БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КЕЛІНІ ЗЕЙНЕП АХМЕТОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын атаның қабағы салыңқы, үнсіз темекі шегіп отыр. Бір кезде:
– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе, «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп сүйсініп жеген әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
Ата маған қарап сөйлеп тұр:
– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын бас иең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның біреуі – осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адам үйіне келгенде, етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек. Мен сенің қателіктеріңді бетіңе басып, кемсітейін дегенім жоқ. Ден қойып, көкейге түйіп алсын деп айтып жатырмын. Сен болсаң, ұнжырғаң түсіп, тауың шағылып, аласарып отырсың. Жөн сөзге жасымағын, ұқтың ба? – деп ата орнынан тұрды…
Желіден алынды.
Гүлімжан Айдынқызы facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/19XnL6ZVRo/