АБАЙДЫ АЙТУ – АБАЙДЫ ТҮСІНУ ЕМЕС…

Бүгін – Абай күні.
Дүйім жұрт Абайды айтып, Абайды арқау етіп, әлеуметтік желіні ақынның сөзіне толтырып жатыр. Бұл – қуанышты құбылыс. Бірақ Абайды бір күн еске алып, бір күн өлеңін жариялау аз.
Абайды оқу – өзіңе үңілу.
Абайды түсіну – өзіңді сынау.
Абайды сүю – оның айтқанын өміріңе енгізу.
Біз Абайдан білімді ғана емес, мінезді де үйренуіміз керек. Ол өз заманын сынай отырып, бүгінгі қазаққа да айна ұстап кеткен жоқ па?!
Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Абай айтқан кейбір мінезден арыла алмай жүргеніміз – ақынның сөзі ескірмегенінің емес, біздің кейбір кемшіліктеріміздің әлі ескірмегенінің белгісі.
Мен де осыдан алты жыл бұрын:
«Ұлы тұлғам, ісімді айып көрме,
Бір тұяғың сыр шертті мұңды тағы…» – деп, Абайға мұң шаққан едім. Бүгін сол өлеңге қайта үңілсем, кейбір жолдарыма өзім де жауап іздеймін. Абай бізге дайын жауап қалдырған жоқ.
Ол бізге ойланатын сана, оянатын рух, түзейтін мінез қалдырды. Ендеше, Абай күні – Абайды мақтайтын ғана емес, Абай алдында өзімізге есеп беретін күн болсын. Ұлы Абайдың рухы әр қазақтың жүрегіне сәуле түсірсін!
Сөзіміз – саналы, ойымыз – терең, мінезіміз – көркем болсын!
Абай күні құтты болсын, ағайын!
Құрметпен,
«Сырлы әлем» Жазушылар одағының
Оңтүстік аймақ басшысы,
ақын Әбдуәлі Мейрамбек Қайратұлы
Мұң шағамын Абайға
14.08.2020
Қазақтың қараңғыға тұнды бағы,
Сөнуде не бір жақұт құнды шамы.
Ұлы тұлғам ісімді айып көрме,
Бір тұяғың сыр шертті мұңды тағы.
Қулық-сұмдық кетпей тұр бығып әлі,
Тәубе етпеді жылпос пен ұры-қары.
Сырт келбет, киінумен тұрмыс өзге,
Қуанады бір-бірін жығып әлі.
Дербестікке талайлар бұл асықты,
Жетсе де, өткен көшке ұласыпты.
Даңғой жұртың әм надан баяғыша,
Сенің қайғың жанымды құлазытты.
Басқа қонған батпандай бақ қор болды,
Жан ұшыра күрескен шақ қор болды.
Өз тілінің тебумен өзегінен,
Шұбарланып ақзу тіл ақ сор болды.
Ақ арақты ойланбай құлғытады,
Бұзылып көркем мінез-құлқы тағы.
Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Ен далаға еріксіз бас шұлғытады.
Тусада батыр, зерек ұл қырағы:
“Тәрбиесі тал бесіктен құлдырады”.
“Қартта — мейір, балада — пейіл қалмай”,
Зұлымдық әр сәт сайын құлпырады.
Жеңіп жатыр меніңше құлқын әлі,
Көбі еріп, азы тек жұлқынады.
Алты алашты бес уақыт дұға етем,
Келмес сірә, Тәңірсіз құлдың әлі.