2018 жылғы 22-ші Жолдау логикасы

Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауы саны жағынан 22-ші Жолдау екен.  Қазақ ырымшыл халық қой, сондықтан біз де осы «22» деген санды ырымдап «терезесі тең келген», не болмаса, «күні мен түні теңескен» Жолдау деп ырымдағанымыз рас. Сірә, мұнда бір шындық бар сияқты. Себебі кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты, экономикалық даму бағыты, мемлекеттің әлеуметтік саясаты түбірлі жаңаруларға бет алғаны рас.

Қазақтың бағы неде?

Президенттердің халқына Жолдауы әлемдегі қалыптасқан үрдіс. Әр мемлекет өз дамуында жыл сайын өздерінің приоритетті басым даму бағыттарын айқындап алады да, содан кейін халықпен, атқарушы билікпен бірге жыл бойына көзделген мақсаттарына жетуге, сұрақтарды шешуге жұмыла кіріседі. Әрине, әрбір мұндай Жолдаулар мемлекеттің алысты меңзей алға қойған стратегиялық мақсаттарымен үйлесіп, сонымен үндесіп жататыны — заңды құбылыс.
Әлемде БҰҰ мүше 200-дей мемлекеттер бар екен. Байқап қарасақ, сол мемлекеттердің біразында Қазақстан сияқты ұзақ мерзімге арналған, даму бағыты анықталған стратегияны байқай алмадық. Олардың біразы дамуды ағымдағы экономикалық және саяси конъюктуралық жағдайлармен байланыстырған екен. Себебі әлемде даму бағытын өзінің ішкі потенциалына, табиғи және адами ресурстары мен қуатына сүйене анықтайтын елдер және өз дамуында сыртқы — әлемдік саяси жағдайға толық тәуелді елдер бар. Солардың арасында тек қана «ішкі потенциалы» жоғары, ресурстары мол, өз дамуын қамтамасыз ете алатын елдер ғана ұзақ мерзімді жоспарлар құра алады екен. Осы жағынан алғанда біздің Қазақстан мемлекетіне Тәңіріміз аямай-ақ берген ел десе болады. Қазақстан әлем мемлекеттері арасында «өз стратегиясын жасауға» толық қабілетті елдердің бірінен саналады. Бұл ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының бағы деуге тұрарлықтай несібеміз. Өйткені, біріншіден, ондай — стратегиялық мүмкіндіктері бар мемлекеттер санаулы ғана, екіншіден, бұл бізге «әлем стратегиясын» анықтайтын дамыған алпауыт мемлекеттердің өзі санасуына мүмкіндік туғызып отыр. Оған дәлел ретінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Төрағалық етуін айтсақ та жеткілікті.
Әрине, қазақ айтатындай «бермектің алмағы бар». Қазақ «әр нәрсенің сұрауы бар» дейді. Бізге, яғни, әлеммен тең дәрежеде қатынас жасауға қадам басқан Қазақстан Республикасы үшін өз дамуын үнемі осы жағдайға байланысты үйлестіріп, оған көп нәрсені сәйкестендіріп отыруы аса маңызды. Биылғы Елбасы Жолдауының басты логикасы, басқаша айтар болсақ – халықаралық тарихи маңызы осы тұста деп ұғуға тиістіміз.
Өздеріңізге белгілі, Елбасы БҰҰ мінберінен «Біз әлемнің дамыған 30 елі қатарына ену туралы өз амбициямызды жасырмаймыз. Ол туралы ашық мәлімдейміз» деген мазмұнда сөз сөйледі. Ойлана келсек, «осындай амбициясы жоғары сөзді айтар алдында Қазақстан Президенті неге және кімге сүйенді?» — деген сұрақ туындайтыны заңды. Шынында да, неге сүйенеміз біз? Шындығын айтар болсақ, дәл қазіргі жағдайда мұның бір ғана жауабы бар, ол: бірінші күш − бірлігін көздің қарашығындай сақтай отырып, табиғи сабырымен бейбіт дамуды мақсат еткен Халық дер болсақ, екінші күш – жоғарыда аталған мемлекеттік ресурстардың жоғары деңгейде болуы дейміз. Дегенмен, алғашқы екі факторды ақиқат деп қабылдай отырып, біз Елбасының өзі құрған атқарушы билік жүйесін осы мүмкіндікті іске асыруға толық сай дей алмаймыз. Биылғы Елбасы Жолдауы логикасының ең әлсіз буыны осы десек еш қателеспейміз. Бірақ алғашқы екі фактор саяси жағдайдан тыс тарихи жолмен қалыптасқан болса, соңғысы, яғни, «билік жүйесін жетілдіру» мәселесі бүгінде Елбасының өз қолында тұрғаны рас. Егер, осы тұрғыдан президент өзіне сенімді болса, онда оған еш кедергі жоқ десе болады.
Дәл осы жерде мынадай бір жанама сұрақ жадта жалт ете қалады: «Өзі де түсінікті Жолдауды талқылаудың, оны халыққа түсіндірудің қажеті қанша?» — деген. Мәселен, Жолдау ел алдына нақты он мақсат қояды, әрі олардың көбінің бұрыннан айтылып келе жатқаны, біразы іске асырылып жатқаны рас. Ендеше, шынында да, «түсіндіру» не үшін қажет? Оған былай деп жауап берер едік: − «Кез келген мемлекетте оның билігінің жоспары, бағыт-бағдары халыққа түсінікті болуы қажет. Ең бастысы, ол мақсат Ұлттық мүддеге сай және «ортақ үй» саналатын мемлекетіміздің іргесін нығайтуға, яғни, айналып келгенде Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталғанын халық түсініп қана қоймай, оны сезінуі тиіс. Екіншіден, тәуелсіздікті және мемлекетті нығайту − айналып келгенде халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге, қоғамда адам капиталын дамытуға бағытталатынын, кез келген мақсаттың мұнсыз орындалмайтынын, тек құр сөз боп қалатынын халық білуі керек. Тек сонда ғана барлық тарап – халық та, ішкі ресурстар да, атқарушы билік те жұдырықтай жұмыла отырып, алға қойған мақсаттарды орындауға қабілетті болады, әрі шешуге мүмкіндік алады. Ал олай болмаған жағдайда – көп нәрсенің көлеңкеде қалып қоюы да еш ғажап емес. Жолдаудан туындайтын екінші логикалық түйін осы дер едік.

Жаңа технология не береді?

Ойымыз одан әрі түсінікті бола түсуі үшін, бүгін біз Жолдаудан туындайтын кейбір маңызды мәселелерге тоқтала кетейік:
— Ең алдымен айтарымыз — Жолдау Елбасы жүргізіп отырған «даму стратегиясы» логикасынан туындайтыны. Ол туралы Жолдауда былай айтылған: «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қазақстанның «Үшінші жаңғыруы» бастау алды. «Индустрияландыру бағдарламасы» табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды», — дейді.
— Елбасы: «Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін білуіміз керек. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет», — дейді. Сөйтіп, биылғы жылы орындалуы тиіс 10 басым бағыттарды ұсынады:
1. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу;
2. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту;
3. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту;
4. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру;
5. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу;
6. Қаржы секторын «қайта жаңғырту»;
7. Адами капитал – жаңғыру негізі;
8. Тиімді мемлекеттік басқару;
9. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі;
10.«Ақылды қалалар», «ақылды ұлт» үшін.
Енді, бірінші тезисті алайық: — Мұнда тезисті сәл «өзгерту» арқылы оған тағы бір мағына қосуға болатыны байқалады, ол: «Индустриялану мен жаңа технологияны енгізу – ел экономикасын дамытудың көшбасшысына айналады» деген сөз. Сонда алғашқы тезис пафостық мағынадан алшақтап, нақты іс-әрекетке біршама жақындай түседі екен. Яғни, осылай дей отырып қана үкімет те, халық та бір бағытта іске жұ-мы-луға жол аша алады. Бізге керегі де сол! Өйткені, біздің еліміз үшін маңыздысы – индустрия мен технологиялардың көмегімен ел экономикасы қуатын арттыру, халықтың тұрмыстық деңгейін көтеру ғой! Сондықтан, біз мақсатты осы мағынамен толықтырсақ қана − біздің индустрия «экономиканың барлық саласына серпін бере алатын жаңа технологияға сүйене отырып құрылады» деген логикалық мағынаға ие болып шығады.
Енді, әрмен қарай «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» мәселесіне келейік: − Ресурстық әлеует дегеніміз, біріншіден – табиғи ресурс. Ол жағынан кенде емеспіз, оны жоғарыда айттық. Мысалы, Қазақстанның табиғи жағдайы миллиондаған адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарлы дейді ғалымдар. Біз бұл тұжырымға қосыламыз және оны «экологиялық таза өнімдермен» деп толықтыра аламыз. Міне, осы байлықты ұқсату үшін, оны халық игілігіне жарату үшін, мұнайдан және шикізаттан өзге ел қазынасын толтыратын тетікке айналдыру үшін ресурсты дамытуды технологияға қарай бұру қажет. Сөйтіп, осыдан біз Жолдау логикасының алғашқы екі буыны қалайша бір бір постулатқа айналғанын көреміз. Ал осының салдарлы байланысы ретінде агроөндірістік кешендерін дамыту мәселесі көтеріледі. Себебін жоғарыда айттық – Қазақстанның агроөндірістік потенциалы жағынан әлеуеті жоғары деп…
Енді, сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз Жолдауда аталған бағдарламалардың барлығының жүзеге асуы тек бір мәселеге келіп тіреледі, ол – коррупция. Еліміз «коррупцияға төзімсіз» елдер қатарына тез арада кірмесе, аталған шаралардың бәрі де жартыкеш күйінде қалып, Жолдау тек «жолдау» күйінде алатыны анық!

 

Әбдірашит Бәкірұлы 
философ