Ережесіз ойын

Болат Бақауов – әу баста ауыл шаруашылығы дамыған Қашыр ауданын басқарды, одан соң ірі өндіріс орындары шоғырланған Ақсуда, Павлодарда қалабасы болды, кейінгі екі жылда еліміздегі басты индустриалдық өңірлердің бірі Павлодар облысына басшылық жасап келе жатқан тәжірибелі әкім. Бір анығы, Болат Жұмабекұлы – қаржылық-өндірістік топтардың қолдауымен жоғары мансапқа ие болғандардың қатарынан емес, өз іскерлігінің арқасында ел сеніміне ие болған жергілікті кадр. Бақауовтың осал тұсы осы сияқты…

Кейінгі кезде әкімнің қызметі мен жеке басына байланысты қазақ, орыс тілдеріндегі сын материалдар үсті-үстіне жарық көруде. Негізінен, «Жаптым жала, жақтым күйе» деңгейіндегі материалдар. Тіпті төлқұжатындағы «Бақауов» тегі «Боқауов»… делініп бұрмалаланып берілген.

«Шіркіндердің» сөздеріне илансақ, бұл әкім мемлекет пен ұлттың нағыз қас жауы көрінеді, облысты барлық көрсеткіштері бойынша құлдыратып, апатты жағдай шегіне жеткізіпті және қазақ тілін тұншықтырып, тіл жанашырларын соттамақ болған екен…

Осындай жарияланымдарды көрнекі орынға жайғастырған порталдар, сайттар, басылымдар редакторларының ешқайсы аймақтағы анық жағдайды білетін азаматтардың датына құлақ түрмеді. Әкімнің баспасөз қызметі бір сайтқа терістеме беріп еді, екінші сайт сол үшін әкімнің өзін жазғырды. Олардың ойынша, Болат Бақауов ұрдажық сындарға бір ауыз сөз қайтармай, шыбыртқыға арқасын тосып шыдамдылық пен төзімділіктің ерен үлгісін көрсетіп үнсіз отыруы керек… Бірақ, сөйтсе де – «Енді жетер, айызымыз қанғанша дүреледік қой» дейтін олар жоқ. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдарына ықпалы жүретін алпауыттар мақсатына жетуі керек. Ондайлар әкімді ханға да, қараға да әбден жексұрын етіп қызметінен кетіруді, сонсын жаңа әкімнің жағымды бейнесін жасауды ойластырмаса, біздің облысты көркейте түсуді ойлай ма?..

Сонымен, аймақ басшысының іскерлік беделін, қадыр-қасиетін төмендететін ойын жүріп жатыр. Қандай да бір ережеге бағынбайтын осы лас ойын 2012-2013 жылдары облысты басқарған Ерлан Арынға қарсы қолданылып, сәтті сыналған еді.

Әдетте, режиссерлер көрінбейді, ойын алаңы – түрлі порталдар, сайттар, басылымдар; ойыншылар – тілшілер, әкімге тісін қайрап жүрген қаскөйлер, «Атың шықпаса жер өрте» дейтін дақпыртқұмарлар.

Дегенмен, әлгі ойын кезінде қызыл империя заманында отарлау саясатына қарсы шыққаны үшін бас бостандығынан айрылған, қудалауға ұшыраған, егемендік кезеңінде шовинистік, нигилистік ұстанымдағы патшашыл-кеңесшіл топтармен шайқасып шыңдалған ұлтшыл қоғам қайраткерлері мен ғалымдар бірден әкімді қолдап шықты.

Ал мына ойынның соңы көрінбейді. Мемлекет пен ұлттық мұрат-мүдделерді ұлықтайтын қайраткерлер азаматтық ұстанымын қайта танытатуға

дайындалғаны дұрыс шығар. Өйткені, ережесіз ойынның режиссерлері шектен шығып барады…

Арман ҚАНИ,

Павлодар қаласы.