ӘЗІРЕТ ӘЛІНІ АҢ-ТАҢ ЕТКЕН 4 ОҚИҒА.

Әзірет Әлі 40 жігітпен 40 күн серуен құрғанда 4 түрлі жағдайға тап болған деседі.
1. Алдынан қашқан ақсақ ат. Үш аяқтап шапса да қырық жігіттің бірінің тұлпарына жеткізбепті. Тіпті басқадан суырылып шыққан Әзірет Әлінің Дүлдүлін де жақындатпапты.
2. Бір міскін отын теріп жүреді. Арқасындағы ағашы ауыр. Бірақ ол демалуға тоқтаған сайын арқасындағы ағашты азайту орнына тағы қосып ауырлата түседі.
3. Бір жылан кездеседі. Әзірет Әлі дырау қамшымен белінен ұрса, анау өлу орнына жоғары шапши түседі. Тіпті үзеңгіге жетіп қалады. Қамшыны тағы бір сілтегенде сасқалақтаған Әзірет Әлінің қолы қалт кетіп, жыланның басына қамшының орнына бармағы тиіп кетеді. Сонда жылан сұлқ құлап, өз жөнімен кетеді.
4. Далада жатқан бір қобдиша.
Жігіттер оны іліп кетпек болады, бірақ ешқайсысы көтере алмайды. Болмаған соң Әзірет Әлі өзі келіп, ат үстінен еңкейіп, тұтқасынан көтермек болады. Көтерген қайда, Дүлдүлдің төрт сирағы түгел жерге батып барады, ал сандық орнынан бір елі де көтерілмейді.
Бұлар жабылып көтере алмаған сандықты есек мінген бір ақсақал келеді де қолындағы құрықтың ұшымен іліп алып, алдына өңгеріп кете барады. Қырық жігіт тағы аң-таң.
Сонымен бұл төрт түсініксіз нəрселердің сыры былай екен:
Ақсақ ат — дүние-мүлік. Қалай қусаң да саған ешқашан жеткізбейді. Қол-аяғың бүтін болса да толық қуып құрықтай алмайсың.
Отын — күнә. Ауыр күнәлар арқалап жүресің. Бірақ әр жолы оны жеңілдету орнына үсті-үстіне қосып ауырлата түсесің.
Жылан — әйелің. Ұрған сайын өршелене береді, ал басынан сипасаң болды өз жөнімен жүре береді.
Қобдиша — даналық. Түр мен күшке қарамайды, өмірлік тәжірибе мен білімге ғана көнеді.
Жел ал
Gýlzıa Asanbaı facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1Lfe2X1kxa/