Түркістан: Астана күні патриоттыққа бастайтын бірқатар іс-шара өтті
Астана – еліміздің мақтанышы, тәуелсіздігіміздің жарқын символы. Астана күні мерекесіне орай түркістандық кітапханашылар бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Соның алғашқысы қалалық балалар кітапханасы мен заманауи кітапханалардың бірлесіп ұйымдастыруымен ашық аспан астында тағылымды мәдени-танымдық іс-шара өтті. Іс-шара барысында оқырмандар назарына Астана қаласының тарихы, көрікті орындары, сәулет нысандары мен еліміздің жетістіктері туралы кітаптар мен танымдық басылымдар ұсынылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар көрмемен танысып, кітаптарға қызығушылық танытты. Сонымен қатар балалар арасында сурет салу шығармашылық алаңы ұйымдастырылып, олар жерге түрлі-түсті бормен елорданың басты символдары – Бәйтерек пен Ақорда ғимаратының көркем бейнелерін салды. Балалардың шығармашылық жұмыстары мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың туған елге деген сүйіспеншілігі мен қиялын айқын көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары белсене қатысты.
Астана күніне орай келесі іс-шара Түркістан қаласындағы «Индира» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндерімен еліміздің бас қаласына арналған қызықты виртуалды саяхат ұйымдастырылды. Саяхат барысында бүлдіршіндер Астананың көрікті орындарымен танысып, Бәйтерек, Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хан Шатыр сынды сәулетті ғимараттар туралы қызықты мәліметтер алды. Танымдық ойындар мен сұрақ-жауап арқылы балалардың туған елге, Отанға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы арта түсті. Елордамыздың тарихы мен жетістіктерін жас ұрпаққа таныстыру – олардың бойында елжандылық пен патриоттық рухты қалыптастырудың маңызды қадамы.
Түркістан қалалық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен 6 шілде – Астана күніне орай «Еңселі Елорда – асқақтаған Астана!» атты жыр шашу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – оқырмандарды Астана қаласының бүгінгі келбетімен, даму жетістіктерімен таныстырып, олардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елжандылық рухын қалыптастыру. Шараға кітапханашылар мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында кітапхана оқырманы Таубай Ислам қазақтың қара домбырасымен попурри орындап, ұлттық өнердің көркін паш етті. Сондай-ақ Түркістан қалалық орталық кітапханасының кітапханашылары Төлбасы Эльвира, Рысбай Мейірім, Рысбай Сәния, Абдулла Құндызай және Алдашбек Аяна Астана туралы жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Іс-шара соңында қатысушылар «Асқақта, айбынды елдің Астанасы» атты кітап көрмесімен танысып, елордамыздың тарихы мен жетістіктеріне арналған әдебиеттерге шолу жасады.

