Орыс-Украин қақтығысындағы Қазақстанның бітімгерлік әлеуеті


Тақырыпты бірден бұлай атауымызға қарап, былайғы жұрт екі елдің арасына ешқашан араағайындық жасауға кіріспеген Қазақстанның қай әрекетінде бітімгершілік көрністері бар деген сұрақты қоюы әбден мүмкін. Бажайлап қарасаңыз- қай кезде де бейбітшілікті жақтап, қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешуді дәріптейтін қазақ елі, бұл мәселеле де өз көзқарасына білдіірп, тараптарды ойлануға шақырған екен.
2022 жылы басталған Ресей–Украина соғысы ЕДС-тан бергі Еуропадағы ең ірі қарулы қақтығыс ретінде тарихқа қалатын болды. Бұл соғыс- әлемдік саясаттың жаңа кезеңін айқындаған геосаяси оқиғаға айналды. Қақтығыс халықаралық саудаға, азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетика нарығына және көлік дәліздеріне айтарлықтай әсер етті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатына сүйеніп, халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа алған теңгерімді ұстанымын сақтай білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қазақстан ешбір әскери блоктың сойылын соғуға қатысқан жоқ. Әйтпесе, Кремілдің саясаткерлері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымды (орысша ОДКБ) көлденең тартып, қазақтарды да соғысқа араластыру ойларын, астарлай жеткізгені жасырын емес еді.
Осындай сын сағаттардың туғанына қарамастан қазақ елі Ресеймен стратегиялық серіктестікті де, Украинамен дипломатиялық қатынасты да сақтап қалды. Бұл ұстаным халықаралық қауымдастық тарапынан Қазақстанның жауапты әрі салмақты дипломатиялық бағыты ретінде бағаланды.

Халықаралық құқыққа негізделген сыртқы саясат
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап сыртқы саясатында мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидатын негізгі ұстанымдардың бірі ретінде жариялап, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізетіндігін ашық ортаға қойды. Астана осы ұстанымынан әлі күнге дейін айныған жоқ.
Екі елдің ортасында соғыс өрті тұтанғалы бері Президент Тоқаев бірнеше халықаралық форумда барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігі БҰҰ Жарғысына сәйкес қорғалуы тиіс екенін мәлімдеді. Қазақстан әскери күш қолдану арқылы туындаған мәселелердің ұзақ мерзімді шешімі болмайтынын айтып, барлық қайшылықтарды келіссөз арқылы шешуге шақырып келеді. Бұл ұстаным Қазақстан үшін кездейсоқ таңдау емес. Елдің географиялық орналасуы, ірі державалармен тығыз экономикалық байланысы және көпвекторлы сыртқы саясаты мұндай жағдайда ерекше дипломатиялық сақтықты талап етеді.
Қазақстан үшін Ресей де, Украина да маңызды әріптестер болып саналады. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі әрі ортақ шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекаралардың қатарына жатады. Украинамен де тәуелсіздік жылдарында экономикалық және гуманитарлық байланыстар қалыптасты. Осындай жағдайда Қазақстанның бір тараптың мүддесін ашық қолдауы ұлттық мүддеге қайшы келер еді. Сондықтан ресми Астана әскери немесе саяси одақтардың ықпалына ермей, өз ұстанымын халықаралық құқық негізінде қалыптастырды. Сарапшылардың пікірінше, бұл саясат кейде сырт көзге бейтараптық ретінде көрінгенімен, шын мәнінде халықаралық құқық қағидаттарына сүйенген прагматикалық дипломатия болып табылады.
Сөйте тұра, әлемдік нарықтардағы аса күрделі өзгерістерге қарамастан қазақ елі ұлттық экономиканы сыртқы күйзелістерден сақтай білді. Сондай-ақ кейбіреулердің күстаналағанындай «Қазақстан ресейдің халықаралық санкцияларды айналып өтетін алаңына» айналмасатан, өз жолымен жүріп келеді. Ал, Ресеймен заңды сауда-экономикалық байланыстар өз қалпын сақтап қалды. Экономистер бұл туралы «Қазақстан халықаралық серіктестер алдындағы сенімділігін сақтап қалды. Ел Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Қытаймен және Ресеймен экономикалық байланыстарын қатар дамытуға күш салып отыр»- деп жоғары баға берді.

Араағайындық әлеуетті бар ел
Қазақстан халықаралық келіссөздерді ұйымдастыруда тәжірибесі бар мемлекет ретінде танылып үлгерген ел. Осы тұрғыдан Ресей-Украина арасына делдал болуға толық мүмкіндігі де әлеуеті де бар ел екенін айта кеткен жөн. Алайда, Ресей–Украина қақтығысында Қазақстан өзін ресми делдал ретінде ұсынған жоқ. Алайда президентіміз мәселені бейбіт келіссөздер арқылы шешуді, екі ел басшыларының кездесуін ұйымдасытруға дайын екендігін ашық айтты да. Осыған орай халықаралық сарапшылар Қазақстанның бейтарап ұстанымы болашақта тараптар арасында сенім қалыптастыруға мүмкіндік бере алатынын бірнеше рет атап өтті.
Дипломатия тарихында бейбіт келісімдердің көбі жанжалға қатыспаған мемлекеттердің аумағында өткен. Сондықтан Қазақстанның бейтарап әрі теңгерімді саясаты оның ұзақ мерзімді дипломатиялық әлеуетін арттыра түседі.

Орта державаның жауапкершілігі
Президент Тоқаев соңғы жылдары халықаралық қатынастарда «орта державалардың» рөлі күшейіп келе жатқанын бірнеше рет айтты. Оның пікірінше, жаһандық тұрақсыздық жағдайында дәл осындай мемлекеттер ірі державалар арасындағы сенімді нығайтып, диалогтың сақталуына ықпал ете алады. Қазақстан өзін әскери немесе саяси ықпал арқылы емес, дипломатия, келіссөз мәдениеті және халықаралық құқықты құрметтеу арқылы танытып келеді. Бұл ұстаным Ресей–Украина соғысы кезінде де айқын көрінді. Қазақстанның халықаралық бастамаларының негізгі мақсаты – бір тараптың жеңісі емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылықты сақтау. Сондықтан ресми Астана барлық тараптарды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақыруын жалғастырып келеді.

Қазақстанның ұстанымы
Соғыс басталған 4 жылдан бері Қазақстан ешбір тарапқа қарсы агрессивті риторика қолданған жоқ. Сонымен бірге халықаралық құқық қағидаттарын қорғаудан бас тартқан жоқ. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы 17 маусымда Санкт-Петербургтегі халықаралық жиналыста, Путинге тіке қарап отырып, «Қазақстан «ДНР» мен «ЛНР» тәуелсіздігін мойындайды» деп салғаны бар. Ол бұл аймақтарды «квазимемлекеттік аумақтар» деп атап, БҰҰ жарғысының қағидаттарына сүйенетінін айтты. Осындай теңгерімді саясат елдің халықаралық беделін сақтап қана қоймай, оны жауапты серіктес ретінде таныта түсті. Көптеген халықаралық сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатын «прагматикалық дипломатияның үлгісі» ретінде бағалайды. Мұндай саясат күрделі геосаяси жағдайда ұлттық мүддені қорғауға және әртүрлі серіктестермен өзара сенімді сақтауға мүмкіндік береді.
PS: Ресей–Украина соғысы халықаралық жүйенің қаншалықты күрделі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осындай жағдайда Қазақстан күш көрсетуге емес, диалогқа, текетіреске емес, келіссөзге басымдық беретін сыртқы саясат ұстанып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған бұл бағыт Қазақстанның халықаралық құқыққа адалдығын, көпвекторлы дипломатияға берік екенін және бейбітшілікті қолдайтын мемлекет ретіндегі ұстанымын айқын көрсетті. Бұл саясат елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның жаһандық деңгейдегі жауапты әрі сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтуға қызмет етіп келеді.

Ерқазы Сейтқали