Түркістанда ауқымды Open Air форматындағы кеш өтті
Киелі қаладағы «Керуен сарай» туристік кешені маңында кешкі Open Air кеші өтті. «Әділет» партиясының Түркістандағы өңірлік сайлауалды науқанының алғашқы күні ауқымды «ӘDILET EVENT» қоғамдық іс-шарасымен аяқталды.
Сахнада қазақстандық танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Кештің ең ерекше сәті жүздеген дрон қатысқан жарық шоуы болды. Түнгі аспанда ұшқышсыз ұшу аппараттары бірінен соң бірі жарық анимацияларын бейнеледі. Көрермен Қазақстан картасының сұлбасын, қалықтаған бүркітті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тайқазанды, Ұлы Жібек жолының керуенін және жүрек белгісі бар Turkistan жазуын тамашалады. Шоудың қорытынды бөлімінде партияның логотипі, «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» композициялары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және алдағы сайлаудың күні – 23 тамыз бейнеленді. Жарық композициялары партияның өңірлік турына арнайы әзірленген дрон-шоудың тұжырымдамасына сәйкес ұсынылды.
Көрермен қауым әрбір жаңа композицияны зор ықыласпен тамашалап, қол шапалақтап отырды. Көпшілік әсерлі сәттерді ұялы телефонға түсіріп, алғашқы бейнежазбалар бағдарлама аяқталмай жатып-ақ әлеуметтік желілерде тарала бастады. Еске салайық, осы күні партия өкілдері Түркістан облысының кәсіпкерлерімен, аграршыларымен, спортшыларымен, педагогтерімен, қолөнершілерімен және тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Онда «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстар талқыланды. Партияның мәліметінше, кездесулер барысында айтылған барлық бастама жүйеленіп, алдағы жұмыста қаралады.

