан сөзі осы болып. Аман-саулықтан соңғы бірінші сөзі.

Үйге кіріп, кабинетке дамылдауға отырғанда да осы сөзді қайталап айтты. Содан соң Баукеңе берілген Батыр атағына шын жүректен құтты болсын айтуға келдім, құтты болсын деп қуанып айтты. Әлден уақытта өзінің кезінде қолынан келмегеніне өкінішін білдірді.

Ерғали Сағат өзінің бұл кітабының «Қанатты ойлар» атты бөлімінде Қонаевтың тағылымды ой-толғамдарымен бөлісіпті. Димаш Ахметұлынан өсиет болып қалған: «Үлкен-кіші де, жақсы-жаман да – әділеттің құлы», «Өмір де ай сияқты ғой. Бірде толып, бірде тұтқадай ғана болады», «Сенім деген – құдіретті күш, ол сеңгір тауды да қозғайды», «Хан келеді, кетеді, халық қалады. Халық қалса – тақ қалады», «Жел сөзден жүйрік не бар?», «Біздің ұшан-теңіз жерімізде ойран болмаған орда бар ма?», «Бақ деген көшпелі, қыз алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді», «Өмір – теңіз. Ол үнемі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш қалыпта тұрмайды», «Адамның жақсы атынан гөрі жаман атына қаңқу сөз үйір келеді», «Кім болса да халықтан үлкен емес», «Үрей – ине үстіндегі өмірден жаман», «Құдай қондырмаған баққа жармасқанмен болмайды», «Алты күн аш қалсаң да атаңды сыйла», «Қызметтен кетсең де, кісіліктен кетпе», «Шындыққа тура қарау үшін азаматтық керек», «Таза алтынды тазартпас болар», «Бүйрегім бұрып, бұра тартсам – өзге түгілі, өз қадіріме жеттім дегенім бекер», «Өмір деген – осы. Бүгін барсың, ертең жоқсың», «Өмір деген – қызық. Тағдырың қыл үстінде тұрып та ертеңге үмітпен қарайсың», «Халық қарғысына ұшырағаннан ауыр жаза болмайды», «Қылмыс әділетсіздік жайлаған жерді шытырлайды», «Қайратсыз адамның айбаты зая», «Жүректегі мұзды сөз жібітеді», «Панаң да – ел, данаң да – ел», «Отан, туған жер деген ұлы сезім оған деген құрметтен басталады», «Бастық болған адам – үзеңгісін тең басса жарасар», «Тәуелсіздік жүгі ауыр» деген және өзге де қанатты ойлары кітапқа көрік беріп тұр.

Тағы бір бөлімінде Қонаев туралы әлемдік деңгейдегі тұлғалардың жылы лебіздері берілген екен. Мәселен, Джавахарлал Неру: «Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев. Дуайт Эйзенхауэр болса: «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы» депті. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Мен бір жақсы адаммен жекжат болған екенмін…» десе, Нұрғиса Тілендиев: «Қай-қайсың да Димаш ағаның қолдауын көрдің. Ізін басқан інінің игі істеріне жаны сүйсініп, дем беруші еді» депті. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат» дегені де шын жүректен шыққан деп қабылдаймыз.

Сонымен екі кітапты да парақтап, талдап, сөздерін тізбелеп шықтық. Екі жазушы да Дінмұхамед Қонаев образын ашып, жоғары деңгейде жазып шыққан. Әттең, бүгінде Рафаэль Ниязбек те, Ерғали Сағат та ортамызда жоқ. Дінмұхамед Ахметұлы да бар қазақтың сағынышына айналған. Бірақ Қонаев жайлы жазылған жақсы шығармалар, Қонаев жасаған ерен еңбектер айтыла беретіні анық.

Есет ДОСАЛЫ