Заңға бағыну – ортақ міндет
Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызды шарттарының бірі – заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы. Осы тұрғыдан алғанда, «Заң және тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының жұмыс бағыты емес, азаматтардың күнделікті мінез-құлқын айқындайтын қоғамдық құндылыққа айналуы керек. Ал құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік осы ұстанымның нақты көрінісі болмақ.
Заң үстемдігі орныққан қоғамда құқық бұзушылықтың ауқымды немесе ұсақ екеніне қарап оған немқұрайды қарауға болмайды. Себебі қоғамдық тәртіптің әлсіреуі көбіне көзге елеусіз көрінетін әрекеттерден басталады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, қоғамдық мүлікті бүлдіру, тыныштықты бұзу, абаттандыру талаптарын сақтамау секілді әрекеттерге «ұсақ нәрсе» деп қарау уақыт өте келе заң талаптарына деген құрметті төмендетуі мүмкін.
Сондықтан нөлдік төзімділік ең алдымен жазалау шарасы емес, заңсыз әрекетті қалыпты құбылыс ретінде қабылдамау мәдениеті. Бұл ретте мемлекет те, қоғам да ортақ жауапкершілік арқалайды. Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа заң жобасының әзірленуі де осы бағыттағы саясатты жүйелеуге бағытталған. Құжат құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, «Заң және тәртіп» қағидатын күшейтуді көздейді.
Мұндай жұмыстың маңызды бөлігі – құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру. 2026 жылдың басында білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы өткізіліп, оқушылар мен студенттерге заң нормалары, құқық бұзушылық түрлері және олардың салдары түсіндірілді. Бұл – құқықтық тәрбиені тек құқық қорғау органдарының түсіндіру жұмыстарымен шектемей, білім беру жүйесінің тұрақты бағытына айналдырудың бір мысалы.
Құқықтық мәдениет адамның заңды білуінен ғана тұрмайды. Азамат өз әрекетінің басқа адамдардың құқығы мен қоғамдық ортаға әсерін түсінгенде ғана заңға құрмет қалыптасады. Осы себепті «Заң және тәртіп» ұғымын қоғам мүшелерінің өзара жауапкершілігімен байланыстыра қараған жөн.
Бұл жерде цифрлық технологиялардың да мүмкіндігі артып келеді. Ішкі істер органдары іске қосқан «Заң мен Тәртіп» сервисі арқылы азаматтар жол ережесін бұзу, жол-көлік оқиғасы, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және өзге де оқиғалар туралы фото-видео ақпарат жібере алады. Сервис іске қосылғаннан кейін оған 14 мыңнан астам хабарлама түскен. Мәліметтердің басым бөлігі жол ережесін бұзу, жол-көлік оқиғалары және қоғамдық орындарды ластау фактілеріне қатысты болған.
Мұның мәні – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың өздерін де тарту. Яғни «Заң және тәртіп» тек жоғарыдан төмен қарай жүзеге асатын талап емес, қоғам мүшелерінің күнделікті қатысуын қажет ететін жүйеге айналып келеді. Азамат заң бұзушылықты көріп, оған немқұрайды қарамай, белгіленген тәртіппен хабарлаған жағдайда қоғамдық бақылау күшейеді.
Нөлдік төзімділіктің тағы бір маңызды қыры – профилактика. Құқық бұзушылық орын алғаннан кейін жазалау маңызды болғанымен, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Осы ретте Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрландыру мен жасанды интеллектіні одан әрі дамытуды көздеп отыр. Ведомство құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік пен заң бұзушыларды міндетті түрде жауапкершілікке тарту қағидатын қатар қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен.
Нөлдік төзімділік қағидатының тиімділігі оның күнделікті өмірдегі нақты әрекеттерден көрінуіне байланысты. Мысалы, қоғамдық кеңістікті таза ұстау, жол қозғалысы ережесін сақтау, бөтеннің мүлкіне құрметпен қарау, қоғамдық орында тәртіп сақтау – сырт көзге қарапайым талаптар. Бірақ дәл осындай қарапайым нормалар қоғамдық тәртіптің негізін құрайды. Павлодар облысындағы биылғы рейдтік шараларда абаттандыру талаптарын бұзуға қатысты шамамен 5 мың деректің анықталуы да осы мәселеге қоғам тарапынан тұрақты назар қажет екенін көрсетеді.
Заңға бағыну қорқыныштан емес, оның қоғамдағы әділет пен қауіпсіздіктің негізі екенін түсінуден туындағанда ғана берік құқықтық мәдениет қалыптасады. Сондықтан құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың ортақ ұстанымы. Ал «Заң және тәртіптің» шынайы нәтижесі құқық бұзушылық жасалғаннан кейін қанша адам жазаланғанымен емес, қоғамда заң бұзуға деген ішкі қажеттіліктің қаншалықты азайғанымен өлшенуге тиіс.

