Энергетиктермен ашық диалог
«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында энергетика саласының еңбек ұжымымен кездесу өтті. Байқоңыр аудандық сайлау штабының өкілдері «Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы» акционерлік қоғамының («АРЭК» АҚ) қызметкерлерімен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесуді Байқоңыр аудандық сайлау штабының модераторы Тұрғанбай Ержан жүргізді. Жиын барысында «Әділет» партиясының сенімді өкілдері Сүлейменова Айсұлу, Исқақова Бибігуль, Абаканов Елдос қатарлы кандидаттар сөз сөйлеп, «Әділет» партиясының қоғам дамуына қатысты басымдықтарына тоқталды. Әңгіме барысында экономиканың тұрақты дамуы, өндірістік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек адамының мәртебесін көтеру және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері қозғалды.
«АРЭК» АҚ Ақмола облысының 14 ауданы мен Астана қаласындағы тұтынушыларға электр энергиясын беру және тарату қызметін жүзеге асырады. Компания Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосылған. Осыған байланысты кездесуде электр желілерінің сенімді жұмыс істеуі, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту, заманауи технологияларды енгізу және сала мамандарының кәсіби еңбегін қолдау секілді маңызды мәселелерге назар аударылды.
Кездесу біржақты баяндама форматында емес, ашық пікір алмасу және тікелей диалог түрінде өтті. Еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, әлеуметтік-экономикалық даму мен еңбек саласына қатысты ұсыныстарын білдірді. Кандидат пен сайлау штабының өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерінің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Кездесу өзара түсіністікке, ашық пікір алмасуға және азаматтармен тікелей байланысты нығайтуға бағытталды.

