Ол өткен жол…

        Бейілжан Мұхамадиұлы Базарбаев 1917 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданы, № 9 ауылда туып, 1929 жылға дейін сонда тұрған. Осы мезгілде ел ішін аштық жайлап, бас сауғалағандар оңтүстікке ауып, біраз жұрт Саяқ пен Лепсі стансасын сағалап қалады.

1942 жылы 13 тамызда Совет армиясы қатарына шақырылып, 1945 жылы 15 тамызда майданда жарақат алуына байланысты елге оралады. Сұрапыл соғыстың бел ортасында қан кешкен  азаматтың «За боевые заслуги», «За победу над Германией в ВОВ 1941-1945 гг.» медальдарымен қатар «Красная звезда» ордені мен «Орден Отечественной войны 1 степени» деген марапаттар өңіріне көрік берді.

СОҒЫС

   1942 жылы тамыз айында Бейілжан Базарбаев Совет Армиясы қатарына шақырылады. Орта білімі бар жауынгерлерді қолма-қол арнайы дайындыққа жіберетін-ді. Сөйтіп оны да танкі жүргізушісінің 3 айлық курсына бағыттайды. Оқу соңында сержант шенін беріп, майданға аттандырады. Армия генералы Баграмян қолбасшылық ететін Прибалтика майданының Бірінші Қызылтулы танкалық корпусына түседі. 1944 жылы Прибалтика жерін азат еткен соң, оларды Үшінші Белорус майданына ауыстырады.

Корпус командирі генерал-лейтенант Будко басшылық жасаған Ленинград және Прибалтика майдандары құрамында Москва түбінде басталған ауыр ұрыстарға қатысып, Прибалтика елдерін жаудан тазартуға ат салысады. Тельзит қаласының түбінде жау қақпанына кезігіп, танкісі өртеніп, денесі 2 дәрежелі күйік алады.

       ГОСПИТАЛЬ

       Бұндағы емделіп жатқан жауынгерлер неғұрлым тезірек сауығып, майдандастарының қатарына қосылуға асығатын-ды. Осы ұрыстағы ерен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының 1 дәрежелі ордені» табыс етілді. Осындай ұрыстардың біріндегі шегініс кезінде бейтарап алқапта жаралылар мен қаза тапқандар қалып жатты. Соның бірі аяғынан оқ тиіп, күні бойы қар үстінде қансырап жатқан өзбек жігіті еді (ұлтын кейін біледі). Оның қиналған жан дауысы жер түбіндегі бұларға жетіп тұрды. Дұшпанның да, бұлардың да ол араға аяқ басуға дәттері жетпеді. Көз байланған сәтте Бейілжан басын қатерге тігіп, еңбектей жөнелді. Жаралы жауынгерді атыс алаңынан аман-есен алып шықты. Содан бастап екеуі бауырласып, бір-бірінің мекен-жайларын жазысып алады. Бірақ тағдыр тәлейі екеуін тек 1972 жылы ғана ұшырасуға жазыпты. Радио және орталық газеттер арқылы сұрау салып жүріп, майдандас досы Бейілжанды тауып, үлкен ұлымен бірге Антоновка селосына келіп, құтқарушысымен қауышады. Екінші кездесулері Алматыда болды. Бейілжан Базарбаевтың бұл майдандасы Тәжібай Расулов деген азамат еді. Оның 11 баласы бар екен. Өзбекстанда Наманган облысы, Задарян ауданы, Гуртапа қышлағында тұрады. Ол: «Егер сендердің әкелерің мені аман алып қалмаған болса, ұрпақ түгілі өзім де жоқ болар едім» деп, көзіне жас ала аса ризашылықпен Бейілжанның балаларына ағынан жарылған көрінеді.

                    Бейілжан ағаның көзі тірісінде қалтырған естелігінен үзінді:

     — Бізді 1945 жылдың басында Пруссия шекарасына таяу Шталупен қаласының маңына шоғырландырды. Осы тұста немістердің өте мықты эшалондырылған бекінісі тұрған. Арасы 200 метрден 200 шақырымға созылған дот салып тастаған екен. Бірінші қатары секріргіш миналары бар тікенек сымдармен ернеуленген, екіншісіне танкіге қарсы баррикадалар орнатып және жоғары кенерлі тоқ жүргізілген. Келесісі танкі өтпейтіндей етіп қазған іші суға толы терең ор, одан кейін жаяу әскерлерге қарсы мина жасырылып, ең соңында 3 амбразуралы дот орналасқан. Екі амбразура шығысқа қараған, оған танкіге қарсы зеңбірек пен ірі калибрлі пулемет қондырған екен. Осы бекіністі бұзып, Шталупен қаласын штурммен алуды бұйырған Бас командованияның бұйрығын алдық. Шығыс Пруссияның астанасы Кенисберг іргесіндегі осы қаланы 1945 жылдың 14 қаңтарында түс әлетінде жаудан тазарттық. Біздің танкілік корпус жаудың дотын қыспаққа алып жатқан сәтте менің танкіме снаряд тиді. Бұл жолы 1 дәрежелі күйік алдым. Госпитальде екі жетідей еміздікпен жүрек жалғауға тура келді. Тұла-бойымда күймеген саутамтық жер қалмапты. Айыққан соң өз бөліміме қайта оралдым.

       Кенисберг үшін шайқаста қала біресе жау қолына , біресе бізге өтіп, итжығыс қантөгіс болды. Келесі бір шабуыл кезінде пулеметіміздің сырт қабын оқ тесіп, ұңғысын суытатын суы ағып пулемет қызып, атуға жарамады. «Қазақ қалғымайды, қалғыса да құламайды» демекші, дереу тесікке ағаштан тығын тығып, суын толтырып қайта атысқа көштік.

      1945 жылы 8 сәуірде Кенисберг қаласы үшін ұрыста оң қолыма оқ тиді. Осы қантөгістегі ерлігім ескеріліп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдым. Жалпы соғыс кезінде бес қабат жаралы болыппын.

Аталған ордендермен қатар өңіріне тағы 8 медаль тағып, құрмет грамоталары мен алғыстар алған Бейілжан Мұхамадиұлы Базарбаевтың аты «Ер есімі-ел есінде» деген ұлы қағидаға сәйкес Алматы облысы Сарқан ауданындағы – ГЭС атаулы елді мекенге беріліп, ел-жұрты жадында мәңгілікке қалдырылды.

IMG-20160409-WA0012

Дайындаған: Заман Төлеуов