Менің Қытайға деген көзқарасымды жақсы білесіздер

 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халықты жинап, жер дауына қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Екі рет аукцион болады. Біріншісінде сатылмаса, екіншісінде бағасы 50 пайызға төмендеп сатылады. 9 млн 700 мың гектар жер жалға берілген. Болып жатқан жағдайлар дұрыс түсіндірілмеуден Әйтпесе, Жер Кодексі кеше пайда болған зат емес, 13 жыл бұрын енгізілген. «Жерді шетелге, Қытайға берейін» деп жатыр деген бос сөз. Ешкім бір сотық жерді шетелдіктердің меншігіне бермейді. Жалға алу осыған дейін болған. Кеше маған бір ағайындар «Жер өзіміздікі, ешкімге бермейміз, соның үстіне жатып аламыз» дейді.  Жарайды, жатып алдық делік, сонда не болады? Біз жерді пайдалануымыз керек. Біздің де қазақ деп соққан қанымыз, жүрегіміз бар», – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбеліктер әкімнен мұнай компаниялары орналасқан аймақтардың қоршалып, тұрғындардың ауылдан кіріп-шығуы үшін күзетпен өтетінін айтты. Өз елінде бір ауылдан екінші ауылға шығу үшін шекарадан өткендей тексеріс жасайтын щетелдік компаниялардың әрекетіне тыйым салуды сұрады.

«Жаңажолда адамдар ауылдан кіру үшін, шығу үшін 4 рет өту қағазын алады. Мұнай компаниялары жалға алған жерлерін қоршап қойған. Ауыл адамдары жалғыз жолдан өту үшін шетелдік компанияларының бірнеше рет тексерісін көреді. Оның ішінде босануға бара жатқан әйелдер, той-садақаға шыққан қарттар бар. Осы дұрыс па? Мүмкін олар жалға емес, сатып алған шығар? Бұрғылау орындарында отырған ауыл халқы жол азабын көріп отыр. Қытайлар қазақтан көмек сұрауға келді ме, инвестор болып келді ме? Не болдық? Диаметрі 85 құбырларды қытайға дейін тартып алды. 25 жылға жалға алса жағдайымыз не болады? Олардың бізге жаны ашиды ма? Олар өңірдегі «ең» деген жерлерді иемденіп алды. Електің бойы, Қарғалыдағы ең тамаша профилактикалық орталықты қытай жұлып алды. «Нефтяник» лагерін қытайлар жұлып алды. Қеңқияқта балалар үшін салынған балабақшаны қытайлар жұлып алды. Обал. Кезінде халықтың ақшасына оның қалай салынғанын көрген едік. Мен мұның бәрін сіз түсінетін болғандықтан айтып отырмын»,-деді дәрігер Ізімғали Көбенов.

Бердібек Машбекұлы ауыл ішіндегі қоршау туралы бұрын естімегенін айтты.

«Бөгет қойылмайды. Сайлаудан кейін келіп айтқанда баяғыда орнына қоятын едік. Егер тап сіз айтқандай болса, мен ертең-ақ алдыртып тастаймын»,- деп облыс әкімі нақты жауабын қадап айтты.

Сонымен қатар, облыс әкімі шетелдік азаматтардың елге келіп жұмыс жасауының да қатаң қадағалауда екенін ескертті.

«Қазір шетелден қарапайым жұмысшының келуіне тыйым салдық. «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қытайдан келетін адам санын көбейтпеу үшін жұмыс жасап жатырмыз. «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында 2000 адам бар. Оның 4 пайызы қытайдан келген. Біз оларға егер компанияда қысқарту болса, бірінші қытайдан келгендердің қысқартылатынын айтып, талап қойдық. «Ұлы Қабырға» мұнай компаниясы 300-400 адамды қысқартқалы отыр. Ондағы 2000 адамның 74-і қытайдан келген. Әуелі соны қысқартсын, одан кейін басқа өңірдің адамдарын қысқартылсын деп талап қойып отырмыз», – деді облыс әкімі.

Жиында Ақтөбе облысында жұмыс жасайтын 441 мың адамның 1415-і шетелдік екені айтылды. Бұл 0,03 пайызы деген сөз.

«Биыл қытай компаниясы Ақтөбе қаласында құны 1 млрд 300 млн теңге тұратын үлкен жастар сарайын салады. Бұл жерде мен қытайды мақтайын немесе жағынайын деп отырғаным жоқ. Менің Қытайға деген көзқарасымды жақсы білесіздер. Барды «бар» деп айтуымыз керек. Осы өткен 19 жыл ішінде қытай компаниясының эконимикамызға салған инвестициясы 9 млрд 100 млн доллар. Біз Қытай компанияларына мұнай бағасы түсіп кеткенімен бірде бір адамды қысқартпайсың, жалақыны төмендетпейсің деп талап қойып отырмыз. Олар алып кетті, жеп кетті деп айту дұрыс емес шығар»,-деді әкім.

Әкім ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге жалға беру заңына көпшіліктің ақылмен қарауын сұрады.

«Ақтөбе облысында 17 мың шаруа қожалық бар. Ол біздің облыс үшін өте көп. Оның көбісінің түгі де жоқ. Не техникасы, не ақшасы жоқ. Бір ғана нәрсесі бар: бастығының папкасы бар, қалтасында мөрі бар. Бітті, басқа түгі де жоқ. Сол жерді ешкімге бермей, бейшара болып отыр. Бұл болмайды, біз бірігуіміз керек»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Дереккөз: Nur.kz