АСАНƏЛІ ƏШІМҰЛЫ «ОРАМАЛ ТАҚПАҒАН ƏЙЕЛДЕРДЕН ҚОРҚАМЫН»!

Айдың-күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Бая­ғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұза­тылғасын көзден жаулық арқылы көле­гейленбесе, қасиет қай­тады деп айта­тын. Баяғының адамдарын жұрт «көне­нің көзі», «ақылдың сарқыты» деп әспеттеп отыр­маушы ма еді?! Әрі солар­дың айтқан ғибратты, өнегелі әңгі­мелері ауыздан-ауызға тарап, тағылымымен бүкіл ауылды, одан ары бір өңірді тәр­биелеп кете баратын. “Үл­кен­нен өнеге қалмаса, сол үл­кеннің несі қазына?! Аналарымыз бір әңгі­месінде айтып отырушы еді «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп. Егер әйел адам жалаңаш­тана бастаса, ұлттың жаны жа­лаң­аштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласа­пыран, алма­ғайып күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастаған емеспіз. Арғы шеше­леріміз, тіпті, көненің адамы еді. Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп оты­ратын. Бірде қырманға көбіне жалаңбас барып жүрген көрші әйелге сол ше­шеміз қатты ұрыс­ты. Бірақ кейіннен үндемейтін болды. Сөйтсек, ол байғұс сон­да шашына тары сеуіп, содан түспей арасына сіңіп қалған аз бөлігін шиеттей балаларына тасиды екен ғой. Мұндай жағдай сол замандағы көп адамның басында болды ғой.
Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айы­рылып қала­тын­дай», – деп отырушы еді жарық­тық. Бұған келгенде ешкімнің айтарға дауы болмаса керек. Шешеміз айта­тын осы бір әңгі­ме мені әр уақыт толғандырып келеді. Айналама қарай­мын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқан­дай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, еж­ел­­ден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып ала­мыз ба деп алаңдаймын. Әйт­песе, адамзаттық тұрғыда даму толастамақ емес. Ол – жаһан­дану процесі.
Бұл жай­лы ала­таңға созып әң­гі­­ме ай­туға бола­тын еді. Шешей менің жұмы­сым­ның жемісін көре бас­таған шақта, «Пәленшенің шешесі» деп бар­ған же­рінде төрге шығаратын. 87 жасында өмірден озды. Жар­ты өмірі Алматыда өтті. Жарық­тық анама жеңгем секіл­ді ерке­леп өстім. Ауылда кәрі шеше­міздің қолында өскен­діктен «апа» деп атадық. Өз ше­шеміз­бен жеңге мен қайны сияқты қалжың­дасып жүре­тінбіз. Үйге кештетіп, түнде­летіп келгенде ұйықтап жат­са, төсектен құла­тып кеп жібе­ремін: «Мен кел­генде неге ұйық­тап жатасың?» деп.
Соның бар­лығы оған да ұнайтын болса керек. Еш уақыт­та қабақ шы­тып, өң суытып көрмепті. Дү­ние­ден өтер алды ауы­рың­­қырап жүрді. Сон­дай күн­дердің бірінде осы кісі бір естіп қалсын­шы деген оймен «Апа!» дедім. Қуанар, сер­гіп қалар деп айттым. Бірақ ол олай істе­меді. Маған ала көзімен қарап, аспанды сұқ сау­са­ғымен нұсқады. Онысы «Күнә болады, олай деме. Құдай көріп тұр» дегені еді. Міне, көр­діңіз бе? Қазақ менталитетінің асыл­дығы соншалық еді. Келіннің ене ал­дындағы адалдығы. Тап сол жер­де шешейге тар құр­сағын кеңі­тіп, тас емшегін жі­біт­кен мендей ұлы­ның сүйіс­пеншілігіне иіп, ессіз күйде қуанып, тасуына болар ма еді?! Бірақ ол өз ше­шесіндей болған енесіне деген сүйіспеншілікті бала­сының ма­хаб­батынан биік қойды. Ол кездің аналары со­ны­сымен де асқақ еді. Оның үстіне қазақта «Атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар ғой. Осы сөздерден соң менің анамның тұлғасы тіптен биіктеп кетуші еді…
Мынатаубик Анесов facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/19kov3SJSt/