ӘКЕМЕ
ӘКЕМЕ
Жан еді менің әкем құс та атпаған,
Жанына жаман ойды қыстатпаған.
Қасынан арқа сүйер жан кеткен соң
Жалғанда қалады екен қыспақта адам.
Сазына сағыныштың кім батпаған,
Елесі ескі күннің қымбат маған.
Ардақты әкешімді аңсағаннан
Жадымның жазбаларын күнде ақтарам.
Оны іздеп бейіт басына жиі барам,
Көрмейді көзін жұмған көрдегі адам.
Жаныңда тұрсам-дағы қарыс қадам,
Мелшиіп тіл қатпайды зират маған.
Оралып мекенінен тұрақтаған,
Жаныма әкем жетсе жырақтаған,
Жасымды жанарымнан бұршақтаған,
Төгер ем кеудесіне құшақтаған.
Өмірдің төрт мезгілі сияқты адам,
Уақыттың заты бар ма қиратпаған?
Қайыңдай қырқадағы күн қақтаған,
Мен-дағы бірте-бірте қурап барам!
Шыққан соң бесігінен құндақтаған,
Кісіні қаз қалпында кім сақтаған?!
Арманды қуып жүріп ұстатпаған,
Әкешім, мен өзіңе ұқсап барам.
Жүрсің ғой сен де, ұлым, ұстап қалам,
Тағдыр беріп тұрғанда мұрсат маған,
Мен туралы бір жыр жаз жұмбақтаған,
Сол жырда мені әкеме ұқсат, балам!
Мұқтарбек Тұрысбекұлы
12.07.25 ж.

