МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК!
Мәдениетін сақтаған ұлт өзін сақтайды.
Ақпараты қауіпсіз мемлекеттің іргесі берік.
Ұлттық идеологиясы мықты елдің болашағы зор.
ЕЛ СЕНІМІ — ЕҢ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Биылғы тамылжыған тамыздың аяғы мен қырманы мол қыркүйектің басы шынында да, саясаттағы тың жаңалықтарға толы күндер болды.
Еліміздің жаңа Конституциясы өмірімізге еркін ене бастады. Құрылтай сайлауы өтіп, төрағасы сайланды. Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа дәуір басталды. Жаңа Конституция негізінде Вице-Президент институты қайта енгізілді. Үкімет қайта жасақталды. Бірнеше министр мен бір облыс әкімі ауысты.
Еліміздің саяси өміріндегі соңғы елеулі өзгерістерді айтқанда, Ерлан Қаринның ҚР Вице-президенті болып тағайындалуын ел ерекше қоштап, әлеуметтік желілер қолдауларға толып кеткенін айту керек, бұл туралы біз жаздық. Сонымен қатар Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі болуын да жұрт жақсы қарсы алып, жаппай қолдауда.
Біріншіден – ұлт руханияты үшін маңызы зор бұл жауапты қызметке кездейсоқ адам емес, жүйені жақсы білетін, сыннан өткен кәсіби білікті кадр келді.
Арман Оразбайұлы бұған дейін Қарағанды облысы әкімі орынбасары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі және Президент көмекшісі секілді жауапты қызметтер атқарған.
Яғни, оның тәжірибесінде ішкі саясат та, мәдениет те, ақпарат та, мемлекеттік коммуникация да, өңірлік басқару да бар. Сондықтан, Арман Қырықбаевтың мәдениет және ақпарат министрлігіне келуі идеологиялық және ақпараттық саясатта жаңа серпіліс болады деген үміт туғызады.
Бүгінгі Қазақстанда мемлекетті басқару тек экономика немесе әкімшілік шешімдермен шектелмейді. Қоғамның көңіл-күйін түсіну, халықпен дұрыс сөйлесу, ұлттық құндылықтарды қорғау, ақпараттық кеңістіктегі мемлекеттің ұстанымын сауатты жеткізу қазір бұрынғыдан да өзекті.
Осы тұрғыдан қарағанда Қырықбаевтың бұл маңызы зор қызметке келуінде белгілі бір логика бар – қоғаммен, мәдениетпен және ақпаратпен жұмыс істейтін негізгі алаңға келді.
Халық мемлекеттен бүгін бұрынғыдан да көп нәрсе күтеді: ашықтықты, кәсібилікті, әділеттілікті, ең бастысы ұлттық мүддеге адалдықты және нақты нәтижені көбірек талап етіп келеді. Демек, Мәдениет және ақпарат министрлігіне келген жаңа басшы бұл саланың проблемаларын, ақпараттың қалай жұмыс істейтінін де, мемлекеттің қоғаммен қалай сөйлесуі керектігін де жақсы біледі.
Міне, қоғамның Қырықбаевқа деген үмітінің бір себебі осы.
Ел сенімі – кез келген лауазымның ең басты өлшемі. Ал сенім артылған жерде жауапкершілік те еселенеді.
Қазіргі заманда мемлекеттің күші тек қабылданған шешіммен өлшенбейді. Оның күші – сол шешімді халыққа қаншалықты түсінікті жеткізе алуында, халықтың қалай қабылдауында.
Сондықтан қоғамның жаңа кадрларға қоятын талабы да жоғары.
ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ — МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ КАПИТАЛЫ
Мемлекеттің қуаты тек экономикасымен, әскерімен немесе табиғи байлығымен өлшенбейді. Мемлекетті мемлекет ететін ең басты күштердің бірі — Ұлттың рухани қуаты, тарихи жады, тілі мен мәдениеті және ақпараттық кеңістігі.
Мәдениет пен ақпарат – мемлекеттің жай ғана бір саласы емес, ұлттық сананы қалыптастыратын, мемлекеттің идеологиялық және рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық күш.
ЮНЕСКО мәдениеттің білімнен бастап әлеуметтік тұтастыққа, диалог пен бейбітшілікке дейінгі көптеген салаларға ықпал ететінін атап көрсетеді.
«Мәдениетсіз даму – жаны жоқ өсім». Бұл мемлекеттік саясат үшін өте маңызды ой: экономикалық өсімнің өзі жеткіліксіз; мемлекеттің рухани мазмұны, мәдени негізі болуы керек.
Кім өзінің мәдениетін, тілін, тарихи жадын сақтайды — сол өзінің ұлттық болмысын сақтайды.
Ал ақпарат – қоғамның санасына әсер ететін күш, мәдениет – сол сананың мазмұны. Ақпарат кеңістігінде өз сөзін айта алған мемлекет қана өз күн тәртібін өзі белгілейді. Бүгінгі заманда ақпарат қоғамның көзқарасын қалыптастырады. Кім ақпарат кеңістігін қалыптастырса, сол қоғамдық пікірге ықпал етеді. Жалған ақпарат, тарихи фактілерді бұрмалау, ұлттық құндылықтарды әлсірету немесе сырттан келетін идеологиялық ықпал — мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Өйткені экономика мемлекеттің материалдық қуатын арттырса, мәдениет оның рухани қуатын қалыптастырады.
Ал рухани қуаты мықты мемлекет қана жаһандық ақпараттық кеңістікте өз сөзін айта алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігін тек театр, кино, кітап, өнер немесе бұқаралық ақпарат құралдарына жауап беретін ведомство деп қабылдау — мәселенің стратегиялық мәнін төмендету.
Мәдениеті әлсіз ұлттың рухы әлсірейді. Ақпараттық кеңістігі әлсіз мемлекеттің үні де әлсіз. Мәдениетін сақтаған ұлт — өзін сақтайды. Ақпаратын берік қорғай алған мемлекет — өз болашағын өзі қалыптастырады.
Осындай ауыр жүк арқалаған Арман Қырықбаевтың алдында зор міндет тұр:
Халықтың қолдауының қайтарымы – нақты нәтиже.
Жаңа министр мәдениет пен ақпарат саясатын қоғамның шынайы сұранысына жақындата алса – бүгінгі қоғамдық қолдаудың ертең нақты сенімге айналары сөзсіз.
Негізгі басымдықты есімі елге белгілі Арман Қырықбаевтың тек кәсіби қабілетіне ғана емес, қоғамдық сенім, ұлттық мәдениет, ақпараттық саясат және идеологиялық тұтастық мәселелері тұрғысынан қараған дұрыс болар.
Иә, бүгінгі қоғам мәдениеттен енді тек концерт пен фестиваль ғана, ақпараттан жаңалық қана күтпейді. Қоғам өзінің ұлттық болмысына сын көзбен қарап, «Біз кімбіз?», «Қайда бара жатырмыз?» деген беймаза сұрақтарға бекем жауап іздейді.
Сондықтан Арман Қырықбаевтың министр ретіндегі басты миссиясы – мәдениетті сақтау ғана емес, оны жаңа Қазақстанның рухани қозғалтқыш күшіне айналдыру; ақпаратты басқару ғана емес, қоғамның сеніміне ие болатын ақпараттық орта қалыптастыру.
Ал ең бастысы – ұлттық құндылық пен заманауи Қазақстанның идеясын бір арнаға тоғыстыру.
ҰЛТТЫҚ ТАМЫРЫ БАР МӘДЕНИЕТ ҒАНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ
Мәдениет пен өнер ұлттық құндылық болуы үшін ең алдымен Ұлттық идеология болуы керек. Өйткені ұлттық негізден тамыр тартқан дүние ғана ғұмырлы келеді. Ал тамырсыз дүние баянсыз болады. Ұлттық болмысты қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ұлттық маңызы бар шығармалар мен Ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор!
Яғни, Әділетті Қазақстан қағидаттары ең алдымен Ұлттық жаңа болмысты қалыптастыруға қызмет етуі керек.
Ұлттық идеологиясы мықты елдің болашағы зор.
Сондықтан да ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін мәдениетіміздің мәйекті болуына басты назар аударуға тиістіміз.
Қарапайым ғана күнделікті мысал, тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер экранға шығып жатқанда, шолақ шалбарлы шоумендер шолақ ақылын күні бойы әлеужеліде әлеуметке қақсап айтып жатқанда, жалпы осы біздің ұлттық идеологиямыздың өзі бар ма деп ойлауға тура келеді… Қазір қоғамдағы болмысымызға жат қаптаған келеңсіздіктерді көргенде, мылтықсыз майдан ұлттық мүддемізге, ұлт мәдениетіне қарсы жасалып жатқан жоқ па деп ойлауға мәжбүрміз. Отыз жылда да жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямызды енді қолға алып, Ұлттық болмысымызды Ұлтшылдық негізде қалыптастырмасақ, көрген күніміз бұдан да кері кете береді.
Қазір мемлекетіміздің халықаралық қарым-қатынаста ұстанып отырған салиқалы саясатының арқасында ешқандай дау-жанжал мен қақтығыстар болып жатқан жоқ, құдайға шүкір… Бірақ, Парламентте жалпы мәдениеттегі күрделі жағдайды 2021 жылдан бергі уақыттың өзінде бес жылдан бері бірнеше рет көтердік, әлі нәтиже шамалы… Тек кино саласының өзінде қаншама мәселе қаптап тұр?!.
Ал ең бастысы – мәдениет пен ақпаратты қоғамның рухани иммунитетін күшейтетін күшке айналдыру.
Бұл оңай міндет емес. Бірақ ел сенімі бар жерде жауапкершілік те бар. Ал нәтижелі іс — ең мықты жауап.
ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК — ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Ұлттық болмысымыздың негізін сақтап қалып, жаңа қырынан дамыту үшін алдымен жат болмыстан қорғанатын ұлттық идеологиялық, рухани ақпараттық қорғаныс тетіктерін жасау керек.
Өз басым мұндай Тәуелсіз Елдің іргесін бекемдеп, түтінін түзу ұшыруда маңызы зор саланы басқаруда іскерлік дарыны да, арыны да бар Арман Қырықбаевқа сенемін! Неге?
Бүкіл республикадан қаншама халық келген Қасымның тойында барлық шаруаны ұйымдастырып, басқарып, ең алдымен өзі шапқылап жүрген Арманды әшейінде басшыларды жақтыра бермейтін қаламгер қауым қатты ұнатып қалған еді. Сол тойда ақын-жазушылар арасында Қасымнан кейін көп аталған есім Арманның аты болған шығар…
Кейін мәдениет пен өнердің ордасы, ең үлкен қоғамдық-саяси орта Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, еліміздегі ең үлкен мегаполистің идеологиясы мен мәдениетін, әлеуметтік саласын екі рет басқарғанда да іскерлігі мен қабілетіне ел разы болған еді. Яғни, Арман Қырықбаев мәдениет пен зиялы қауымның өз адамы.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып, еліміздің идеологиясы мен ішкі саясатына, мәдениеті мен тіл саясаты, ақпарат саласына жетекшілік еткенде ұлттық мүддені қорғауда жүзі жарқын болғанын жақсы білемін. Елдік мүддеде тізе қосып, қайрат көрсеткен кезіміз де аз емес.
Осыдан 14 жыл бұрын, 2012 жылғы 30 қазанда Астана қаласында «Қазмедиа орталығының» ғимаратында Қазақстан журналистерінің Этикалық Кодексі қабылданды. Ал қалай қабылданғаны, Журналистердің Этикалық Кодексіне Қазыбек Иса қосқан
Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті талап ету бабын кімдер қолдап, кімдер қарсы шыққаны туралы сол кезде «Жас қазақ үні» газетіне шыққан мақала сөйлесін.
«Жүзден аса журналистер қатысқан отырысты Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейтқазы Матаев жүргізіп отырды. Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай Қазақстан журналистерінің Этикалық кодексін ЕҚЫҰ ресми өкілі Дуня Миятович жоғары бағалап, мұндай құжаттың журналистер үшін қажеттігін баса айтқанын жеткізді. Бас-аяғы 8 баптан тұратын Кодексті қабылдауда тартыс болмай қалмады. Жарыссөзге белгілі қаламгерлер мен журналистер, «Қазақстан» РТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин, «Егемен Қазақстан» газеті президенті Сауытбек Абдрахманов, Central Asia Monitor газеті бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, КТК телеарнасының белгілі журналисі Артур Платонов, «Президент және халық» газеті бас редакторы Марат Тоқашбай, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «7 арнаның» төрайымы Бибігүл Жексенбай, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры Қазыбек Иса, «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Түркістан» газеті бас редакторы Шәмші Пәтте, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, «1 канал Евразия» арнасы төрағасының орынбасары Камиль Рашидов және т.б. қатысты.
Жалпы Журналистердің Этикалық Кодексі қысқа да нұсқа, нақты тұжырымдар қамтылған құжат болып шыққан. Дегенмен, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры, ақын Қазыбек Исаның Журналистердің Этикалық Кодексінің «Кәсіби парыз» аталатын 1 бабының 1 тармағына, яғни журналист қызметіне «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтау» деген талапты енгізген ұсынысы қатты тартысқа түсті.
Тәуелсіз ел үшін маңызды да, ең қажетті, мемлекет мүддесін қорғаған бұл тармаққа басқа-басқа емес, “Нұр Отан” билік партиясының органы — «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов қарсы шықты. Оның сондағы айтқан сылтауы: «Ұлттық қауіпсіздікпен айналысатын арнайы орган бар, оның журналистер кодексіне қажеті жоқ»-дегенге сайды. Оны заңгер Марат Башимов та қолдады.
Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығында ел журналистері бір шешімге ұйыса біліп, бір ауыздан қабылдаған «Қазақстан Республикасы Журналистерінің этикалық Кодексі» мәжбүрлейтін заңды құжат болмағанмен, санада тұратын мәнді құжат ретінде журналистер басшылыққа алып, бағдар ұстайтын этикалық Кодекске айналатыны анық.”- деп жазды сонда “Жас Қазақ үні” газеті «Кодекстегі «Ұлттық қауіпсіздікті сақтау» талабына Байжановтар неге қарсы шықты?!.»-деген мақаласында (2012 жыл, 30 қазан).
Кейін біз парламентте бірнеше рет көтерген осы Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесі — қазір халықаралық геосаяси жағдай қиындап тұрған кезеңде ең басты мәселелердің бірі болып тұр.
Бұл – үлкен міндет. Үлкен міндетті арқалай алатын тұлғаға ел де үлкен үміт артады.
Қазақ тарихында кеңес империясы дәуірінің өзінде ұлттық идеологиялық ұстанымымен мәдени өрлеуге ұйытқы болған қаны қазақ қайраткерлерді атасақ, ең алдымен үздік үштік- Темірбек Жүргенов, Илияс Омаров және Өзбекәлі Жәнібектің есімдері аталады. Осы мәдени майданның ерлері салған жолды жалғастыру ұлтқа қызмет ете алатын майталман марғасқалардың ғана қолынан ғана келеді.
Ендеше, Қазақ Елі Тәуелсіздігінің рухани негізі Ұлттық идеология мен мәдениетіміздің дамуы қарқынды болу жолында Арман бауырымызға Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдары депутаты.
Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық — “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері
Қазыбек Иса facebook парақшасынан

