Отты жылдар сөйлейді…

Соғыс ардагері Базархан Байназаровтың немересі Мәдинаның шығармашылық жұмысынан үзінді: 

«Ардагер атамды көзі тірісінде көре алмадым, тек әбден сарғайып, ескірген фотосуреті ғана біздің отбасылық альбомда сақталыпты. Атамның әскери киім киген өңірінде «Красная Звезда» ордені мен «За отвагу» және «За взятие Берлина» медальдері жарқырайды. Сұрапыл соғыстағы  атамның басынан кешкен оқиғаларын әкем маған әңгімелегенде демімді ішімнен алып, зейін қоя тыңдайтынмын. Менің көз алдыма атамның бейнесі ертегілердегі қас батырлардай елестеуші еді.

Сондай естіген әңгемелерден есімде қалған бір-жарын сіздермен бөлісейін:

Базарханов

Атам-Байназаров Базархан 1924 жылы туған, майданның ең алдыңғы шебінде  сержант шеніндегі полк барлаушысы болған екен. Бұл майдандағы өте қиын да қауіпті міндет еді. Осындай істерді атқаруға комсомол сапындағы өжет, қимылы ширақ, қарулы азаматтарды алатын. Менің атам осы талаптарға сай келген көрінеді, комсомолдық анкетасында «байсалды, өз қатарластарының арасында өжеттігімен ерекшеленеді» деп жазылған. Полк барлаушылары арнайы дайындықтан өтеді: олар жекпе-жек сайыс, төзімділікке арналған шынықтырулар және басқа да әдістерді меңгереді, қазіргі кезде кинода көрсетілетін атыс-шабыс, жарқ-жұрқ еткен көріністері бар қойылымдарға ұқсайды. Осындай әзірліктен өткен олар оттан да, судан да сескенбейтін нағыз жүрекжұтқандарға айналады. Полк барлаушыларының подразделениясы майдан шебінің өтінде орналасады. Бұларды шұғыл бұйрық түссе күн-түн демей жау жасағы жаққа жөнелте береді. Басшылықтың тапсырмасына орай олар «тіл» әкеліп, одан қажетті мәліметтер алады. Майдан шебін кесіп жау тылына өту өте қиын шаруа. Тікенекті темір сымның астынан жыланша ирелеңдеп, немістер көміп тастаған миналарға соқтықпас үшін әр қадам жерді сипалай, жау желкесіне жетіп, қашан бір маңызды «тіл» көзге іліккенше тапжылмастан тосасың. Штаб офицерлерінің бірі кездесе қалса жымын білдірмей мысықша атылып, оны байлап-матап ала қашасың. Менің атам осындай маңызды «тіл» жеткізгені үшін «Красная Звезда» орденін алған болатын. Бұл сарбаздар жаудың іс-қимыл, ғадеттерін жақсы зерттеп алатын-ды. Олардың бойына сіңген тәртіптілік сияқты әдеттерін жақсы пайдалануға болатын, асқа белгілі бір уақытта ғана отырады, сондай-ақ басқа да мұқтаждықтарын үйреншікті мезгілде ғана өткереді, сонымен қатар олар өздерін ешкім төтеп бере алмас жойқын әскер санау кеселінен де мардамсып, күзет үстінде қалғып алудан кенде емес-ті. Осындай жорықтардың бірінде мынадай оқиға болыпты: атамның барлаушылар тобын жау байқап қалып,  қатты атыс басталып кетеді. Осы қым-қуыт атыс кезінде бірнеше жауынгер қаза тауып, біреуі жау қолына түседі. Барлаушылар арасында «жау қолына не тірі, не өлі түспеу керек» деген  ішкі қағида бар. Сондықтан тірі қалғандары қолды болған жолдастарын азат ету үшін оңтайлы сәтті күтіп, мый батпаққа тұмсықтан бата тығылып, үш күн, үш түн отырады. Түннің бір уағында жаудың күзетін жойып, жау блиндажіне лап қояды. Ұйқы құшағында жатқан жау әскерін қырып тастап, стол үстіне керіп, кеудесіне жұлдыз ойылған жолдастарының өлігін алып кері шығады. Осындай жан түршігерлік жағдайдан соң атам неміс фашистерін бұрынғыдан әрман жек көреді. Тіпті соғыс аяқталып, ел бейбіт өмір сүріп жатқан шақтың өзінде де егер радиодан неміс даусы естілсе, жақтырмай сөндіріп тастайтын-ды.

Полк барлаушылары сол полк штабының төңірегінде орналасатын. Олар өзгелерге тән кейбір әскери міндеттерден босатылып, жалпы жағдайлары да ерекше болатын. Жау тылына түнде тапсырмамен барып қайтқан жауынгерлер күндіз дем алып күш жинайды, ішетін астарында жатын орнына апарып беретін-ді. Олар келесі тапсырмаға шыққанша өз қалауларынша уақыт өткізеді. Дойбы ойнап, карта соғады. Әкем-Сәулебектің айтуынша атам дойбыны жақсы ойнаған көрінеді. Сол қасиеті әкеме дарып, одан маған да қонған тәрізді.

Атаммен бір полкта оның Василий Мешков деген жерлесі де майдандас болыпты, Сарқан райвоенкоматынан қатар шақырылған екен. Соғыстан екеуі де аман-есен оралып, сол кезде Антоновка аталған ауылда тау-тәтті өмір сүреді. Орыс, қазақпыз деп бөлінбей, бала-шағалары араласа өсіп Сәулебек, Геннадий, Айсабек, Сергей, Анна бәрі бір үйдің балаларындай тай-құлындай тебісіп ер жетеді. Туыстыққа тән осы жақындықтың түп тамыры сонау қанды, қахарлы жылдармен байланысты еді, енді сол әңгімеге ден қоялық:

… Бір жолы немістер өте қатты бомбылай бастады – деп еске алатын Василий ата, – Сонымен жан сақтап, окопта бұғынып жатуға мәжбүр болдық, бомбаның ысқырып келіп түсіп жатқан жеріне қарағанда ол менің осы Базархан жерлесімнің блиндажы екенін анық аңғаруға болатын-ды. Сол тұсқа қарай тұра ұмтылдым, блиндаждың алты қабат бөренесін тас-талқан етіп, жан-жаққа шашып жіберіпті. Оның орнында үңірейген үлкен апан жатыр. Бұл сұмдық көріністі көзім көріп тұрса да жерлесімнің тірі екеніне күмәнім болмады, саперлік күрегіммен әдетте Базархан тынығатын бұрыш жақты қаза бастадым. Құдай жарылқап, сонымен қалың топырақ астынан есеңгіреп жатқан осы сендердің аталарыңды аман-есен қазып шығарып алдым. Оның жанын жатарда жамылып жатқан солдат шинелі сақтап қалған көрінеді, қалың маталы шинель астында ауа қалып, соның арқасында ол тұншықпапты.

Майдандас досы Василий атамды осылай өлім аузынан алып қалған екен. Сонан бастап екеуі арасынан қыл өтпес дос болыпты. Орыс жұртымен қазақ достасса әдетте «тамыр» деп құрметтейді екен, Василий менің атамның дос тамырына айналды. Менің атам Берлинге жетіп, төбесіне ту қадай алмады, оның қатысқан соңғы шайқасы  Литваның Шауляй қаласында болды. Кейінірек соғыс тарихында айтылғандай, тарихи отаны Шығыс Пруссияның кіре берісіне гитлершілдер орасан бекініс орнатқан болып шықты. Неше шептен тұратын бетондалған дот, дзоттар, неше мың шаршы шақырым жерді миналап, тышқан жорғалап өтетін саңлау қалдырмаған көрінеді. Сонымен Литва жерінде қатты шайқас жүреді.

Менің атам келесі бір майдан шебін кесіп өтіп бара жатқанда минаға тап болып, аяғынан айырылады. Қасындағы серіктері оны от пен оқтың астынан алып шығып, госпитальге жеткізеді. Тізесінен жоғары аяғы кесіліп, елге ағаш аяпен оралады. Бейбіт өмір кезінде атам Сарқан ауданына қарасты шаруашылықтарда бухгалтер болып істеген. Антоновка ауылында Ақжүнүс апама үйленеді, ол кісінің мамандығы мұғалім болатын, сол ауылдың талай жасы үлкен өмірге осы апамның қолынан түлеп ұшқан еді».

IMG-20160409-WA0012

Дайындаған Заман Төлеуов