Алғашқы IT орталығы

Павлодар қаласындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында» жастарға арналған IT орталығы ашылды. Жаңа технологияларды дамыту бағытында жұмыс істейтін орталықтың тұсаукесеріне ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов қатысты.

Жаңа орталықтың құрылымы мен алда атқаратын жұмысы туралы басшысы Дархан Шүренов әңгімелеп берді. Оның сөзінше, мұнда 14-29 жас аралығындағы жас ғалымдар келіп оқып, өз жобаларын іске асыруға мүмкіндік бар. Мысалы робот техникалар құру, мобильдік қосымшалар ойлап табу және сайттар ашу сынды жобаларын жүзеге асыра алады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов еліміз бойынша мұндай орталықты алғаш көргенін айтты.

— Елбасының алға қойған мақсаттарының бірі — Цифрлы Қазақстан жүйесін құру. Қазіргі заманды «Төртінші өнеркәсіптік дүңку кезеңі» деп айтуға болады. Сондықтан мұндай орталықтар бізге ауадай қажет. Бұл орталықтарта инновациялық технологияларды меңгеріп қана қоймай жас ғалымдар тың дүниелер ойлап табуы керек. Жаңа технологиялардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор. Ол үшін кейінгі жастар бұрын игерілмеген жаңа мамандықтарды игеруі маңызды. Екіншіден мұндай жаңа жобаларға жергілікті бизнесмендер де қаржылай қолдау көрсететін болса кейін өздеріне қыруар табыс әкеледі. Яғни, инвесторларды көптеп тартуымыз керек, — деді Абзал Нүкенұлы.

Жиын барысында өңіріміздегі түрлі жоғарғы оқу орын студенттері мен мектеп оқушылары өздерінің стартап жобаларымен таныстырды.