Елімізде әлеуметтік жеңілдіктер көп болғандықтан, оның қадірін жете түсіне бермейміз.

Мысалы, біз үшін бастауыш сынып оқушысының мектепте тегін ыстық тамақ ішуі үйреншікті нәрсе. Мемлекет 1-4 сынып оқушыларының бәрін әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін тамақпен қамтып отыр. Қазір 1,7 миллион оқушы мектептерде тегін ыстық тамақ алады. Ал көп елде мұндай жеңілдік жоқ.
Медициналық көмек мәселесінде де жеңілдік жетерлік. Мысалы, Конституциямызда азаматтардың заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқығы нақты бекітілген. Тіпті, жедел жәрдемнің өзі тегін қызмет көрсетеді. Көптеген дамыған шетелде бұл қызметке жүгіну үшін пәленбай ақша төлеуге тура келеді.
Осындай көмектерді кейде әлеуметтік саясаттың ерекше шарасы емес, өзінен-өзі болуы тиіс қалыпты дүние сияқты қабылдаймыз.
Бүгін «Таза Қазақстан» акциясында Мемлекет басшысы осы мәселеге тоқталды.
Тоқаевтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан азаматы бүгін де, ертең де таза әрі жайлы ортада өмір сүруі керек. Бірақ мұндай жағдай өздігінен қалыптаспайтыны белгілі. Бұған мемлекеттің жұмысы да, азаматтың саналы көзқарасы да қажет. Президент тазалық ұғымын айналаны қоқыстан тазартумен шектемеу керектігін айтты.
Меніңше, бұл ойды әлеуметтік саясатқа да қатысты айтуға болады.
Мемлекет халыққа жағдай жасауға міндетті. Білім алуға, медициналық көмекке, әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Бірақ жасалған жағдайды бағалау, оны дұрыс пайдалану, сақтап қалу — өзімізге байланысты.
Сол сияқты «Таза Қазақстан» да тек көшеге шығып, қоқыс жинау емес. Өзіміз тұратын жерді таза ұстау, ортақ дүниеге ұқыпты қарау, айналамызға жауапкершілікпен қарау да осыған кіреді.
Қысқасы, мемлекет жағдай жасайды. Ал сол жағдайды бағалап, сақтап, одан әрі жақсартуға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек.
Жайлы орта да, таза ел де бір күнде қалыптаспайды. Оны мемлекет пен қоғам бірге жасайды.