Абай онкүндігі балалар дагерінде
Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, композитор әрі ағартушы. Биыл 180 жылдығы тек елімізде ғана емес, әлем елдерінде аталып өтіп жатыр. Халқымыздың рухани әлемін байытқан мәңгілік қазынасы болған шығармаларын насихаттау бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз. Түркістандағы «Қарлығаш» жазғы сауықтыру лагерінде ұлы ақын, ағартушы, қазақ руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлына арналған онкүндік аясында «Табиғат, таңқаламын тамашаңа» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, Абай мұрасы арқылы ізгілікке, білімге және еңбекқорлыққа баулу, балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды. Әдеби кеште лагерь демалушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, Абай сөзіне жазылған әсем әндерді орындады. Сонымен қатар балалар ақын поэзиясынан алған әсерлерін суреттер арқылы бейнелеп, ұлы ойшыл әлеміне өзіндік көзқарастарын танытты. Танымдық ойындар кештің мазмұнын байыта түсті.
Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған бұл басқосу әсерлі де тартымды өтті. Шара соңында кітапхана директорының орынбасары Шахмира Шаматайқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдіріп, арнайы сыйлықтар табыс етті. Біртуар тұлғаның өлеңдері мен қара сөздері арқылы ол елді еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа, адамгершілік пен әділетке үндеді. Сондай-ақ халық жадында сақталған «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» секілді әндері қазақ музыка өнерінің інжу-маржаны болып қала бермек.
Түркістан қаласы




