Мойынқұмда бабалардың ерлік іздері жатыр

«Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» сайтының «Бабалар рухына тағзым» экспедициясы Жамбыл облысында

Осы айдар аясында газетіміз соңғы он шақты жылдың белеңінде республикамыздың түкпір-түкпірінде жатқан қасиетті де киелі орындарда, кезінде Отаны үшін, елі үшін шаһид болған көптеген ата-бабаларымыздың мәңгілік мекендеріне арнайы сапар шегіп, талай аналитикалық, тарихи материалдар жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Әрине, мақалалар жазып қана қоймай, ата-бабаларымыздың жанкешті ерліктерінің, халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбектерінің кейінгі ұрпаққа зор үлгі-өнеге болатыны жайында, сондай-ақ мемлекет тарапынан бұл қасиетті игі істерді кеңінен жүргізудегі ұсыныстарымызды, пікірлерімізді ресми түрде жіберіп отырдық. Бұл ұсыныстарымыздың кейбіреулері нәтижелі болғанын сол кездері қалың оқырманымызға қуана жеткіздік те.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ата-бабаларымыздың ерлік істеріне ден қойып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге пәрмен бергені бізге де зор рух берді. «Бабалар рухына тағзым» атты экспедициямызды одан әрі терең мәнді етіп, аясын кеңейтуді біз алға мақсат етіп, жоспарлар жасадық. Алғашқы сапарымызды Жамбыл облысынан бастап, өткен аптада қасиетті де киелі Мойынқұмда болып қайттық. Басқасын айтпағанда, Мойынқұм Қазақ хандығының алғаш рет туын тіккен өңір екенін сіздер жақсы білесіздер. Бұл жер ежелден еркіндікті, кеңдікті сүйген, қыс қыстауын Мойынқұмның шұрайлы құмында қыстап, жаз жайлауын Сарыарқада — самалтауда жайлаған жаны жайсаң, көңілі дархан, ешкімнің еліне де, жеріне де көз алартпай, бейбіт күйде малын бағып, жерін қызғыштай қорып, атамекен туған жерін жаттан сақтап, ұрпақтарына аманат еткен елдің туып өскен жері, атамекені. Бұл — батыр да дана бабаларымыздың кіндік қандары осында тамып, өздері де осы жердің қасиетті топырағын оранып, бақилыққа айналып, ұрпақтары мәңгілікке тұрып қалған жері. Әрине, біз Мойынқұмның бүкіл бай тарихын бұл мақалаға сыйдырып айта алмаймыз. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің осы өңірде хандықтарын құрғанын жоғарыда айттық. Ол, өздеріңіз білесіздер, Мойынқұмның төріндегі Хантаудың іргесінде Қозыбасы деген жер бар. Міне, біздің экспедициямыз осы Хан тауының бір кішкентай пұшпағында болды. Мойынқұм ауданының жерінің кеңдігі соншама, бұл өңірге Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кетеді екен.

Ел бірлігі үшін у ішкен Биназар батыр

Экспедиция құрамында газетіміздің бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы (экспедиция басшысы), осы мақала авторы, сондай-ақ белгілі кәсіпкер Біржан Тілеубаев осы өңірдің тамыршысы, тірі шежіреші, сексен жастағы Шамшия Дігарбекқызы апайымыз және басқалары бар. Алдымен экспедиция Сұңқар тауының етегінде жатқан батыр бабамыз Биназардың қабіріне барып, құран бағыштап, құрбандық шалуды мақсат тұтты. Биназар бабамыз еліміздің басына қара бұлттай қиын-қыстау заман туған кезде өмір сүріпті.

                                                                          БИНАЗАР БАТЫР КЕСЕНЕСІ

ХIХ ғасырда қазақ халқының талай жерін жайлап алып, көп зардап шеккізген, қорлық көрсеткен зұлым жау қоқандықтарға батыр бабамыз жан аямай қарсы шайқасып, елін, жерін қорғап, күндізтүні аттан түспеген. Елін елдікке, бірлікке шақыра отырып, жастайынан жаумен шайқасып, атақты батыр Сыпатайдың көзіне түскен. Бар болғаны он жеті жасында қоқаңдықтардың бас бас батырын гүрзісімен басын талқандап, жеңіске жеткен. Ерлігі бүкіл елге аңыз болып тараған. Биназар бабамыз тек батыр ғана емес, елін отырықшылыққа үйреткен. Егін ектірген, саудаға үйреткен, үй салғызған. Кенесары хан Арқадан ығысып, Хан тауына келгенде алғашқылардың бірі болып оған қол ұшын берген. Қазақтың соңғы ханының әскеріне азық-түлік беріп, оның қол астындағы әскерге өзі басқарған іргелі көкірек руынан сарбаздар қосқан. Ағыбай, Сыпатай батырлармен, Бөлтірік бимен қоян-қолтық жауға қарсы бірге шайқасып, өте жақсы қарым-қатынаста болған.

                                                                                                 СҰҢҚАР ТАУЫ

Биназар баба жатқан жер Хан тауы ауылынан он бес шақырымдай ғана қашықтықта екен. Сұңқар таулары мамыр айында көк майсаға оранып жатыр. Қызылдыжасылды неше түрлі гүлдер, өсімдіктер көмкерген атаның жатқан жерінде сылқылдап күліп аққан тентек бұлақтар да жетерлік. Биназар бабамның сүйегі жатқан кесененің айналасы қоршалған. Қазақтың белгілі емшісі, марқұм Лиза Мешітбаеваның бастамасымен, Ақбақай алтын кенішінің бұрынғы президенті Төлеухан Оспанбековтың демеушілігімен шырақшының үйі де жарқырап тұр. Осы жерде ерекше айта кететін жайт Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Биназар, Қырбас бабаларымыздың кесенелерінің салынуына тікелей қамқорлық көрсетті. Өткен жылдан бері бабаның ұрпақтары тамаша бір дәстүр енгізіпті. Осы Мойынқұмдағы ауылдар жыл сайын атаның туған күні қарсаңында ас береді. Сондай-ақ, асарлатып осында қажетті бір жай салады. Мысалы, қонақтар келіп демалатын үлкен бастырма мен ашық аспан астындағы асхананы екі жылда екі ауыл тұрғызды. Өзгелер үлгі-өнеге алатын жақсы дәстүр.

                                                                                                 БИНАЗАР БАТЫРДЫҢ ДУЛЫҒАСЫ

Шәмшия апамыз жолай Биназар бабамыздың талай ерлігін қолмен қойғандай сүйсіне тарқатып айтып келе жатты. Сол ерліктерінің ішінде елінің бірлігі үшін жасаған соңғы ерлігі тіптен ерекше екен.

— Осы өңірде Жайлыбек пен Байболат деген болыстар болыпты. Байболат бақталастыққа беріліп, қалай болса да Жайлыбекті мұқатуға, кек алуға тырысады, — деп Шәмшия апа әңгімесін бастады.

— Бір күні Жайлыбек пен Биназарды Байболат қонаққа шақырады. Жайлыбек күдіктеніп, барғысы келмейді. «Шақырған жерден қалма» дегендей, барайық. Ел арасына сызат түспесін, Жайлыбекжан», — деп Биназар батыр басу айтады. Қысқасы, барған соң ет тартылады. Бас пен жамбас Биназардың алдына қойылады. Сол кезде әулие бабамыз Жайлыбектің алдына қойылған табақта у барын сезеді. «Жас та болса ел ағасы» деп ұтырын тауып, Би баба бас табақты Жайлыбектің алдына ысырып, өзіне әлгі улы етті табақты алып, жейді. «Батыр бір оқтық» дегендей, көп ұзамай денесіне у жайыла бастағанын біліп, шұғыл аттанады. Өлер шағында ешкімнің кінәліден кек алмауын аманат етеді. Міне, көрдің бе? Ел бірлігін ойлаған дана бабамыз сол үшін өзін құрбандыққа да шалған. Нағыз ерлік деп осыны айт!

Шынында да, апаның бұл әңгімесі жүрек тебірентерлік екен. Бірақ баба жатқан жерде жасалған жағдайға көңіліміз толған біз елі үшін ерен істер жасаған тағы бір бабамыздың мәңгілік мекеніне көшті бұрдық.

Көзі тірісінде кесене салған Қырбас қажы

Экспедициямыз Биназар бабамыздың, кейін тағы бір атамыздың кесенесіне барып аялдап, оның тарихына қанықты. Ол — Қырбас қажы кесенесі. Қарамырза — Күлет баласы Қырбас қажының бұл кесенесі Мәдениет ескерткіштерін қорғау жөнінде ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген.

                                                                             ҚЫРБАС ҚАЖЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ

Қырбас атамыз өзі қажылықтан келісімен 17 жастағы ұлы Жәйнәбіл қайтыс болады. Содан өзінің отбасы түгел жататын 2 бөлмелі, төрт мұнарасы бар кесенені 1902 жылы соғып бітіреді. Күмбезді соғуға Құсмолда деген шеберді Ташкент қаласынан алдырады. Шебер сол ауыл жанынан кірпіш күйдіретін шеберхана ашып, кірпіштерді неше түрлі кескінде (формада) құйған. Кірпішке қой-ешкі жүндерін қоса отырып, теріскенмен күйдірген. Кірпіш сапасының жоғарылығы сонша, шыныдай сыңғырлап тұрған көрінеді. Тасқа ұрса да сынбаған. Күмбездің 2 бөлмесінде де арабша құран сүрелері жазылып, бояулары жарқырап тұратын.

— Күмбездің төргі бөлмесінде Зейнәбіл, Қырбас, әйелі Бибіш, ал ауызғы бөлмеде Мәдіхан деген ұлы жатыр. Ал жалпы қоршау ішінде Мәдіханның әйелі Жәмила, қызы Күлхадиша, Зейнәбілдің Айша және әйелі, Мәдіханның ұлы Зарлыхан, Зарлыханның ұлы Марат, қызы Нұргүл жерленген, — дейді Қырбас қажының шөбересі болып келетін Ақылхан Зарлыханұлы. — Алайда 2000 жылдарға таман бұл кесене құлап қалып, қараусыз күй кешті. Ал кейінрек тиісті орындардың сұранысына байланысты бұл кесенені жөндетуге құжаттары дайындалып, 2011-2012 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша 20 миллион теңгеден астам қаржыға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді…

                                                                                      Экспедиция Қырбас баба ұрпақтарының арасында

Иә, бір кездері үлкен төбе болып қалған Қырбас кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстарының жоғарғы деңгейде жүргізіліп, ең бастысы бұрынғы Қырбас қажының өзі салдырған кесенесі сол қалпын сақтап қалғаны болып отыр. Біздің экспедиция Қырбас қажының халқына сіңірген еңбегі жайлы біраз материалдар жинақтады. Оларды жариялауды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық…

Меккеде тақия салған Қасымбек қажы

Қасымбек қажы бабамыз жайлы экспедиция басшысы Сәуле тәтеміз аз-маз әңгіме шертті.

— Осыдан төрт жыл бұрын мен қажылық сапарға барғанда арғы атам қажы Қасымбек датқа туралы көп ойладым. Ол кездегі қажылардың Алла жолындағы өлермен құлшылықтарына сүйсіндім. Бүгінгідей ұшақпен зулап баратын заман емес. Сәл шегініс жасап толғасам: менің туып өскен атаанамның ауылын (Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар батыр ауылы), менің аталарымды «Әжінің ауылы» дейтін. Сол Кеңес дәуірінің өзінде бізге деген елдің ерекше ілтипатын сезінуші едік, соған іштей мақтанатынбыз. Ата-анамыздан естігеніміз: Қасымбек атамыз қажылыққа ас-суын беріп, елмен қоштасып, екі рет жаяу барған екен. Әкеміздің атын Мешітбай деп қоюы да тегін емес. Әкем Мешітбай — Қасымбек қажының шөбересі, атын қажы атам өзі қойыпты.

…Әкем Мешітбай жасынан еңбекқорлығымен көзге түсіп, 16 жасында «Бала бастық» атанған. Содан аттан түспей, түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, есіл еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР-ның «Алтын кітабына» өшпестей болып аты жазылды. (Оны ұрпақтары мақтан етеміз). Әкем туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның да реті келер Алла нәсіп етсе. Қажы атама қайта оралайын. Ғалым Мекемтас Мырзахметов аға өз еңбектерінде Ташкент архивінен алынған құжаттарға сүйеніп, ХІХ ғасырдың орта шенінде қажылыққа ұлы жүзден датқа Қасымбек қажы (менің атам), орта жүзден Құнанбай қажы, кіші жүзден Мырқы би барғаны туралы деректер берген. Сол кездері Меккеде тәжік, өзбек, түрікпендердің тақиясы — қонақ үйі болған екен, ал қазақтарда тоқтайтын орын болмауы себепті жоғарыдағы үш кісі Мекке әкімшілігіне барып, жер сатып алып, қажылыққа барған қазақтарға арнайы 2 тақия салғанын дәлелдермен келтіреді. Мен сол Қасымбек датқа қажының шөбересінен туған шөпшегімін…

                                                                                                      АТА РУХЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАУ

Тал түс. Экспедиция сахараның қалың сексеуіл, жыңғылдың арасындағы шаңдық жолмен ұзақ жүріп, айдалаға тоқтағанда бәріміз аңтарылып тұрып қалдық.

                                                                                       Сахарадағы ескі құдық
                                                                         Кәрі тасбақа талай оқиғаның куәсі-ау…

— Қасымбек атамыз жатқан қорым бұл жерден алыс емес. Әрі қарай жаяу барамыз, — деді Біржан. Жігіттер қорымды іздеп жан-жаққа шапқылап кетісті. Ескі құдық, ескі жұрт. Күн шыжып тұр. Бір сағаттан соң ғана қорымды әзер таптық. Әр-әр жерде төмпешіктер, молалар. Тек бір ғана қабір дуалмен қоршалған. Оның өзі де әбден мүжілген. Денсаулығына байланысты мұнда келе алмаған Бибісара Біргебайқызы апамыздың мұңға толы әңгімесі ойымызға оралды.

— Отызыншы жылдардағы аштықта бұл өңірде талай бауырларымыз қырылды. Қасымбек атамыздың да сол аштық кезінде көз жұмғаны жайлы үлкендеріміз айтып отыратын. Өлгендерді дұрыстап көме де алмадық. Ауылауыл болып қырылған өліктерден дала сасып жатты. Тірілеріміз Қырғыз, Қытай астық. Менің есімде қалғаны — бабаларымыздың Ақсүйек тауларына жақын құмды далада қалғаны. Кейін ес жиғанда маған аталарымыз бұл қорымды бір рет көрсеткен.

                                                                     Бибісара апамыздың мұңға толы әңгімесі

Біржан Тілеубаев — осы Бибісары апамыздың баласы, кәсіпкер. Осындай рухани дүниелерге қолынан келгенше қаржылай жағынан көмектесіп жүреді. Бұл жолы Биназар бабаның басына күннен қуат алатын батарея орнататынын айтып кетті. Осы экспедициямыздың көлік жағын ұйымдастырып жүрген де осы жайсаң жанды азамат. Біржан тағы да мәрттік жасап, бұл қорымның қоршауын жасап, белгі қоятынын мәлім етті.

Бәрекелді! Қасымбек бабамыз жатқан қорымнан шыққанда шынында да көңілді мұң тербеді. ХХ ғасырдағы нәубеттерде қаншама қазағымыздан айырылдық десеңші! Биназар, Қасымбек және Қырбас бабаларымыз. Бірімен-бірі тамырлас үш тағдыр. Бірімен-бірі қандас, бауырлар, үш әулет. Ал мұндай еліне зор еңбек сіңірген, халқы үшін жанын да, қанын да аямаған қаншама бабаларымыз бар. Оларды зерттеп, халқына қайта табыстау — тірілердің парызы. Біздің экспедиция алдағы уақытта, Алла нәсіп етсе, өзіндік үлесімізді осылай қоса берсек деген ниетіміз бар.

Ертай Айғалиұлы,

ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Басты суретте Қасымбек қажы жатқан қорым