Орталықта жаңа бөлімшелер ашылып, білікті мамандармен толықты
Сарысу аудандық орталық ауруханасында ана мен бала денсаулығын қорғауды күшейту, сондай-ақ өңірдегі медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта емхана бөлімінің құрамында 5 жасқа дейінгі балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды. Сонымен қатар, 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерге, жүкті және босанған аналарға арнайы кеңес беріп, онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау мен антеналдық көмек көрсететін әйелдер консультациясы бөлімшесі өз жұмысына кірісті. Медициналық ұйымның әлеуетін арттыру мақсатында II деңгейге өту жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі науқастарға арналған гинекологиялық-гидравликалық кресло, босанған әйелдер мен нәрестелерге арналған заманауи функционалдық төсектер сатып алынды. Мектеп оқушылары арасында стоматологиялық аурулардың алдын алуға арналған «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы гимназиялық мектепте заманауи стоматологиялық кабинет ашылып, Абылайхан атындағы мектеп-гимназиясына жаңа үлгідегі стоматологиялық кресло сатып алынды. Сондай-ақ кадр тапшылығын жою бағытында Түркістан қаласындағы медициналық университеттің түлектері – окулист пен травматолог, тәжірибелі акушер-гинеколог және Саудакент ауылдық емханасына жалпы тәжірибелік дәрігер тартылып, мамандармен толықтырылды. Бас дәрігер Айнұр Каликова Оңтүстік Кореяның жетекші клиникаларында тәжірибеден өтіп, халықаралық озық тәжірибелерді енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.




