АЙҒЫРҒА ШАПҚАН ШОРТАН
Су көл — көсір тасыған жыл еді. Қателеспесем, 1996 жыл. Сәуірдің алғашқы күндері. Студентпін. Соңғы курсқа көшкем. Деканаттың бұйрығымен «автомат» баға алғандарды 10 күнге ауылға демалысқа жіберген. Сосын Державинге мехотрядқа баруым керек.
Алдында ғана «переговорный пункттен» үймен сөйлесіп ауылды «су қоршап алғанын» естігем. Су келді деген сөз — ауылға балық келді деген сөз ғой. Береке мен молшылық келді деген сөз ғой, шіркін!
Неше жыл тасымаған су қаңсып қалған сай мен саланы, жыра мен жылғаны шүпілдетіп толтырған екен. Автобустан түсе сала сумкамды арқама алып ұрып, құстай ұшып келемін. Көз ұшының бәрі көлкіген су. Тас жол мен ауылдың арасы 7 шақырым. Бөгет жол. Тасқын су — бөгет жолды екі өкпеден қысып тастапты. Енді болмаса үстін жырып кетуден тайынар емес.
Күн деген тымырсық. Алқына соққан судың демі — самал жел болып есіп қояды. Әйтпесе қапырыққа тұншыққандайсың.
Жүріп келемін, жүріп емес- ау жүгіріп келемін. Кенет жол жиегіндегі шабындықтан күнге қанаттары мен бауырлары шағылысып жалт — жұлт етіп ойнаған балықтарға тап болдым. Сазандар. Ұмыр-жұмыр. Ығы-жығы. «Махаббат майданы» үшін арпалысқа түскен алас-күлес кезең. Шыжыған күн, жылыған су ұрпақ өрбітуге таптырмайтын мүмкіндік шамасы. Тереңдегі балықтар саязға шығып, жұптарын тауып тылсым дүниенің заңына бағынуда. Алланың құдіретіне шек жоқ-ау…
Иығымдағы сумкамды жерге алып ұрып, аяқ киімді екі жаққа лақтырып, қос балақты екі тізеге дейін түріп тастап қойдым да кеттім. Менің халімді өз басынан кешкен ғана түсінер. Басқаға күлкі шақырар қылық бәлкім…
Ой, шіркін, жалған дүниеде шабындықтан сазан қуғаннан артық қуаныш бар десе ешқашан сенбеймін. Үйір жылқыны қайырғандай тобықтан асатын суда алқына жүгіріп жүрмін. Неге жүгіріп жүргенімді өзім де білмеймін. Азартқа кіріп кетсем керек.
Бір кезде есіме қолымда еш қару жоғы түсіп, маңайымды қарманып әуреге түстім. Сазандар болса аяғымның астынан зу-зу етіп өтіп жатыр. Тіпті бір-екеуі жіліншегімді аямай соғып өтті. Бәрі жанталаса тереңге қашуда. Бәлкім табиғи инстинктпен төрт аяқты емес, екі аяқтының қауіпті жау екенін ұғынған болар. Әйтеуір қым-қуыт тірлік басталып кетті.
Адам баласы азартқа түскенде есіріктеніп кететіні рас-ау. Менің де есім кіресілі-шығасылы. Қыр арқасы суды акула құсап қақ жарған ірі сазанды қуып келе жатамын да, алдымды кесіп өткен басқа нән сазанды одан да үлкенге балап, көзім аларып бағытымды өзгертіп тұра қуамын. Оны қалай ұстаймын деген ой миыма кіріп шықпайды. Пендеәуи тойымсыздық қой баяғы.
Шапқылап жүріп бір уақытта су бетінде қалқып жүрген жуан ағаш бұтағына кезіктім. Су сіңген екен ап-ауыр. Жарым-жартылай күйік шалыпты. Оған да қараған жоқпын, арғы атам Қабақ жоңғарға шоқпарын көтеріп қарсы шапқандай қайта ұмтылдым. Құлаштап кеп ұрамын. Көзім қызарып кеткен әбден. Малмандай сумын. Қанша уақыт өткенін білмеймін күн екіндіге таяп қалыпты. Өзім де қатты шаршаппын. Екі аяғым дірілдейді. Екі қарым дуылдайды. Сазандардың бәрі «жан сауға» деп тереңге «ата мекендеріне» қайтып кеткен секілді. Маңайда өлі тыныштық. Ілбіп келемін.
Ауыр соққы тиіп «естен танған» бір-екі нән сазан бауырымен шалқалап жүзіп жүр. «Тағы бар ма» деп су бетіне көз салып едім, байқалмады. Екеуінің желбезегіне екі сұқ саусағымды сұғып жіберіп, екі автоматты бауынан ұстап сүйреткен жауынгердей аяғымды әрең басып келемін. Бөгетке жақындаған сайын су таяздап, екі тобықтан асар емес.
Міне, қызық, машинаның доңғалағы жырып тастаған шұңқырдан жон арқасы күнге кебірси бастаған әйдік шұбар шортанның үстінен түстім. Басын шалшыққа тығып бұйығып жатыр. Крокодил дерсің. Енді бір-екі күн кешіксем, Арал теңізі тартылғанда жағада қалып қойған кемелердей күй кешер еді байғұс. Егер мен көрмесем құстардың жемтігіне айналып, қу қаңқасы ақсөңкеленіп көзге күйік болып жатар еді…
Шалшықтағы шортанды ұрып керегі қанша. Өзі де әбден әлсіреген, әйтеуір жаны шықпағасын сызға тығылып, жаны сыздап жатқаны анық.
Мұндай кәрі сүйек шортандарды Торғай өзенінен аулап көр мықты болсаң. Ауға түскен күннің өзінде Аплотондай күші бар. Жарқылдауықты қапса, қанша жуан деген слюданың өзі «Ала өгіздей мөңіреп» қоя береді…
Киімдерімді қалдырған бөгет жолға «екі рейс» жасауға тура келді. Екі сазанды сүйретіп жылдам апарып тастағаныммен, марқадай салмақты шортанды демалып-демалып әрең жеткіздім. Денем терге малшынды.
Бұларды ауылға жеткізу оңай шаруа емесі «Ұлып жұртта қалған ой» секілді миыма әрең жетті.
Дүние деген шіркін көздің құрты емес пе, далаға тастап кетуге қимай тұрмын балықтарды. Сөйтіп ойланып тұрғанымда «Іздегенге сұраған» дегендей, қыр астынан сопаң етіп ат арба шыға келді. Мұндай қуанбаспын. Желдіртіп қасыма жеткенде байқадым, ауылдағы жиен Ибыраш ақсақал екен. Кері аты да таныс. Ауылдағы тұяғының желі бар, желитін аттардың бірі.
Ал Ибекеңнің өзі көпті көрген, шежіреге бай, көкірек көзі ояу кісі еді, марқұм. Амандық саулықтан соң «ырдуан арбаға» қонжиып отырып алдым. Айтпақшы екі сазанды ақсақалдың қанжығасына байладым. Шынымды айтайын, дәу шортанды беруге қимадым… Боқ дүние деген сол ғой… Ғұлама Абайдың «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боларсың, өлсең, тағы» деген сөзін қаперге алмағаныма өкінемін қазір.
Жол үстінде Ибараш ақсақал дәу шортанның жонынан бір сипап қойып, мына әңгімені айтып берген еді:
Қайта өңделіп салыныр отыр
Жалғасы бар
Нагашыбай Кабылбек facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/1cdtJoT6ZJ/


