Абай ілімі қалай зерттеледі?

Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, дана ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл тек бір ұлт үшін емес, барша адамзат үшін маңызды мәдени-рухани белес. Халқымыздың жүрегінен орын алған дара тұлға өзінің өлеңдерімен, қара сөздерімен, аудармаларымен қазақ әдебиетінің жаңа бағытын қалыптастырды. Ақын өз заманының рухани көшбасшысы бола отырып, білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеді. Оның «Толық адам» концепциясы бүгінгі күні де өзекті. Біртуар тұлғаның еңбектерінде халқымыздың өмір салты, ар-ождан, тәрбие мен имандылық мәселелері кеңінен қозғалған. Ол Пушкин, Лермонтов, Гете сынды әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін қазақ даласына алғашқылардың бірі болып таныстырды.


Түркістанда ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай даналығы – халық мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Онкүндік аясындағы іс-шараға абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Әліпхан, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи- мәдени музей қорығы, «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы сонымен қатар музей және кітапхана қызметкерлері қатысты. Шараның мақсаты Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттап, оның кемел адам ілімі мен дүниетанымдық көзқарастарын бүгінгі күнмен сабақтастыруға, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Шара барысында спикерлер ұлы ойшылдың әдеби және философиялық мұрасына терең үңіліп, Абай ілімінің қазіргі қоғамдағы өзектілігі мен маңызын атап өтті. Қатысушылар ой бөлісіп, ғылыми тұжырымдар мен тың идеялар ұсынды. Кемелдік, әділет, адамгершілік ұғымдарына негізделген Абай даналығының ұлттық болмыс пен руханияттың алтын қазығы екені кеңінен сөз болды. Жиын соңында кітапхана директоры Жанат Шардарбекова онкүндік аясында өткізілген түрлі форматтағы іс-шараларға тоқталып, жиынға қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар Абай мұрасын ұлықтау ұлттың рухани жаңғыруының негізі, ел болашағының сенімді тірегі екенін атап өтті.

Кітапханада бұдан соң «Абай – қазақтың рухани ұстазы» атты кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – хакім Абайдың бай мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Шара аясында оқырмандар Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен философиялық тұжырымдары жайында тың деректермен танысып, ақынның қара сөздері мен өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Кітапхана мамандары Абай мұрасының бүгінгі күнмен үндестігін атап өтіп, рухани байлықтың қайнар көзі ретінде ақын шығармаларының маңызын ашып көрсетті.
Кеш соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонша ғасыр өтсе де, Абай сөзі өміршең. Оның шығармалары әлі де ұрпаққа өнеге, жолбасшы. Абайды тану – өзімізді тану, өткенімізді бағалау, болашағымызды бағдарлау.

Түркістан қаласы