Түркістандық қаламгер, сазгер Бекжігіт Сердәлінің шығармашылығы насихатталды

Түркістандық белгілі сазгер, журналист, профессор Бекжігіт Сердәлінің шығармашылық кеші өтті. Бұл жолы жұлдызды түннің әуені Састөбеде шырқалды. «Түнгі кітапхана» жобасы аясында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өнер иесінің шығармашылығы кеңінен насихатталып отыр. «Жұлдызды түннің әуені» атты шығармашылық ән кешінің басты мақсаты оқырман қауымның әдебиетке, поэзияға, өнерге деген қызығушылығын арттыру, кітапхана ісіне жаңа серпін беру болып санаалды. Нәтижесінде мақсат та орындалып, шығармашылық пен руханиятты тоғыстырған ерекше мәдени алаң құру болды.

Бекжігіт Кенжебекұлы Сердәлі – екі алып саланы, яғни журналистика мен өнерді қатар алып жүрген шығармашылық тұлға. Түркістан өңірінің тумасы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор. Ол ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында және жоғары оқу орындарында еңбек етіп, қазақ журналистикасы мен тіл мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Ғалым ретінде «Баспасөз аудармасы», «Қазіргі газет жанрлары», «Әдеби редакциялау» секілді оқу құралдарын жазып, студенттер мен жас қаламгерлерге бағытталған құнды еңбектер ұсынды. Сонымен қатар композиторлық қырымен де танылып, ел жүрегіне жол тапқан «Түркістан», «Жас жұбайлар», «Неге-неге», «Ауыл жатыр той жасап» секілді көптеген әуезді әндердің авторы атанды. Оның туындылары туған жерге, адамгершілік пен махаббатқа арналған шынайы сезімге толы. Бүгінде ғылым мен өнерді үйлестіре білген Бекжігіт Сердәлі Қазақстанның Мәдениет қайраткері және Мәдениет саласының үздігі, сондай-ақ Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы атанды.

Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түлкібас ауданы әкімінің аппарат басшысы Фархат Тастайбекұлы сөз бастап, жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Ән мен жырдың әуезіне толы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айжан Тәженова, сондай-ақ эстрада және дәстүрлі ән орындаушылары Мақсат Айтжанов, Шерхан & Жансұлу дуэті, Тәттімбет Керей мен Бекзат Сәкенұлы сахна төріне шығып, тыңдарманды әсем әуенге бөледі. Ал Тельман Бейсен, Айдар Сейдазым, Гүлнар Өмірбек, Дәурен Айманбетов, Арқалық Әмәлият, Арайлым Мұраталиева, Сезім Мергенбай, Бауыржан Ерман, сондай-ақ жазушы, журналист, әліппетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алтын қалам» байқауының лауреаты Ділдәгүл Нұрмаханбет бастаған зиялы қауым өкілдері кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Оқырман үшін ең ғажап тұсы кітап көрмесі саналады. Мұнда жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай «Ойы терең, шабыты шалқар қаламгер» атты арнайы кітап көрмесі жасақталыпты. Көрмеде қаламгердің шығармашылық жолын айғақтайтын туындылары, зерттеу еңбектері мен оқырманға жол тартқан кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Әдебиет пен өнерді тоғыстырған бұл мәдени шара жұлдызды аспан астында өткен ұмытылмас сәтке айналып, көптің көңілінде ерекше әсер қалдырды.