Алашұбар атаулар көп

Астана ажарланып келе жатыр. Сонымен қоса еліміз бойынша жан саны күн санап артып келе жатқан қалалардың арасында, қазақтардың үлес салмағы да көрнекті түрде жоғарылап келе жатқан қалалардың бірі. Көпұлтты Қазақстанда мұндай көрсеткіштерді мемлекеттік деңгейде дәріптеудің өзі «көпұлтты, зайырлы» мемлекет ұстанымына сәйкес келе бермейді десек те, халықтық көші-көн мен демография мәселелері туралы санды мәліметтер талай жайдан сыр шертетіні тағы бар. Елорда қазіргі таңда таңғажайып сәулет нысандарымен әйгіленетін қала. Тағы да бір баса айтарымыз «Алаштың астанасы» атанып келе жатқан қаланың жаңадан салынып жатқан көшелерінің атаулары да бірыңғай ұлттық реңкке ауыса бастаған шаһар есептеледі. Бұл қаладан қазақтың қасқа мен жайсаңдарының атына берілген көшелерді де, түркі тілдес туысқандардың тұлғаларының есімімен аталатын даңғылдарды да, ежелгі қалаларымыздың атын қайта жаңғыртып тұратын «Сарайшық», «Жанкент», «Ақмешіт», «Сауран», «Түркістан» сынды «әйдік атауларды» да табуға болады. Бұрынғы Ақмоладан қалған «Сәбеттік үлгідегі» атаулар біртіндеп өзгертіліп, ретке түсіп жатқаны да «рухани жаңғырудың» бір көрінісі дерсің… Алайда соңғы кездері сол «қазақтан алыс кетпейтін» қала көшелерінің бойында, қазақты қойып, орыстың өзі ежіктеп айтатын шетелдік атауларды иеленген сауда үйлері мен тұрғын үйлер қаптап кетті.

Сәні мен сәулеті жарасқан, биіктігі аспанмен таласқан бұл құрылыс нысандары, өкінішке қарай, біздің тілдік жүйемізден алыстап тұр. Бұл туралы осыдан бірер жыл бұрын газетімізде шағын мақала жазып «мәселе көтерген сыңай танытып» едік. Кезінде Парламент қабырғасында Бекболат Тілеуханов мырза да бір кісідей айтқан еді. Өзгерген дәнеңесі де болған жоқ. Мысалы, қазіргі таңда жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандары былай болып келеді: «LIGHT HOUSE», «DREEM CITY», «PANORAMA PARK», «Remizobka PRIVATE RESIDENCES», «ORION Residence», «Royal Gardens», «Millenniym Park» т. б. Кейбірі қазақ атауларын латын әліпбиімен жазғандай болса да, артында ағылшыншасы қосарланып «SAYRAN TOWERS», «ORYNBOR TOWERS», «Kerwen citу», «Highvill Astana» болып жүр. «Астана арена», «MEGA Silk Way» дегендерді «халықаралық деңгейі бар» дүние ретінде қарасақ та, кілең қазақтар қоныстанып жатқан осы ғимараттардың атауын не үшін шұбарлап жатқанымыз түсініксіз. Жоғарыда айтылғандарды осының азғантай ғана бір бөлігі есептеледі. Шынтуайтына келгенде, қазір Астанада шетелдік атауларды иеленген құрылыс нысандары көбейіп кетті. Бұған тосқауыл болып, басу айтатын құзырлы мекеме не болмаса «сөзі өтетін» лауазымды тұлға табылмай тұр…

Ақырындап заң тармақтарды зерделеп те көрдік. «adilet.zan.kz» сайтындағы белгілемелерге қарағанда, аталмыш мәселемен талай мемлекеттік мекеме айналысып отырған көрінеді. «Астана қаласы мәслихаты сессиясының 2004 жылғы 29 маусымдағы N 55/9-ІІІ шешімімен бекітілген Астана қаласы аумағындағы құрылыс туралы ережеге сәйкес» қаладағы аудандарға, көшелерге, даңғылдарға және қаланың өзге де құрамдас бөліктеріне атау беру, олардың атауларының транскрипцияларын өзгерту, жер учаскелеріне, ғимараттар мен орын-жайларға реттік нөмірлер беру, көрсеткіштерді орнату және пайдалану ережесі бекітілген. Сондай-ақ бұл ереженің бекітілуіне қала әкімі, Құжаттамалық сараптама бөлімі меңгерушісі, Сәулет және қала құрылысы департаменті, Коммуналдық шаруашылық департаменті, Тұрғын үй департаменті, сонымен қатар Тілдерді дамыту басқармасы секілді 10-ға жуық мекеме араласады екен.

Осының арасында «ономастикалық комиссия» дейтін «мүшелері тақ сандардан құралуы тиіс» делінген комиссияның да аты бірнеше жерден кездесіп қалды. Біздің түсінікте Тілдерді дамыту басқармасы ана тілге жаны ашитын бірден-бір мекеме еді. Ресми түрде бекітілген заң тармақтарында аты аталған осы мекеме мұндай жағдайларды неліктен қаперге алмай отырғандығын немесе ескермей жатқандығын түсіне алар емеспіз. Біздің қолдан келері өз тарапымыздан ұсыныстар айтып, құлаққағыс жасау ғана болып тұр. Мүмкін, алдағы уақытта арнасын табар деген үміттеміз…

Ерқазы Сейтқали