Сарысу аудандық ауруханасы халықаралық сапа талаптарына сай келіп, жаңа медициналық қызмет түрлерін ашуда

Халықтың денсаулығын жақсарту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жолында еңбек етіп жатқан Сарысу аудандық орталық ауруханасы маңызды белеске қол жеткізді. Институт сапа және аккредиттеу ұйымы жүргізген сыртқы кешенді бағалау қорытындысы бойынша мекеме жоғары көрсеткіш көрсетіп, I санаттағы аккредиттеуден сәтті өтті. Бұл – ауруханада көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздік стандарттарының халықаралық талаптарға толық сай келетінінің айғағы. Осы қарқынды бәсеңдетпеген аурухана басшылығы созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында күндізгі гемодиализ бөлімін ашу жұмыстарын қолға алды. Бөлім үшін қажетті гемодиализ аппараттары, дефибриллятор-монитор, пациент мониторы, хирургиялық аспиратор, көпфункционалды медициналық креслолар және тазартылған су алу қондырғылары мемлекеттік сатып алу порталы арқылы рәсімделуде. Бұдан бөлек, жүйке-бұлшықет жүйесін диагностикалайтын заманауи электронейромиограф және көздің рефракциясын тексеретін авторефкератометр аппараттары сатып алынуда. Сонымен қатар, фтизиатрия бөлімшесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, туберкулез қоздырғыштарының таралуына жол бермейтін арнайы қақырық жинау кабинасы орнатылды. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тиімді айналымын қамтамасыз ететін Госпитальдық фармация бөлімшесін ашу жұмыстары да жүргізілуде. Заманауи техникалар мен жүйелі реформалардың нәтижесінде ауруханада науқастарға көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артты.