Төрехан МАЙБАС,
жазушы.
Дала пәлсапасы
ТОЛЫҚ АДАМ
«Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi».
Абай
Һәкім Абайдың толық адам жөніндегі пайымын білсек керек.
Сонда не, Абайға дейін қазақ баласының толық адам жөнінде өз пайымы болмаған ба?!
Болған, әрине. Болғанда қандай?!
Құдай емес, Құдайдан былай емес деп неге айтқан бабаларымыз!
Бұл жерде болған, толған адамдар жөнінде сөз болып тұр.
Толықтыққа жете алмағандар жөнінде сөз болып тұр.
Абай заманындағы түсінік бойынша таза мұсылман ғана толық адам!
Қазіргі түсінік бойынша осылай деп айта аламыз ба?!
Айта алмас едік. Өйткені таза мұсылман түсінігіндегі мұсылман баласын кездестіру бүгінде мүмкін болмай барады.
Күн құрғатпай өзгеріп жататын атазаңымыз сынды мұсылман баласының түпқазығы – шариат та өзгеріп жатыр.
Қазіргі түсінікпен қарасақ арақ та һалал екен, тіпті өз қарындасыңды қатын ет дейді. Бірге емшек ембесең жарап жатыр дейді.
Он сегіз мың ғаламда бүтіндік жоқ.
Толықтық жоқ!
Толықтық болса тек Жаратушыда ғана!
Олай болса толықтыққа ұмтылу жаратушылыққа ұмтылу деген сөз!
Жаратушыны тануға ұмтылушылық деген сөз.
Толық адам дегеніміз осы!
***
Адам өзін өзі жақсы көруі керек.
Адам өзін өзі сүю керек!
Пендесі өзін өзі сүймесе өзгелерді қайтып сүймек?!
Өзін өзі сүймесе Иесін қалай сүймек?!
Иә, адам өзін сүюге ұмтылады.
Өзгелерді сүю арқылы!
Толық адам дегеніміз осы!
***
Адам дүниеге келеді.
Өз танымымен келеді.
Адамның дүниеге келгенге дейінгі танымы көктен берілген таным. Дүниеге келген күннен бастап сол пайымымен өмір сүреді. Мына өмірді сол пайымымен пайымдай бастайды.
Онда рухани тоқтық бар.
Енді қарын тоқтығына ұмтылады. Өмір сүру үшін.
Және табады.
Анасының сүтінен.
Ол үшін анасы – бәрі!
Анасынан басқасының бәрі түк емес.
Анасы оның қамал қорғаны.
Ол бәрінен де жоғары тұрады.
Жаратушыдан да…
Құдайтану бізде анатанудан басталады.
Толық адам дегеніміз осы!
***
Ананы тану үшін ол ең алдымен өзін өзі тануы керек. Ал бұл ешқашанда оңай болған емес. Етікшінің баласы етікші болып тумаған болар, алайда етікші болып жатса ел оған түсіністікпен қараған болар еді.
Қарғадан сауысқан тумайды ғой, бұл да сондай жайт.
Алайда туып жатады.
Адам баласы толықтыққа ұмтылған жағдайда!
Адамның толық адам болуы көп жағдайда өзіне байланысты.
Адамның болмысы сүйіспеншіліктен тұруы керек.
Толық адам дегеніміз осы!
***
Анасын сүйген, анасына ғашық болған жанның, анасын ешбір жаратылыспен салғастырмаған жанның әкесін де сүймеуі, жақсы көрмеуі мүмкін емес. Сонан қарындастарын жақсы көреді, ағайынын жақсы көреді, қайманаларын жақсы көреді, ұлтын жақсы көреді.
Ол қазақ баласын жақсы көру арқылы өзін жақсы көреді. Өйткені оның өзі де қазақ ғой!
Толық адам дегеніміз осы!
***
Ол өзін өзі жақсы көргенде ғана мына әлемді басқа қырынан таниды.
Ол мына әлемсіз өзінің өмір сүре алмайтынын түсінеді.
Ол енді мына әлемді жақсы деп те, жаман деп те бөле алмайды. Әлем қалай болса солай қабылдайды.
Сонда барып ол өзінің менінен бас тартады. Ол қандай жағдайда болсын мына әлеммен өмір сүруге бейіл болады.
Бұл адамды жаңа сатыға көтереді.
Сапалық саты.
Ол енді өзін жақсы көреді.
Бұрынғыдан да.
Өзіне өзі ғашық болады.
Өзін сүйетін болады.
Өзін бәрінен де жоғары қояды.
Бәрі өзінен төмен болады.
Тек Жаратушы ғана жоғарыда қалады.
Толық адам дегеніміз осы!
***
Осылайша қазақ баласы он үш жасына жетіп, кемелденеді.
Ол енді айналасына, бауырларына, руластарына, Отанына сүйеніш бола алады.
Өз еркімен!
Ешқандай ақы-пұлсыз!
Ешқандай қайтарымсыз!
Өйткені ол жаратушы дәргейіне көтеріледі!
Ол Құдай емес!
Алайда Құдайдан былай да емес!
Ол өзінің ең асыл, таза сезімімен бөлісе алады.
Өзін жақсы көргендей басқаларды жақсы көре алады!
Өзіне ғашық болғандай басқаларға ғашық бола алады!
Өзін сүйгендей басқаларды сүйе алады!
Бір күні өзінің таңдауын жасайды!
Он үш жасында!
Ол жармақтанады!
Ол басын құрайды!
Ол жаратушы қалпын алады!
Өйткені ол мойнына жауапкершілік алады!
Он үш жас толықтық жасы!
Он үш жас жармақтық жас!
Қазақ баласының он үш жасында отау көтеретін себебі осы.
Ол өз мойынына өз еркімен жауапкершілік алады!
Толық адам дегеніміз осы!
***
Адам дүниеге келгенде ең алдымен топырағы бүлк етеді. Сол топырақ оны өмір бойында сақтап жүреді. Сондықтан да топырақ қасиетіне жеткен жұрттың қалтасында туған топырағының бір шөкімі жүрген. Ертеректе бір бабамызды екі қолын қайырып, туған топырағынан айырған ғой. Сол бабамыз Сібірден тірі аруақ болып оралыпты.
Туған топырағына жеткенде жүрелеп түсіпті. Сонда да қалтасынан қолын алмайды дейді. Алтын болды ғой деп көлденең жұрт тон пішіп тұрады. Содан қолын жазып қараса қалта дейді.
Жанама қалта дейді.
Ішінен бір уыс топырақ шығыпты.
Туған жерінің топырағы.
Кіндік топырағы.
Сол топырағы үшін бабаларымыз жанын берген!
Жер бетінде топырақ жетеді ғой.
Бабаларымыз басқа топыраққа көз қырын да салмаған!
Біреудің топырағына көзі қызармаған!
Өйткені өз топырағының қадіріне жеткен.
Содан да қасық қаны қалғанша өз топырағын қорғаған.
Бәлендей себеппен жанында өз топырағы болмағанда жанын өз топырағына қосуды аманаттаған.
Қазақтың сөйткен топырағы азайып барады.
Дәуренді өмір сүреміз деп қазақ баласы көмірін, темірін, алтынын, күмісін шетелге шығарып жатыр.
Ау, ол ең алдымен топырақ ғой!
Осынымызбен топырағымызды саудаға шығарып отырған жоқпыз ба?!
Кенін сатсақ та топырағымызды алып қалайық!
Бәз баяғы заманда, бабаларымыз бір қалжырағанда жауларымыз астамшылық жасапты.
Қолындағы құсын алыпты.
Қойнындағы қатынын алыпты.
Бесіктегі баласын жарыпты.
Бәрін бітіріп, жеріне көз алартқанда тапырақтаған баласынан бастап сақалына сүйенген кәрісіне дейін ат үстінен көрініпті.
Ата жауының көзіне мың болып көрініпті!
Толықтық деген осы!
Әлгі тапырақтаған бала – толық адам!
Әлгі сақалына сүйенеген кәріміз – толық адам!
Ендеше біздің еліміздің ертеңі осылайша толықтыққа, толық адамға байланған!
***
Құдай емес,
Құдайдан былай емес!
Тура Елбасымызға қаратылып айтылған сынды.
Осы жерде бұрынғы деп айтқың келеді екен.
Бізде бір-ақ Елбасы бар, кешегі, ертеңгі жоқ!
Сол Елбасымыздың жиған байлығы ешкімде жоқ байлық!
Оның жиған байлығы қазақ баласының баласына, оның баласының баласына… жететін байлық!
Сол байлықпен бөлісе алмады.
Бармен бөлісе алмады!
Ал қарашасы оны барлыққа қоспай тұр еді!
Һарам деп есептеді…
Елбасының шығарған желін жұпар жұтқандай жұтқандар көзі әлі баршылық…
Ал осырақ шал деп білгендер:
– Шал кет! – деді.
Толықтық деген осы!
***
Бұрынғы патшаларымыз мен хандарымыз бұл дүниеден бассыз өткен.
Ал кейінгілеріміз бастарымен кетіп жатыр.
Демек кейінгілеріміздің ешқандай да патша, ешқандай да хан болмағаны! Ең құрығанда қарашасы болса екен дейсің…
Өйткені қарашамыз ешуақытта ешкімге зиянын тигізбеегн!
Толық адмдарымыз – осы кісілер!
***
Қазір еліміздегі құрылыстың қарқыны әлемет!
Шамамыз жеткенше құрылыс жүргізіп жатырмыз!
Ондай құрылысымыз қазір шалғай жатқан қыстақтарға да жетті.
Ғимараттарымыз әдемі-ақ!
Тура жұтып қойғың келеді!
Онымызды Құдайдың үйі деп әспеттеп жатырмыз!
Осы жерде Жаратушымызға мешіт үйі не үшін керек болды екен деп еріксіз ойланасың…
Сіздің Жартаушыңыз қайда?!
Сіздің Құдайыңыз қайда?!
Менің Жаратушым менің жүрегімде!
Менің Құдайым менің жүрегімде!
Құдайын жүрегінде сақтағандардың барлығы да толық адам!
***
Сол мешітіміз қашан барсаң да азынап тұрады.
Жиырма төрт сағат бойы азынап уағыз айтады.
Олардың уағызына сенсек мына өмірге уақытша келген екенбіз. Шынайы өмір о дүниеде-мыс!
Онда өздері мына дүниеде не ғып жүр екен деп тағы ойланасың!
Оларын жұмақ дейді!
Сол жұмақтарына шақырады!
Онда жақсы болса өздері мына жалғанда не ғып жүр?!
Жоқ, қазақ баласы асықпайды!
Оның мойнында жауапкершілік бар!
Бала алдындағы жауапкершілік!
Оқытсам дейді, жеткізсем дейді, өз алдына отау шығарсам дейді, немере сүйсем дейді, шөберемнің қолынан май жаласам дейді…
Қоғам алдындағы жауапкершілік!
Әйкәпір атанбасам екен дейді, кімнің баласы дегізбесем екен дейді…
Ұлт алдындағы жауапкершілік!
Күйеу бала келтірсем дейді!
Қазағымнан!
Келін түсірсем дейді!
Қазағымнан!
Толықтық деп осыны айтады!
Осы жолда жүрген жандардың бәрі де толық адам!
***
Мәңгілік ештеңе жоқ!
Әр нәрсенің ақыры бар!
Пендесі оны туып-ақ түсінген!
Оның әрбір келесі күні соңғы күні болуы мүмкін!
Адамның сол күнге дайындығы оның толықтығын көрсетеді!
Бабаларымыз осындай ұстанымда өмір сүрген!
Олай болса толықтыққа ұмтылайық!
Өзіміздің шаруаларымызды өзгелерге қалдырмайық!
Оның ішінде…
Балаларымызға!..
Немерелерімізге!..
Шөберелерімізге!..
Шөпшектерімізге!..
Неменелерімізге!…
Жүрежаттарымызға!
Көрежаттарымызға!..
Туажаттарымызға!!!
Толық адам болайық!
***
Жаратушы бізді қазақ қылып жаратты!
Бізге қалғаны қазақ болып қайту!
Толықтық дегеніміз осы!
01.02.2024.

