Түркістанда Абай мұраларына арналған онкүндік өтті
Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Түркістан қаласында «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты онкүндік өтті. Аталған шара Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның қара сөздері мен поэзиясы арқылы жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға және әдеби-көркем ойлауын қалыптастыруға бағытталған мәдени-ағартушылық бастама болып саналады. Сонымен қатар онкүндік аясындағы іс-шаралар арқылы ұлттық рухты күшейту және жас ұрпақтың әдеби мұраға деген құрметін арттыру көзделген.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Омар Жексенбаев қатысып, ресми түрде ашып берді. Ол өз сөзінде онкүндіктің маңыздылығына тоқталып, Абай мұрасының ұлттық сана қалыптастырудағы рөлі туралы атап өтті. Шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері Абайдың әндерін орындап, «АКА» шығармашылық орталығының актерлық үйірме мүшелері «Бала Абай» сахналық қойылымын көрермен назарына ұсынды. Кешке арнайы шақырылыған қонақтьар да белсене атсалысты. Оның қатарында Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Айғаным Абанқызы, ақын, Нұрғали Сердалиев, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев сөз сөйлеп, Абайдың даналығы мен оның бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде өз ой-пікірлерін білдірді. Балалар мен жасөспірімдер көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылар және ҚР Ұлттық Ұланы 5574 әскери бөлімінің сарбаздары ақынның өлеңдерін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл жастардың ақын мұрасына деген қызығушылығын айқын көрсетті. Іс-шара соңында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова сөз сөйлеп, Абай шығармашылығының өскелең ұрпақ үшін маңызын атап өтіп, онкүндік аясында өтетін іс-шаралар жоспарына қысқаша шолу жасады.
Қорытынды іс-шараға Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, ардагер журналсит Роза Нарымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек және «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қатысып, ашып берді. Алдымен онкүндік аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінен жасалған бейнебаян көрсетілді. «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің «Алқоңыр» оркестрі, әншілері және скрипкада ойналған жанды дауыстағы Абай әндері, оқылған өлеңдері келген қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Шараға Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, ақын Мұхит Мақажанов, Сауран аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов арнайы қатысып сөз сөйледі. Абайдың өмірі жайлы кеңінен тарқатып, шығармашылығының маңыздылығына тоқталып өтті. Түркістан мен Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Сауран аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің және Түркі тілдес халықтары кітапханасының арнайы жасақталған кітап көрмесі қонақтар мен оқырмандар назарына ұсынылды.
Абайдың кейнгі ұрпаққа қалдырған мұрасы өлшеусіз рухани қазына екені белгілі. Оның қара сөздері мен поэзиясы адамзаттық биік ойдың, имандылық пен парасаттың көрінісі. Сол себепті аталған шаралар жиынтығы Абай мұрасын терең танып, санамызға сіңіру жолындағы маңызды мәдени оқиға болды. Онкүндік аясындағы шаралар күнделікті жалғасып, түрлі форматтағы әдеби кештер, поэзиялық оқылымдар, пікірсайыстар мен конференция өткізу жоспарланған. Әрбір тағылымды шара көпшіліктің көңілінен шығып, оықманның қызығушылығын арттыра түсті.
Түркістан қаласы


