Қазақ ақынның жинағы Әзірбайжан тілінде

Жақында бауырлас Әзірбайжан Респуб­ликасының астанасы  — Баку қаласындағы «Ecoprint» баспасынан орыс тілінде жазатын жас ақын Қазыбек Шаханның тұңғыш өлеңдер жинағы орыс және әзірбайжан тілінде жарық көрді.

Кітаптың алғы сөзінде: «Қазыбек Шахан қазіргі қазақ әдебиетінің талантты ақындарының бірі. Бакуде оның өлеңдері бірнеше әдеби журналдар мен газеттерде жарық көрген. Автордың мына тұңғыш өлеңдер жинағы екі тілде Әзірбайжанда жарық көріп отыр. Біздің оқырман­дары­мыз Қазыбек Шаханның өлеңдеріндегі өзіндік ерекшеліктерді тани біледі деген сенімдеміз», деген ілтипат-лебіз айтылған. Жинақтағы өлеңдерді әзірбайжан тіліне аударған Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабын,
О.Сүлей­меновтен бастап көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығарма­ларын әзірбайжан тіліне аударып, бастырған, Әзірбайжанның көрнекті ақыны, М.Қашқари атындағы Халықаралық Қордың бас директоры, Әзірбайжан Жазушылар одағының «Шынар» әдеби журналының Бас редакторы, Халықтар достығына дәнекер болып жүрген қаламгер Эльхан Зал Қараханұлы.