Әрбір сәбидің ризығын Алла береді

Таяуда құрбым екеуміз қаладағы Тәуелсіздік саябағына бардық. Біраз демалып, сергіп қайтайық дегенбіз. Кешкі уақыт болатын. Саябақ ішінде отбасымен бірге жүргендер, екеу-екеуден қыдырып жүрген жастар бар.

Менің көзіме өзімен-өзі оқшау отырған бір апа түсті. Жүзі мұңды екен. Қайта-қайта қарағыштай бергенімді байқаған апа: «Қызым-ай, бері келіп кетші», – деп шақырды. Құрбым екеуміз оның жанына бардық. Ол кісі бізден кім екенімізді, қайда тұратынымызды сұрап алды. Сосын, неге екенін білмеймін, құлақтарыңа құйып алыңдар деп бір әңгіме айтып берді.

«Менің ұлым мен келінім үш баласын қатарынан қалдырмай өсіріп жатқан бақытты отбасы еді, – деді ол кісі. – Төртінші балаға жүкті кезінде маған асырау қиын болып барады, баланы алдырып тастайын деп рұқсат сұрады. Бірақ сол кезде мені қандай шайтан түрткенін білмеймін, алдырсаң алдыра сал деген болатынмын. Ал ұлым әрбір сәбидің ризығын Алла беретінін айтты, баланы алдыруға қарсы болыпты, айтқанын тыңдамайтын жағдайда кешірмейтінін ескертіпті.

Бірақ келінім оның сөзін тыңдамады. Іштегі шарананы алдырып тастады. Ал ол үйіне оралар кезде үйінде сұмдық оқиға болыпты.

Сол күні балам жұмысқа ерте кеткен еді. Оң-солын ажырата білмейтін немерелерім ойнап жүріп газдың құлақтарын бұрап ашып тастапты. Көп ұзамай-ақ уланып өлген.

Төрт баланы көп көрген келінім осылайша балаларының бәрінен бір-ақ сәтте айырылды. Қазір ауруханада жатыр. Жүрек талмасына ұшырады, есі әлі кіресілі-шығасылы. Ауыр қайғыға шыдамаған ұлым бәрін тастап, шетелге жұмыс іздеп кетті. Қайғыны сөйтіп ұмытпасам болмайтын шығар дейді. Жолына көлденең тұра алмадым.

Осындай сұмдықты бастан өткердік, балам. Ішіме симай бара жатқасын айтқаным ғой. Жастар адаспаса екен деймін. Ертең сендер де отбасын құрып, ана боласыңдар. Сонда Құдайдың берген баласын көп көрмеңдер. Әр баланың ризығын Алланың өзі береді. Осыны естен шығармасын деп айтып отырғаным ғой».

Осылай деген қарт әжей ауыр күрсініп, орнынан тұрды. Ол кісіні не деп жұбатарымызды білмедік. Мен бұл оқиға жөнінде газетке жазуды ұйғардым. Жамандықтың беті аулақ дейік, бірақ мұндай жайлар жөнінде де жұрттың біле жүргені артықтық етпес деп ойлаймын.