Ай гүлі

Қырғызстанның Баткен облысындағы Қарабұлақ ауылының маңында Қозы Ұлан деген тау бар. Сол тауда Айгүлтас деген құз бар.

Қозы Ұлан  тауында «Ай гүлі» деген ерекше гүл өседі.

Гүлдің  ұрығы жерге түскен соң 7 жылдан кейін ғана өніп шығады. Өніп шыққан соң 7 жылдан кейін ғана гүл ашады.

Ай гүлінің тағы ерекшеліктері  – таудың теріскей бетінде ғана өседі және сәуір айында ай толған кезде ғана гүл ашады.

Аңыз бойынша, ертеде Қозы Ұлан  деген батыр мен оның Айгүл деген ғашығы болған. Енді үйленеміз дегенде ел шетіне жау тиіп, Қозы Ұлан  қаза табады. Ауылға батырдың жүрегі ғана жеткізіледі. Сүйіктісінің қаза тапқанын естіген Айгүл ауыл маңындағы құздан өзін тастайды. Айгүлдің денесі мен батырдың жүрегін қатар жерлейді. Көп ұзамай қыз құлаған құздың түбінен әдемі гүл өсіп шығады.  Халық гүлді Ай гүлі деп атайды. Гүлдің ішінде мөлдір шық тамшылары болады. Оны Айгүлдің көз жасы деседі.

Содан бері тау «Қозы Ұлан», құз  «Айгүлтас» деп аталады.

«ЕлАна»