Аймағамбетов call-орталықтың операторы ретінде жұмыс істеп көрді

Сұрақтардың басым бөлігі қашықтан оқытуға, жалақының қалай төленетініне қатысты болды. Біз Call-орталығына түскен қоңырауларға мамандармен бірге бірінші басшылардың да жауап беруі тәжірибесін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан білім беруге жүйесіне байланысты call-орталықта оператор ретінде жұмыс істеп көріп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Қазіргі кезде ЖОО басшылары әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, белсенді болып жатқанын айтқан министр халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығына баса назар аударды. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы, министрдің facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, білім берудегі қазіргідей жұмыс форматы  көптің көкейіндегі сұрақтарға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.

“Халықпен кері байланыс орнату — министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Біз өз тарапымыздан педагогтермен, ата-аналармен және сарапшылармен үнемі байланыста болуға тырысамыз.

Азаматтардың конструктивті сауалдарына жылдам әрі мазмұнды жауап беру маңызды.
Әсіресе, төтенше жағдай кезінде біз коммуникацияның түрлі құралдарын пайдаланамыз.
Олар – дәстүрлі БАҚ, танымал интернет-платформалар, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз, Call-орталығы, онлайн-конференциялар, арнайы чаттар мен басқа да форматтар.

Кері байланыс орнату барысында өткен жылдың күзінде іске қосылған Call-орталық ерекше рөл атқаруда. Сонымен қатар, біз Whatsapp-чаттарын және Telegram-арналарын тиімді қолданамыз.

Министрліктің Telegram-дағы @edu_news_qz арнасы бүгінгі күні 200 000 жуық аудиторияға ие, сондай-ақ «Бала қорғау» @bala_qorgau арнасы кері байланысты қамтамасыз етуде.
Мектеп директорларымен, әдістемелік кабинет, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің, білім басқармаларының басшыларымен, ЖОО проректорларымен және ректорларымен, ғылыми ұйым басшыларымен жеке чаттарымыз бар.

Сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша өңірлердегі білім басқармаларының, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің және ЖОО басшылары әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, белсенділік танытуда.

Мұндай жұмыс форматы туындаған сұрақтарға дереу жауап, түсініктемелер беруге, қажетті ақпаратты тез арада алуға және жеткізуге мүмкіндік береді.

Оқушылардың қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты call-орталығының жаңа 1450 қысқа нөмірін іске қостық. Жедел желіге көптеген сұрақтар келіп түседі. Бұған өткен аптада түскі үзіліс уақытында орынбасарларыммен бірге өзім «оператор қатарында жұмыс істеп», көз жеткіздім.

Сұрақтардың басым бөлігі қашықтан оқытуға, жалақының қалай төленетініне қатысты болды.
Біз Call-орталығына түскен қоңырауларға мамандармен бірге бірінші басшылардың да жауап беруі тәжірибесін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Бізге жалпы білім беру және ғылым жүйесі жұмысының тиімділігін үнемі арттырып отыру үшін әрдайым байланыста болу, ұсыныстар мен пікірлерді, тілектер мен ескертулерді естіп-біліп отыру — өте маңызды”, – деді Асхат Аймағамбетов.

 

Zanmedia.kz