Базардағы тұрғындармен кездесті
«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Орда» әмбебап базарында тұрғындармен және сауда орындарында еңбек етіп жүрген азаматтармен экспромт-кездесу өтті.
Кездесудің басты ерекшелігі – алдын ала белгіленген ресми жиын емес, азаматтармен тікелей әрі еркін форматта ұйымдастырылуы. Байқоңыр аудандық сайлау штабының өкілдері базар аумағында кәсіпкерлермен, сатушылармен және келушілермен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесуді Байқоңыр аудандық сайлау штабының өкілі Тұрғанбай Ержан жүргізіп, азаматтардың пікірлерін тыңдады. Ал Искакова Бибігүл партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат беріп, оның негізгі басымдықтарын түсіндірді.
Кездесу барысында азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін ашық жеткізді. Сайлау штабының өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, партияның сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті дамыту мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мүддесін қорғауға басымдық берілетінін атап өтті.
Байқоңыр аудандық сайлау штабы алдағы уақытта да тұрғындармен, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен ашық кездесулер өткізіп, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.
