Сарысу ауданында салауатты өмір салтын серік еткен жастардың «ВелоFest» жарысы өтті

Бүгін Сарысу ауданының Орталық алаңы ерекше қарқын мен спорттық рухқа кенелді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес» күніне орай «ВелоFest – салауатты өмір салты» атты веложарысы жоғары деңгейде өтті. Спорттық шараның басты мақсаты — Сарысу ауданының өскелең ұрпағын зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Денсаулық пен шымырлықты жанына серік еткен Сарысу ауданының жас велошабандоздары бұл күні өз араларында кім мықтыны анықтау үшін бақ сынасты.

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов қатысушыларды құттықтап, жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруда мұндай шаралардың маңыздылығы зор екенін ерекше атап өтті. Мұнан соң Сарысу ауданы бойынша ПБ-нің бастығы Ринат Оразбайұлы да ізгі лебізін білдіріп, спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Сөре сызығынан аттанған жас велошабандоздар арасындағы бәсеке өте тартысты әрі қызықты өтіп, әрбір қатысушы мәре сызығына бірінші жету үшін бар күш-жігерін салды. Тартысты өткен доданың қорытындысы бойынша бас жүлдені яғни 1-орынды Төрехан Нұрасыл иеленсе, 2-орынды Ерғаш Диар, 3-орынды Сердалы Досымжан, ал 4-ші және 5-ші орындарды Жолдасбек Беделхан мен Аймахан Мейірхан өзара бөлісті. Дүбірлі жарыста оқ бойы озық шығып, жеңімпаз және жүлдегер атанған барлық спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Шара соңында қатысушылар мен жанкүйерлер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып, бұл күннің Сарысу ауданының спорт сүйер қауымы үшін үлкен мерекеге айналғанын жеткізді.