«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, қаланың әлеуметтік бағыттағы тыныс-тіршілігімен танысуға барынша көңіл бөліп, қоғамдық маңызға ие орталықтарды өз көзімен көрді. Одан бөлек партияның қалалық активінде сөз сөйлеп, ұшқыр ойлы жастармен жүздесуге де уақыт тапты.

Партия Төрағасының Бірінші орын­басары қызметіне тағайындалғалы бергі алғашқы жұмыс сапарын Мәулен Сағатханұлы Алматы қаласынан бастап отыр. Бұл – тегін емес. Алматы – еліміздің әлеу­меттік және экономикалық бағыттағы ауыр жүгін мойымай арқалап тұрған ай­тулы шаһары. Халық саны да біршама. Халық көп болған жерде экономика диір­мені шыр көбелек айналып, ақша айналы­мы еселеп өсіп, бизнестің берекесі арта­тыны белгілі.

Сондықтан «Нұр Отан» мұндай ірі мегаполиске бірінші кезекте назар аударып, ел ахуалын жақсарта түсудің бағыт-бағдарын айқындағысы келетіндей. Әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия қызметін жаңғырту үшін әлеуметтік бағыттағы жұмыс сапасын арттыру қажет деп айтқан болатын. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Елбасы тапсырмасының орындалатынын, ол үшін мүмкіндігі шек­теулі жандарға, ардагерлер мен аз қам­тылған отбасыларға көмек көрсетуді мақ­сат тұтқан партиялық жобалардың қайта қаралатынын айтты. Осылайша, партия биылғы жылды тың серпінмен бастап, қарапайым халық үшін өзекті деген негізгі проблемаларды тамыршыдай тап басуға ниетті. Осы тұрғыдан алғанда жұмыс сапа­рының қаладағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған күндізгі орталық бөлі­мінен басталуы логикалық қисынға саяды. Мұнда қазір 30 бала жартылай стационар жағдайында ем қабылдайды, әлеуметтік қызметтерді тегін тұтынады. Орталық жай­лы, үй сияқты жасалған. Физиологиялық және ақыл-ой мүмкіндіктері шектелген ба­ла­лардың қабілеттерін ретке келтіріп, оларға лайықты көмек беру үшін барлық жағдай қарастырылған. Жалпы, қала бойын­­ша дәл осындай 3 бөлім жұмыс іс­тейді. Олар қазіргі кезде 200 балаға еркін көмек көрсетіп отыр. Мұндай орталықтар таңер­теңнен кешке дейін науқас балаларға ерекше күтіммен қарайды. Өз кезегінде бұл – олардың ата-аналарының уақытылы жұ­мысқа барып, әлеуметтік өмір қалы­бы­ның лайықты жалғасуына мүмкіндік береді.
– Бұл жерге 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап келіп орналастық. Тиісті емдеу орнын таба алмай, екі жыл бойы үйде отырып қалған едім. Осындай меке­менің ашылғаны үшін қуаныштымын. Қазір балам барлық ем-домын қабылдап, денсаулығын қалыпқа келтіруде. Баламды таңертең 8-де әкеліп тастаймын да, кешкі сағат 6-да алып кетемін. Мұндағы қызмет­керлердің бәрі – кәсіби әрі адал мамандар. Емделуші балғындарға жақсы қарайды. Қазір нәтиже бар – баламыздың денсау­лығы түзеліп, өз-өзіне қызмет көрсететін деңгейге жақындап қалды. Осындай меке­мелерді ашуға көңіл бөлгені үшін Елбасыға және «Нұр Отан» партиясына алғыс ай­тамын, – деді ата-ана Райхан Әшімова.
Төрағаның Бірінші орынбасары орта­лықты асықпай аралап, оңалту және бейім­деу жұмыстары жүргізілетін кабинеттердің жұмыс барысымен танысты. Мәулен Әшім­баев медициналық мекеме қызмет­кер­лерімен пікірлесіп, осы саладағы түйін­ді мәселелердің шешу жолын сөз етті. Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясының атынан балаларға арнаулы сыйлықтар, ал орталыққа заманауи «Дельфа» логопедті жаттығу құралы табысталды.
Бұдан кейінгі межелі жер – Atakent Mall сауда, ойын-сауық орталығы. Мәулен Әшім­баев бұл жерде көлеңкелі экономи­каның алдын алу үшін сауда орындарын жаңғырту шарасына байланысты ат басын бұрған. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы базарларды қаланың сәулетіне сай етіп қайта құру процесі қарқынды жүріп жатыр. Әрине, бұл ретте халыққа жағдай жасау, санитарлы-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелері мұқият ес­керіледі. Бұл да ел экономикасының же­тек­ші саласы: ірі сауда орталықтары қан­шама адамды жұмыспен қамтиды, сауда-саттық жасау, қызмет көрсету мүм­кіндіктері жетіле түседі, мемлекет бюд­жетіне қаржы құйылады. Бүгінге дейін 16 базар осындай модернизацияны бастан өткерген. Соның нәтижесінде, бұрын қара базар немесе қандай да бір ескі ғимарат орны болған алаңқайларда еңселі дүкендер бой көтеріп, 20 мыңнан астам кәсіпкер тың шаруа бастап, 25 мың адам жұмыспен қам­тылды. Бұл жерде Партия Төрағасының Бірінші орынбасары мамандармен осы мәселе жайында тереңірек сөйлесіп, орта және шағын бизнестің сүт бетіне шығар қаймақтарымен де кездесті.
– Шағын және орта бизнеске партия та­рапынан нақты қолдау көрсетіледі. Ел­басының тапсырмасына орай кәсіпкер­лікке қолдау жасайтын жаңа жоба қолға алынбақ. Мемлекет басшысы 2050 жылға таман жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу керек деп айтты. «Нұр Отан» партиясы – Елбасы саясатының басты қолдаушысы, сондықтан бұл міндетті орындауға біз бел­сене атсалысатын боламыз. Кәсіпкерлерді қолдап, олардың мүддесін қорғау пар­тияның негізгі міндеттерінің қатарына кіреді. Алматы қаласы шағын және орта бизнесті өркендетуге елеулі үлесін қосып отыр. Мұнда кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңдағы жүзеге асуы керек негізгі шаруа – кәсіпкерлер үшін қар­жының қолжетімділігін арттыру. Себебі, шағын және орта бизнес өкілдері банктерден несие алу арқылы, өз кәсіптерін дөңгелетеді. Ал несиенің пайызы бүгінде 20 пайызға дейін жоғарылап кеткен. Осы мәселені шешу үшін Үкімет тарапынан пайыз­дарды субсидиялау саясаты жүргі­зі­ліп жатыр. Біз де өз мүмкіндігімізді қосып, кәсіпкерлерге жеңілдік жасауға тырысып жатырмыз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан субсидия болсын, басқа болсын жеңілдіктер – ертеңгі күні елдің жалпы экономикасына тиімділік әкелуі тиіс. Шаруаны лайықты шешу үшін «Нұр Отан» партиясында экономистерді, банк, қаржы мамандарын шақырып талқылаймыз, нақты ұсыныстар жолдаймыз. Алдағы уақытта бизнесті қолдау, әлеуметтік түйт­кілдерді шешу және өзін-өзі жұмыспен қамту сияқты негізгі қоғамдық мәселелерге қа­тысты сараптау жұмыстарын жүргізіп,
өз қо­рытындымызды сұрыптап шығара­мыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының назарынан ша­һардың озық ойлы жастары да тыс қалған жоқ. Түстен кейін әртүрлі стартаптарды жүзеге асыратын SmArt.Point коворкинг-орталығында өнертапқыш жастармен жүздесті. Кездесу барысында Мәулен Әшім­баев жас өнертапқыштар мен инноваторларды түрлі инновациялық байқауларға тұрақты қатысып тұруға, әркез білімдерін жетілдіруге шақырды. Бұл орайда партия да тиісті қолдау көрсетпек. Оның айтуынша, жақын уақытта партия отандық ғалымдардың жұмысына жаңаша серпіліс сыйлайтын айтулы жобаны іске қоспақшы. Кездесудің бұл орталықта ұйымдастырылуы да бекер емес. Аптаның жеті күнінде тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін орталықта жастардың өз ойындағы стартап жобаларды жасауына мүмкіндіктер кеңінен қарастырылған. 50 адам еркін сыятын, қажетті техника және жиһаздар­мен жабдықталған жиналыс залы, сөйлесу бөлмелері, ойынға арналған орындар мен спортзал бар. Мәулен Әшімбаевпен кез­десуге қатысқан жастардың бірі – Айдар Дәрмеш. Халықаралық ақпараттық тех­нологиялар университетінің 4-курс студенті «Қағаз дайын» деп аталатын аппарат құрастырып шыққан. Стартаптың ерек­шелігі – адамдар кез келген жерде орналас­қан терминал құралы арқылы А4 формат­тағы қағаздарды басып шығара алады. Ақысын онлайн түрде төлейді. Жоба 5 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
Мәулен Әшімбаев Алматы қаласына жасаған сапарын «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалындағы жиынмен қорытындылады. Жиын басталмай тұрып партия Төрағасының Бірінші орынбасары филиалда жаңадан ашылған Office of political analysis кеңсесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде сараптамалық ресурс­тарды, әртүрлі болжамдарды, үлгілеулерді жедел басқаруға мол мүмкіндік бар. Содан кейін партияның алғашқы мультимедиалық музейін де тамашалады. Аумағы 10 шаршы метр болатын музейде Елбасы, Партия Төрағасының өмірбаяны LED-экраннан көрсетіліп тұрады. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Президенттің партия қызметін қайта жаңғырту мәселесі туралы кеңінен айтып, алдағы негізгі міндеттерді, басым бағыттарды атады. Жедел жүзеге асуы тиіс шаралардың қатарында – кадр­лық аудит, сараптамалық ресурстарды күшейту, партиялық білім беруді жетілдіру шаралары бар.
– Біз «Нұр Отанды» XXI ғасырдың талап­тарына сай келетін, заманауи, тиімді, жоғары технологиялы партияға айнал­дыруымыз керек. Елбасы партияның қыз­метін жаңа деңгейге көтеру туралы нақты тапсырма берді. Бұл – барлығы­мыздың жауапкершілігіміз. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Қазір бүкіл әлем жаңғырып жатыр, экономика тың белеске қарай бағыт алды. Осындай кезде партия да жаңғыру процесіне қатысуы қажет. Ол үшін артық-ауыс, қажетсіз іс-шаралардан арылып, аз болса да сапалы жұмыстарға көңіл бөлеміз. Біз Елбасының тірегі ретінде заманауи тетіктерді, меха­низмдерді қолдана отырып, мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыра аламыз деп үміттенемін, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Дереккөз: https://aikyn.kz/2018/02/28/44476.html

Абай АЙМАҒАМБЕТ