Әбдікерім Мұратов, қырғыз жазушысы – КӨРҚАУЛАР

(әңгіме)

Зираттың қақпасына салынған темір құлып тас болып қатып қалған екен, екеуі үйінен ала шыққан сіріңкелерінің екі-үш талын алма-кезек жағып отырып, мұзын әупірімдеп ерітіп, сонда да қаңтардың суығын әбден сіңірген темір құлыптың кілтін әрең бұрап, сақырлатып отырып зорға ашты.

Қар бір түнде тізеден жауып тастапты. Мұндайда бамдат намазға келгендердің қарасы да сирек. Ай көмескіленіп барып, жұлдыздар да біртіндеп сөніп, жер беті жарық-тана бастады. Атамзамандағыдай көнетоз ағаш есіктер күннің ыстығында сықырлап әзер ашылатын, бұл жолы қар басып қалыпты, екеулеп ағаш күректерімен дарбаза есігінің жан-жағын күреп жалғыз аяқ соқпақ шығарып, зираттың кіреберісіндегі саз балшықтан салынған кепе там жаққа жол ашпақ болды.

Екеуінің бірі – жасырағы Еген, үлкені – Кәміл. Сол жерде көр қазып жүр. Әркім әрқандай айтады: біреулер «мүрдеші» десе, басқалары «қабірші», ендібірі «көр қазғыш» деседі, құрдастары жай ғана «көрқау» деп жібереді. Өздері болса «марқұмдарға жай салып береміз» деп қоя салады, қатарластары жынына тие берсе, «байқа, сенің көріңді аяғыңды соза алмайтындай етіп қазып берем» деп қалжыңдап қояды.

Бұлар негізі үшеу болған, үшеу еді, кеше ғана…

***

Кәміл дұрыс ұйықтай алмай, ары-бері аунап, дөңбекшумен болды, бір кезде әйелі: «Дөңбекши бермей, ұйықтамайсыз ба енді, ертең тағы жұмыс шығып қалса, көрдің ішінде ұйықтап қаласыз», – деп қойды. Бүгін түні – осындай берекелі аппақ қар жауып жатқанда кім өлер дейсің деп ойлады Кәміл ішінен.

***

Сөйтіп ұйқысыз жатқан түн жарымында – аспанда жұлдыз жамыраған кезде сырттан біреудің үні естілді. Шықса, Миталдың кенже ұлы, «Әкем нашарлап қалды, ағамдар сізді тезірек келсін деп жатыр» деді де, жүгіре жөнелді. Кәміл ішке кіріп, жалаң аяғына калошын іліп, тонын ұйықтағанда киетін жейдесінің үстінен жамыла салып «а, құдайлап» кіріп барса, Митал ағасы созылған бойда кетіп бара жатқан екен. Аяқ-қолын созып, иектерін таңып, иманын үйіргенше тілін кәлимаға келтіруге үлгермей-ақ, бір «ғы-ырқ, ғы-ырқ» етті де, аузынан көк шыбынын ұшырып, балаларын шулатып кете берді.

***

Қыздарына, ұлдарына не істеу керектігін, кімге хабар беру қажет екенін айтып, «мен әлгі орналастыратын жерінің қамын жасайын» деп Егенге келіп, екеулеп жұмысты бастап жібергені де осы еді.

***

Бұл жер шағын қалашық болғанымен салт-санасы, адамдарының пейіл-ниеті шалғайдағы тұрғындардан аумайды. Әу баста, тіпті, ауыл болатын бұл жер. Бір жылдары Мәскеуден тынбай орыстар келіп, кен тауып, содан қарғыс атқыр сол кенін қаза бастап, топ-тобымен көшіп келген кеншілер төрт қабатты үйлер көтеріп екі жылда шаһар болып шыға келді. Содан ескі зираттан басқа тағы жаңа екеуі пайда болды: бірін «кладбище» деп

атап, оған келімсектер қойылды, екіншісіне мұсылмандар жерлене бастады. Қала дүркіреп өскен сайын зираттар да толып, ураннан уланғандардың саны күн сайын артып, жер үстіндегілерден гөрі жер астындағылар саны көбейіп бара жатқанда «жылан да шақпай, жылқы да теппей» әлгі союз дегендері ыдырап, уран қалдықтарын тастап сырттан келгендер жан-жаққа кете бастады. Оларды өкшелей зауыт, фабрика да тоқтаған соң жұмыссыз қалған жергілікті халық та азая берді. Бұрындары көр қазуға сауап болады деп елдің бәрі жабылып шығып, мүрдешілерге арнап көрші-қолаң ыстық тамақтарын алып келіп, бір адамның жатар жерін әп сәтте қазып тастайтын еді. Бара-бара жабылып көмекке келетіндердің аяғы сұйылып, молда «бұл жолы мына көше, келесіде ана көше шықсын» деп міндеттейтін болды, ол да болмай «бұл жолы бәленшенші жылы мектеп бітіргендер, келесіде олардан кейін бітіргендер шықсын» деп кезекке қоятынды шығарды. Ол да болмады. Адамдар анда, мында кетіп қалады екен, ауырып қалады екен, жұмыс істейміз деп ала дорбасын арқалап шет жақтарға тентірейтіндері бар. Кейде көрі дайын болмай, марқұмның жақындары қолдарына күрек алып шыққан кездер де болды. Содан ақылдаса отырып, бір кісілерді табайық, оларға ақысын өлік шыққан үй төлейтін болсын дегенге де ешкімді көндіре алмай, ақыры осы Миталды бір жыл істеп бер деп ептеп көндірген еді.

***

Митал зиратқа аяғы тигеннен-ақ жерге жамбасын басып, марқұмдарға арнап құран бағыштап, көр қазу үшін жерге бірінші күрек батырғанда да «біссмілдәсін» айтып, қабірге марқұмды қойып, ел тарағанда да сол жерде жүре береді. Молдалар да, ел де оны жақсы көріп, жақсы мүрдеші тапқанына мәз. Бірақ бір адамның көрін қазуға Миталдың жалғыз өзінің шамасы жетпеді, адамдар өлік шыққан жерден екі-үш баланы жәрдемге жіберіп жүрді. Олар келуін келеді ғой, бірақ кеткенше асығады, қаншасын марқұмдардың қабірінде телефонмен сөйлескені үшін Миталдың өзі қуып шыққан.

Бір жолы екі жігіт келген, «бізді көмекші етіп алыңыз, жұмыс жоқ, бала-шағаны асырау мұң болды» деген жыламсырап. Жарайды деген Митал, жұмыс болса хабар берем деген. Жұмыс болды. Мәскеуде істеп жүрген өрімдей жас жігітті тақырбастар өлтіріп кетіпті. Сүйегі әлі келмеген екен. Көрін дайындай беру керек қой, оны енді Мәскеуге – Қызыл алаңға жерлемейтін шығар, түге. Әлгі екеуін шақырып, қабір қазуды бастап жібереді. Адам бойы шұңқыр қазылғанда Митал сүйек келді ме екен деп хабар алуға марқұмның үйіне бет алады. Ана екеуі қаза бермек. Қайтып келсе сыртқа топырақ шығарылып жатқан жоқ, бітіріп қойды ма, әлде бір жаққа кетіп қалған ба деп ақырын жақындаса, көрдің ішінен дауыс шығады дейді, біреуі «давай, осындай жұмыс бола берсін» десе, екіншісі «көр қазып жүре берейік» дейтін көрінеді. Содан стақандарын сыңқылдатып соғыстырған дыбыс шыққанда қазылған көрдің шетінде тұрған Митал екеуін кесекпен атқылап, қуып шыққан…

***

Кейін оған Кәміл қосылды. Бірінші әйелі толғақ үстінде өліп, есеңгіреп күнде марқұмның қабіріне келіп жүрген кезі болатын, қабір бетіндегі топырақты саусақтарымен езгілеп, мола басында ұзағынан мөлиіп отырып, бір нәрселерді күбірлеп сөйлескен болады. Митал қашан көрсе де осы жерде жүреді де қояды. Бара-бара Миталға септесіп, екеуі бейсауат мал-сал кіріп кетпесін деп зираттың бұзылған қоршауларын жөндеп, жазында адам жүретін соқпақтың үстін басқан шөптерді орады. Келгендердің тізе бүгіп отыруларына ыңғайлы болуы үшін қорымның жиегіндегі теректерді кесіп, жондырып келіп, әр біреуіне алты-жетіден адам сиятын орындықтар жасайды. Екеуі бір-біріне ермек болып қалған-ды.

***

Жылдар өте берді. Бір жыл істеп бер деп ақсақалдар әрең көндірген Митал да, әйелінің зиратына күнде келіп жүріп, бара-бара ол молаға баратын жолды есінен шығарып, екінші қатын алып алған Миталдың серігі Кәміл де мүрделерді қарайтын, көр қазатын жұмысын тастап кете алмай қалды. Екеуі де үйіне немесе базар-дүкенге барса да, қала шетіндегі зират көздеріне ыстық көріне береді. Қала берсе бұл жердің ауасы таза, салқын, одан әрі – адырлар, одан әрі тау жалғасады, келген адамның тынысы ашылып, көңіл-күйі көтеріледі. Сол жердегі тапал тамына орындығын, кесесін әкеп қойған, шөлдесе шөп шай демдеп күңкілдесіп, біраз күнде қордаланып қалған сағыныштарын жазып та алады.

***

Бір күні бір топ жігіттер келіп, қабірстанды абаттандырамыз, арабтар келіп мешіт салады деп, жолдарға асфальт төсеп, молаға жаңа көр қазып, зиратты қарап жүргені үшін төрт кісіге айлық шығарып берді. «Зиратты осылар сатып алыпты» дегендер де табылды. Сонда көр қазған екеуіне үшінші болып Еген қосылған-ды.

***

Еген мен Кәміл қалың қарды қақ жара оңды-солды күреп, тапал тамға жақындай берді…

Екеуінің де он екі мүшесі сыздап, кеуделерін ыза кернеп, бір-біріне қараса өкіріп жылап жіберетіндей жерге үңіле берді, іштеріндегі алай-дүлей бір күш бұлқынып, есесін үйілген аппақ қардан алып, көбік қарды бұрқыратып лақтыра берді…

***

Кетпен, күрек, тесе, лом, қайла, қам кірпіш, орындықтарды қоямыз деп осы кепе тамды Митал мен Кәміл салған. Жаздың аптап ыстығында тірі жаннан көмек сұрамай, екеулеп шелектеп су тасып, лай илеп, одан саман кірпіш жасап, олар кепкен соң дуалын қалап, төңіректегі теректерді кесіп әкеліп, адамдардан бір-екі шатыр сұрап жүріп төбесін жауып, бітіріп қойған екен, кейін кетпен-күрегін, шырақтарын, құлпытастарды, ыдыс-аяқты қою былай тұрсын, ыстықта көлеңке іздегендер, суыққа тоңғандар осында жиі бас сұғатын болды.

***

Егеннің бұларға қосылғаны да қызық болған. Әкесі жабылып қалған шахтаның бір тесігін тауып алып, көмір қазуды бастаған «апачилермен» ауыз жаласты. Бұрынғының кәнігі кеншісі ғой, көмір қазуға да, жерасты өткелдерінің қыр-сырына да қанық адам ретінде оны серік қылғысы келгендер көп. Бір күні тіреуіштері құлап, төртеуі шахтаның ішінде қалып, оншақтысы қашып шығады. Құтқарушылар келіп төрт-бес күн қазса да, әлгі төртеуіне жете алмайды.

Егеннің әкесінің қабірін қаза беріңдер деген сонда туыстары, молдалар, ақсақалдар ақылдаса отырып. Сол кезде оның әкесінің моласын қазуға Митал мен Кәміл кіріседі. Марқұмның соңғы панасы қазылып жатқанда құтқарушылар әкесін ес-түссіз жатқан жерден аман-есен алып шығады, сөйтсе әр-әр жерде сырттан ауа кіретін тесіктер болады екен, солардың бірін тауып, соның түбіне құлапты. Еген әкесінің аман табылғанына, ауруханаға жеткізілгеніне қуанып, мола қазуды тоқтатыңдар деп барса, көр қазушылар оның қабірін бітіруге таяп қалған екен, «кел, көмектесіп жібер» деген сол кезде Митал маңдайындағы терін, көзіндегі жасын сүртіп, «бұл мола сенің әкеңе бұйырмаған екен, төрт жылдан бері төсек тартып жатқан өз ағамның қайтыс болғанын қазір хабарлады, мен барайын, Кәмілмен мына жұмысты бітіріп қойыңдар» демесі бар ма.

Осылай келе-келе Еген де көр қазып кетті.

Үйленбеген жігіттің көр қазып жүргені көпшілікке оғаш көрінді. Әкесі қолдап шықты. Шешесі ойбайын салды.

***

Еген бір күні дүкенге кіре қалса, сыныптастарының үстінен шығады, арақ ішіп есіріп, мылжыңдасып, ерегіске дейін барып қалған. Омар деген серкесі қылжиып қалыпты, оны көре сала: «Көрқау келді, кел, көрқау, біреуін алып кел де, бізбен іш», – деді. Ананы- мынаны айтып тиісе берді. Егеннің арақ ішпейтінін, ешкімге де арақ алып бермейтінін жанындағылар жақсы біледі. Омарға қой десе қоятын түрі жоқ: «Сен, көрқау, мен өлгенде көрімді кеңінен қаз-ей!» – деп қарқ-қарқ күліп қояды тағы.

Бір ай өтті ме, өтпеді ме, қабіршілер Омардың моласын қазды. Марқұмның өсиеті деп Еген көрін кеңірек қазды.

***

Егеннің қорқынышы – қазып жатқан жерден шығып қалатын жылан. «Көр қазып жатқанда көрінен жылан шығыпты», «Сүйегін жылан жайлап кетіпті» деген сөздерді бала кезінен ести беріп біржола шошып қалған. Әу баста мола қазғанда ішіне түспей жүрді, ақымына болса Миталды ғана түсіреді, Еген сол жерде қабір опырылып түсіп ішінде қалып қоятындай тіксініп қорқа беретін.

Бір жолы тағы жан түршіктірер оқиға орын алды. Таң бозамық тартқан кезде зиратқа кірсе, бесіктегі бала жылай ма, әлдеқандай да бір жануар шыңғыра ма, не бір адам боздай ма – әйтеуір жан түршіктіретін ащы дауыстар созылып барып күрт үзіледі. Аяқтарынан жан кетіп, денесі қалш-қалш етіп тұра қалды сол жерде. Әріректе Митал ағасы келе жатыр екен. «Аллаға шүкір!» деді ішінен. «Неге бақырайып тұрсың, бастай бермедің бе», – деді Митал жақын келіп. Екеуі кетпен-күрегін көтеріп алып молаларды аралай бастағанда әлгі үндер тағы шықты. «Ақырзаман белгісі, қорқаулар тағы келген екен», – деді Митал түнеріп. «Жүр, — деді Митал қолына күрегіне бекем жабысқан Егенге қарап, – шибөрілер келіпті». Қараса, бес-алты шибөрі бір көрді айналшықтап, ырылдасып бұларға айбат шегеді. Екеуі күректерімен ұрайын деп жақындаса, сәл кері шегінеді де, қайта көрге келіп алады. Құдай жарылқап, сол кезде бұларға Кәміл де қосылды. Ол да бір жағынан күрегін олай-бұлай сілтеп, шибөрілерді жабылып әрең қуып шықты. Қорқаулар бұларға қыр көрсеткендей, артына жалт-жалт қарап қыр асып кетті…

Сол оқиғадан кейін, таңда зиратқа қарай беттегенде үшеуі жолда жолығып, бірге келетін болды…

***

Дегенмен, көр қазушылардың жанын қоймағандар, жұмысына таласқандар, жасаған еңбектерін көре алмағандар да табылды.

Басқалар біреудің өлгенін естігеннен-ақ сол жерге барып көрінуге, туыстары болса отын-суына қарайласқанға сүйек шыққан үйге бет алса, бұлар қабірін кешіктіріп алмайық деп тау жақтағы зиратқа кетеді.

Міне, осындай күндердің бірінде – тағы бір ауылдасының жаназасының алдында ескі актив – қазір имамдыққа таласып жүрген күжірейген кексе кісі «молалар жаман қазылып, іші суға толып жатыр» деп әңгіме бастап еді, тағы біреу «қабір жақтан шибөрілердің шыңғырғаны естіледі» деп салды. «Бұған да көрқаулар кінәлі» десті жұрт.

Бір жолы жас жігіт інісімен Қазақстанға жұмыс істеуге кеткен екен, сол жақта інісі көлік апатынан қазаға ұшырапты, оны да осы жерге қояды, сөйтсе әкелерінің үнемі түсіне еніп: «Мен көрімде тік тұрып қалдым, қайта қазып жатқызып қойыңдар» дей беріпті. Имамды, бір-екі туысын ертіп келеді. Содан ырымдарын жасап көрін қайта ашса, шынымен де сүйектің бас жағы тікейіп қалыпты, қайта жатқызып қойыпты дейді.

Тағы бір жолы осылай болып, көрді ашса, өлген әйел кебінін аузына салып алған ба, кебіні аузына тығылып қалыпты, «кебінін жеген» деп оның да кебінін мұқият аузынан шығарып алыпты…

***

Бір жолы көр қазып жатқанда Кәміл «мен істемеймін, кетем» деп шықты. Митал жыны келіп, «кетсең – кет» деді де, шығарып салды. Кетуін кетті ғой, ертесі күні қайтып келді. Келді де неге кеткенін айтып берді. Сөйтсе әйелі: «Сіздерді көр сатады деп жатыр, моланы әзірлеп қойып, қаладан басқа жақтағыларға қымбатқа сатады екен деседі» депті. «Тапқан ақшаң қайда?» депті.

Мұның жөні былай болған еді. Бір жолы молда атақты кәсіпкерлердің бірін қала шетінде атып кетіпті, сүйегі осы жаққа қойылады екен, қабірін дайындай беру керек деп келген. Қабірін қаза бастады бұлар. Содан «өлігі жоғалып кетіпті» деген әңгіме шықты. Сөйтсе, бір арық бар екен, бір жағы қалаға, бір жағы ауданға қарайтын. Қаланың милициялары келіп, мәйітті ауданға қараған жағына жылжытып қойыпты, ауданның милициялары келіп өлікті қала жаққа ысырып қояды, «өлік кімдікі» деп милициялар бір мәмілеге келісе алмаған аралықта екі күн өткен. Содан мәйітханада жатып, екі күн сараптамадан өтіп, бас-аяғы бес күнге созылады. Сол арада қаланың басқа жағынан тағы бір өлік шығып, әлгі қабірге соның мәйіті қойылады. Сонда кәсіпкерді де тездетіп жерлеу қажет болып, қабірі бір күнге кешігіп қазылады…

Осыдан әлгі әңгіме шыққан ғой, шамасы.

Үшеуі бір-бірімен қайта тіл табысып, жұмыстарына кіріскен еді сонда…

***

Кәміл мен Еген кәкір-шүкір қойылған жатаған тамға да келіп жетті. Тамның аласа есігін ашып екеуі қатар аттады. Бір бұрышына Миталдың кесектері үйілген. Әр марқұмды қабіріне қойып келген соң Митал дуалдан жұдырықтай бір кесек сындырып алып осы бұрышқа жинай береді. Ол кесектердің қашаннан бері жиыла бастағанын білмейді, бұлар келгенде бар еді, Миталдың мұндай әрекетіне тек таңғала қарап қоятын екеуі. Бұрыштағы кесектер біршама үйілген екен. Сол кесектерді көргенде екеуі де іштей мүжіліп, жүректері сыздап отыра қалды.

Кеше бесін шағында Митал екеуін де кезек-кезек кеудесіне қысып, «ал, шаршамаңыздар», «бар болыңыздар», «ертең жауырын қағып амандықпен көріскенше» деп кеткен еді ғой. Енді қара, ол ұстаған күректер тұр, кетпендер тұр, ол салған мына үйшік тұр, тіпті өз қолымен үйген кесектер тұр… Кеудесіне басқан екеуі тұр…

***

Біреулер көр қазғандарға арнап тамақ алып келсе, екеуі Миталды ақсақал деп, «төрге сіз өтіңіз» деп тұрушы еді, сөйтсе, «төрге өтіңіз» дегені «көрге өтіңіз» дегендері екен ғой.

***

Міне, енді сол серіктерінің көрін кеңінен қазып, «қабіріңе жаратқанның нұры жаусын» деп екеуі қараңғы жерден шықты…

***

Сүйек көтеріп келе жатқан бір топ адам көрінді…

***

«Әбдімитал әкеміз қандай адам еді» деді балаларының бірі үш қайтара қайталап сұрап. «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді» десті топырақ салуға келгендер. Бұл кісі көрін өзі қазған осы жердегі барлық қабірден де марқұмдардың: «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді»… деген үндері естіліп тұрғандай болды.

***

Балалары зираттан келіп, үйшікке кетпен-күректерді, орындықтарды қойып біткен соң Кәміл дуалдан жұдырықтай бір кесек сындырып алды да, Митал ағасы жинап кеткен үйіндінің төбесіне абайлап қана қойды…

2020 жыл, қаңтар.

Қырғыз тілінен аударған Гүлнұр Қыранбай.