Сарысу аудандық ауруханасында компьютерлік томография кабинеті ашылып, заманауи жабдықтар іске қосылды
Сарысу аудандық орталық ауруханасының тыныс-тіршілігінде тұрғындар көптен бері күткен маңызды жаңалық орын алып, мекемеде Германияның әлемге әйгілі «Siemens» компаниясының жоғары сапалы компьютерлік томография (КТ) аппараты орнатылып, толыққанды жұмысын бастады. Бұған дейін диагностикалық мақсатта өзге өңірлерге сабылған науқастардың әурешілігін азайтып, дертті ерте сатыда анықтауға жол ашқан бұл құрылғының іске қосылуы өңір медицинасы үшін үлкен серпін болды. КТ аппаратының жұмысын қамтамасыз ету үшін резидентураны радиология бағыты бойынша тәмамдаған білікті маман қызметке қабылданды. Сонымен қатар, аурухананың «Г» корпусындағы соматика бөлімінің бір бөлігінен арнайы оңалту орталығы мен шипалы тұзды бөлме ашылып, емделушілердің сауығуына қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек, көп жылдан бері түйінді мәселе болып келген жеделсатыларға (лифт) күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта іске қосылды. Мекемедегі диагностикалық мүмкіндіктерді арттыру мақсатында жатыр мойны мен қынап патологияларын дәл анықтайтын кольпоскоп аппараты, мұрын, тамақ, құлақ ауруларын жан-жақты зерттейтін лор-комбайн, асқазан-ішек жолдарының сырқаттарын анықтайтын ФГДС аппараты, сондай-ақ Саудакент ауылында заманауи цифрлық маммограф пен рентген аппараттары іске қосылып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Аурухана аумағын абаттандыру бағытында «Қазфосфат» ЖШС Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің демеушілігімен ауруханаішілік жолдарға жаңа асфальт төселді.


