«Алаш» көсемі Ә.Бөкейханның 155 жылдық мерейтойына орай ескерткіш- бюстының ашылу рәсімі өтті.

25 қыркүйекте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылдық округі, Қаратал ауылында Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 155 жылдық мерейтойына орай ескерткіш- бюстының ашылу рәсімі, «Әлихан Алаш-Ақсораңы» жинағының тұсаукесері және «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференциясы өткізілді.

 

 

Осы ауылдың Ә.Ермеков атындағы орта мектебінің мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған мектеп түлектерінің бастамасымен өткізілген іс – шараның мақсаты көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы және Алаш қозғалысының жетекшісі Ә.Бөкейханның өмірі мен қоғамдағы рөлін жан-жақты терең зерттеп, келешек жас ұрпаққа насихаттау, ұлт көсемінің еңбектерін келешек ұрпаққа жеткізу, рухани тәрбие беру және жастардың патриоттық сезімдерін ояту болып табылады. Ескерткіш- бюстінің ресми ашылуында аудан әкімі С.М.Әбеуова құттықтау сөзімен ашып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Е.Б.Құсайын облыс әкімі Ж.М.Қасымбектың арнайы құттықтауын жолдады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қ.Иса, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Қ.Садуақасов ізгі лебіздерін білдіріп, айтыскер ақын А.Жұмағұлов арнауын жолдады. Конференция жұмысына көрнекті алаштанушы ғалымдар Т.Жұртбай, С.Аққұлұлы, С.Жұмағұл, Қ.Кеменгер, Ж.Смағұлов, облыстық мәслихат депуттатары Б.Алтынбеков, Қ.Ахметов, Е.Абильдин, сонымен бірге көптеген зиялы қауым өкілдері қатысып, тұшымды ойларымен бөлісіп, тың мағлұматтарын көрерменге жеткізді. Ауыл азаматтарының рухани тұрғыда ұйымдастырған бұл шарасы келер ұрпаққа үлкен үлгі өнеге екені сөзсіз.

 

 

Бұл әр адамның бойында өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне, дініне деген құрмет сезімін тереңдетуді көздейді. Бұл өмірлік маңызы бар және қажетті қадам.

 

 

Жомарт Шаймұрат